Тікелей эфир

2022 жылы техникалық мамандықтарға грант саны 40-тан 60 пайызға дейін артады

Қазірге дейін 60 мыңға жуық гранттың 40 пайызы техникалық мамандықтарға бейімделген болатын.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов техникалық мамандықтарға бөлінетін грант санының қаншаға артатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, елде техникалық мамандықтарға бөлінетін грант саны 20 пайыз көбейеді. 

"Осы уақытқа дейін 60 мыңға жуық гранттың 40 пайызы техникалық мамандықтарға бейімделген болса, биыл нарық сұранысына сай гранттар үлесін көбейтеміз. Яғни аталған мамандықтарға бөлінетін грант саны 60%-ға дейін артады", – деді министр. 

Асхат Аймағамбетов былтыр алдағы жылдары және алдағы уақытта педагогика, IT және техникалық бағыттағы білім салаларына грант көбірек бөлінетінін мәлімдеген болатын

"Гранттарды министрлік өз бетінше бөлмейді. Оны үлестіретін арнайы әдістеме бар. Жұмыс берушілер, "Атамекен" палатасы және еңбекпен қамту министрлігімен грант бөлу бағыты бойынша жұмыс істейміз. Олар бізге жетіспейтін мамандар бойынша мәлімет береді, кейін нарыққа қажет және керісінше саны тым көп мамандар тізімі жасалады. Мұның алдындағы оқу жылында тек 3,5 мыңға жуық грант игерілмеді. Олар – нақты "Серпін" бағдарламасы бойынша бөлінген гранттар. Ал жалпы конкурсқа берілген гранттар толықтай игерілді деп айтуға болады. Қазірдің өзінде бізде келесі оқу жылы бойынша бұйрық бар. Сол бұйрықта гранттың нақты қай білім беру бағытына бөлінетіні туралы ақпарат көрсетілген. Ең көп бөлінетін бағыттар – педагогика, IT және техникалық білім салалары. IT бағыты бойынша грантты екі есе арттырып, санын 9 мыңнан асырдық. Гранттардың көбісін осы үш бағытқа бөліп отырмыз. Өткен жылдары да осы үш салаға көп бөлінді, келесі жылдары да осы қалыптасқан тренд өз жалғасын табады", – деді Асхат Аймағамбетов. 


Оқи отырыңыз: Асхат Аймағамбетов 2022 жылы грант көп бөлінетін 3 мамандықты атады


 

Серіктестер жаңалықтары