Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевты қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.
Қасым-Жомарт Тоқаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2025 жылғы жұмысының қорытындылары мен 2026 жылдың алғашқы бес айындағы нәтижелері туралы есепті тыңдады.
Ақорданың мәліметінше, министр Асқарбек Ертаев мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік міндеттемелер толық көлемде орындалып жатқанын баяндады. Оның айтуынша, 2025 жылы зейнетақы, базалық жәрдемақы және өзге де әлеуметтік төлемдерге 5,9 триллион теңге бағытталса, биылғы бес айда бұл мақсатқа 2,7 триллион теңге жұмсалған.
Кездесу барысында мүгедектігі бар азаматтарды қолдау және жұмыспен қамту шаралары да сөз болды. Жыл басынан бері 12 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі адам еңбекке тартылған. Сонымен қатар жыл соңына дейін мүгедектікті белгілеудің цифрлық талдау тетігін енгізу жоспарланып отыр.
Президент арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыруды тапсырып, өңірлерде жеті жаңа оңалту орталығын ашу міндетін жүктеді. Бұл ерекше қажеттілігі бар азаматтарға көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Еңбек нарығындағы ахуалға тоқталған министр елімізде 201 мыңға жуық адамның жұмыспен қамтылғанын, олардың 74,9 мыңы жастар екенін айтты. Биыл тұрақты әрі қауіпсіз еңбек жағдайы қамтамасыз етілген жұмыс орындарының санын 3,1 миллионға жеткізу көзделіп отыр.
Сондай-ақ Маңғыстау және Павлодар облыстарында жасанды интеллект негізіндегі "Жұмыспен қамтудың цифрлық қызметі" пилоттық жобасын іске қосу жоспарланған.
Министр еңбек қатынастарын цифрландыру бағытындағы жұмыстар туралы да есеп берді. Қазіргі таңда электронды форматта 6,7 миллион еңбек шарты рәсімделген. Сонымен қатар 118 мыңнан астам қызметкер міндетті сақтандырумен қамтылып, еңбек инспекторларының араласуымен 22 мыңнан астам жұмыскердің құқығы қорғалған.
Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы саланы одан әрі цифрландыруды, еңбек адамдарының құқықтарын қорғауды, әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтарды қолдауды және әлеуметтік масылдықпен күресуді күшейту жөнінде бірқатар тапсырма берді. Президент барлық бастамалар халықтың әл-ауқатын арттыруға қызмет етуге тиіс екенін атап өтті.