Тікелей эфир

"25 мың гектарды кепілге қойып, банктен миллиардтар алған". СҚО-да 200 тұрғын жерінен айырылып қалғанын айтты

Тұрғындардың айтуынша, "Алиби" холдингі 199 пайшының 25 мың гектар жерін кепілге қойып, банктен бірнеше миллиард ақша алған. 

Солтүстік Қазақстан облысындағы Ялты ауылының 200-дей тұрғыны жерінен айырылып қалған. Пай иелері өзін 9 жыл бұрын әйгілі "Алиби" холдингі алдап соққанын айтты, деп хабарлайды 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.

Облыс орталығынан 300 шақырым жердегі Ялты ауылының тұрғындары осы уақытқа дейін алданып келгенін білмегенін айтады. Өздерінің айтуынша, "Алиби" холдингі 2014-2015 жылдары 199 пайшының 25 мың гектар жерін кепілге қойып, банктен бірнеше миллиард ақша алған. 

"Қазір холдинг басшысы түрмеде отыр. Жерсіз қалдық. Біз еш жерге қол қоймай, жиналыс болмай, осылай жерсіз қалып қойдық", – дейді Ялты ауылының тұрғыны Серікжан Шаяхметов. 

"Алиби" холдингінен кейін 2019 жылы ауылға "Ақсу транс логистик" серіктестігі келген. Көпшілік олар кепілдегі жерді өз иеліктеріне алып, халыққа үлесін бермеді, дейді.

"Біздегі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер үнемі ауыса береді. Пайымызды алып жүргенбіз. Бір күні сендерде жер жоқ деп айтты. Басында қалжың деп ойлағанбыз. Одан кейін (пайды) қайта берді. Сөйтсек, ол әлеуметтік көмек екен. Өз жерім барда, әлеуметтік көмектің қажеті қанша маған?" – деді Ялты ауылының тұрғыны Евгений Беляев. 

Кейінгі екі жылдан бері ауылда EL INVEST AGRO серіктестігі жұмыс істейді. Жиналған халық пай сұрап, оған да барған. Алайда кәсіпорын басшысы әкімдіктің ықпалымен халыққа тек әлеуметтік көмек беріп келеді, дейді. 


Оқи отырыңыз: Маңғыстауда бес ауылдың малы жайылатын жер кәсіпкердің меншігіне өтіп кеткен


"EL INVEST AGRO жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2022 жылы "Ялтинский2" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бұрынғы 118 үлескеріне 25,2 миллион теңге сомасында әлеуметтік төлем төлеп, 504 тонна астық қалдығын берді. Қазақстан Республикасы кәсіпкерлік кодексінің 18-бабына сәйкес, мемлекеттік органдардың кәсіпкерлік субъектілерінің істеріне араласуына жол берілмейді", – деді Ғабит Мүсірепов атындағы аудан әкімдігі өкілдері. 

15 маусымда Петропавлда экономикалық сот өтеді. Халық төрт жылға созылған тергеу жұмыстары нәтиже берсе екен деп тілеп отыр.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары