Тікелей эфир

4 пайыздық автонесие қашан басталады? Бағдарламаға көлік пен жалақы сомасына қатысты өзгерістер енгізіледі

Марат Қарабаев өзгерістерді бір айдың ішінде әзірлеу жоспарланғанын айтты.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Үкімет кулуарында жеңілдетілген автонесие қашан қосылатынын айтты. 

"Бұған дейін әр айда қайтарылған қаражат есебінен қосымша тағы да автонесиелендіруді жүзеге асыру жоспарланған еді. Бірақ, қазір айына шаққанда шамамен 1 млрд теңге қаражат қайтарылып отыр. Ол 100 көлікке ғана жетеді. Жалпы, осы уақытқа дейін 4 млрд теңге револьверлі түрде қайтарылды. Ол шамамен 400 көлікке жетеді. Енді біз орта есеппен 500 көлікке жететін, яғни 5 млрд теңгедей ақша қайтарылғанда автонесиелендірудің келесі кезеңін жариялаймыз деп отырмыз", – деді министр.

Сонымен қатар, министр автонесиелендіру жүйесі қайта қаралып жатқанын жеткізді.

"Онда бірнеше мәселе бар. Бірінші мәселе – өткен жолы автонесиелендіруге ие болғанын адамдардың аты-жөнін жариялау. Екіншісі – көлік құнының 10 пайызы көлемінде бастапқы жарна енгізу. Осы уақытқа дейін көлікке бастапқы ақша төлеу қажет емес еді. Сонымен қатар, көбірек бюджеттік көліктерге қаражат бөлу мәселесі қаралып жатыр. Бұған дейін 15 млн теңге тұратын көліктерді алуға болатын. Мысалы, Kia Sportage, Hyundai Tucson сияқты көліктер құны бойынша бағдарламаға қатыса алады. Мүмкін одан да бағасы төмен машиналарға қолданылуы мүмкін", – деді министр.

Сондай-ақ, министр жеңілдетілген автонесиеге қатыса алатын адамдар үшін жалақы шегін белгілеу туралы айтты. 

"Белгілі бір жалақыны белгілейміз, кім одан жоғары жалақы алса, автонесиеге қатыса алмайды. Яғни, несиені нақты мұқтаж жандар ғана алатын болады", – деді министр.

Марат Қарабаев өзгерістерді бір айдың ішінде әзірлеу жоспарланғанын айтты. Сонымен қатар, көлігі бар адамға жеңілдетілген несиелендіру бойынша қайтадан көлік алуға рұқсат етілмейтінін еске салды. 

Серіктестер жаңалықтары