2026 жылы зейнетақы мен жәрдемақы өседі. Еңбек министрлігі олардың жаңа мөлшерін жариялады

Фото: Informburo.kz
Фото: Informburo.kz
Олардан бөлек, МӘСҚ төлемдері де артады.

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылардың барлық түрі, базалық және ынтымақты зейнетақы 10 пайызға артады, деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі. 

1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының:

  • ең төменгі мөлшері 35 596 теңгені;
  • ең жоғары мөлшері 60 005 теңгені құрайды.

Мысал: 2019 жылы зейнеткерлік демалысқа шыққан 70 жастағы зейнеткердің бюджеттен төленетін зейнетақысының мөлшері 2025 жылы 171 588 теңгені құрады, оның ішінде базалық зейнетақы төлемі – 50 851 теңге, ынтымақты зейнетақы – 120 737 теңге. 2026 жылғы 1 қаңтардағы арттыруды ескере отырып, осы зейнеткер үшін зейнетақының жалпы сомасы 192 816 теңгеге дейін ұлғаяды, оның ішінде базалық зейнетақы – 60 005 теңгені, ынтымақты зейнетақы – 132 811 теңгені құрайды. Аталған сомаларға БЖЗҚ төлемдері кірмейтінін атап өткен жөн.

1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылар мөлшері артады. 

Мысалдар:

  • 1, 2, 3 бала туғанда берілетін жәрдемақы 149 416 теңгеден 164 350 теңгеге дейін, 4 және одан да көп бала туғанда – 247 716 теңгеден 272 475 теңгеге дейін көбейеді;
  • мөлшері бала санына байланысты көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы 4 баласы бар отбасылар үшін 63 030 теңгеден 69 330 теңгеге дейін, 10 баласы барларға – 157 280 теңгеден 173 000 теңгеге дейін артады;
  • I топтағы мүгедектігі бар адамдарға арналған жәрдемақы 101 702 теңгеден 111 872 теңгеге дейін, II топтағыларға – 81 362 теңгеден 89 498 теңгеге дейін, III топтағыларға – 55 474 теңгеден 61 021 теңгеге дейін өседі.

"Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін асыраушысынан айырылу және еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша төлемдер де 10%-ға артады. Бұл төлемдер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға бюджеттен төленетін мемлекеттік жәрдемақыларға қосымша жүзеге асырылады", – делінген министрліктің хабарламасында. 

lw-3094948329-1

Серіктестер жаңалықтары