Депутат бұл мәселені АҚШ-қа Work and Travel бағдарламасымен барған 200-ге жуық қазақстандық студенттің басынан өткен жағдайдан кейін көтерді. Жастар сапар барысында баспана мен көлік мәселесіне тап болып, қосымша шығынға ұшырағанын айтқан, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Петровтың айтуынша, жастарды шетелге тағылымдамаға, жұмысқа және алмасу бағдарламаларына жіберетін делдал компаниялардың қызметін жүйелеу қажет. Ол мұндай ұйымдарға міндетті аккредиттеу енгізуді, шетелдегі ресми қабылдаушы ұйымдармен тікелей келісімшарт жасауды және аккредиттелген компаниялардың ашық тізімін құруды ұсынды.
Депутаттың сөзінше, шетелге шығатын азаматтарды қорғау үшін компаниялар арнайы резервтік қор құруы немесе сақтандыру тетігін қолдануы керек. Бұл қаражат компания банкрот болған не қызметін тоқтатқан жағдайда азаматтарды шұғыл түрде елге қайтару және тиісті шығындарды өтеу үшін пайдаланылмақ.
"Еуропалық одақ елдерінде мұндай жағдайларға арнайы кепілдік жүйесі қарастырылған. Компания дағдарысқа ұшыраса немесе банкрот болса, азаматтарды елге шұғыл қайтаруға және шығынын өтеуге арналған қор жұмыс істейді. Ал Қазақстанда жастарды тағылымдамаға және басқа да бағдарламалармен шетелге жіберетін делдалдардың қызметі әлі де тиісті деңгейде лицензияланып, бақылауға алынбаған", – деді Константин Петров.
Осыған байланысты депутат халықаралық сапарлар мен жастар алмасу бағдарламаларын ұйымдастыратын компаниялардың жауапкершілігін заңнамалық тұрғыда нақтылауды ұсынды.