Тікелей эфир

2025 жылға дейін халықты әлеуметтік маңызы бар тауармен қамту – өзекті мәселе

depositphotos.com
depositphotos.com
Аймақ басшысы бақша дақылын өндіріп қана қоймай, оларды сақтау үшін қоймалардың салу мәселесіне баса назар аударды.

Батыс Қазақстан облысында  2025 жылға дейін әлеуметтік маңызы бар тауар құрамына кіретін картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат сияқты көкөніс өнімдерімен облыс тұрғындарын толықтай қамту мәселесі күн тәртібіне қойылды. Облыс әкімі Ғали Есқалиев кезекті іс-сапары барысында Мичурин ауылдық округіндегі "Жаңа әлем" шаруа қожалығына арнайы барды. 

Бұл қожалықтың құрылғанына он жылға жуық уақыт болған. Шаруа пияз, сәбіз, қызылша егумен айналысады. Жалпы, қожалық меншігіндегі 279 гектар егістік жердің 74-іне көкөніс дақылдары егілген болса, оның 50 гектарын пияз алып жатыр. Қалғаны сәбіз, қызылша, қияр алқаптарына арналған. Айта кетейік, мұнда пияздың әр келісінің көтерме бағасы 70-75 теңгеден сатылып жатыр. 

"Бұл жердегі баға сауда орындарына жеткенше біраз өсетіні белгілі. Оны жасайтын дәлдалдар. Соған байланысты сіздер ірі сауда орындарымен  тікелей жұмыс істесеңіздер баға көп көтерілмес еді. Егер делдалдар келсе, оларға 70 теңгеден алып, 90 теңгеден сатсаңыздар деп айтып, талап қойсаңыз, қарапайым халыққа тиімді болар еді", – деген ұсыныс айтты Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов.

"Жаңа әлем" шаруақожалығының жұмысымен танысқан өңір басшысы қожалықтың қызметіне жоғары баға берді.

"Жиым-терім жұмыстары әлі жүріп жатыр. Біз пияздан 3,5 мың тонна өнім алуды жоспарлап отырмыз. Жартысын қоймаға саламыз. Осылайша облыс нарығын тұрақты түрде жергілікті көкөніс өнімдерімен қамтып отыруға үлесімізді қосқымыз келеді", – деді шаруа қожалығының жетекшісі Анатолий Кан.

Қожалық биыл сыйымдылығы 3,2 мың тоннаны құрайтын қойма салуды қолға алды. Оня жыл соңына дейін іске қосуды көздеп отыр. Толық автоматтандырылған әрі еден арқылы желдетілетін мұндай қойманың баламасы елімізде әлі жоқ дейді шаруа қожалық жетекшісі.

Облыс әкімі Ғали Есқалиев өсімдік шаруашылығы жақсы дамыған аудандарда бақша дақылын өндіріп қана қоймай, оларды сақтау үшін қоймалардың салынуына баса назар аударады. Өйткені, өнім көп болып, қойма болмаса сақталуы қиын көкөніс өсіретін шаруалар шығынға батуы мүмкін. Тиісінше, өңір халқын әлеуметтік маңызы бар тауармен қамту үлесі де төмендеуі ықтимал.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары