Өткен маусымда Shymbulak тау курорты 1,5 миллионнан астам қонақ қабылдады. Бұл көрсеткіш туристік ағынның тұрақты өсіп келе жатқанын көрсетеді. Қонақтар санының артуы инженерлік жүйелерді жаңғыртуды, сервисті жетілдіруді және қауіпсіздік талаптарын күшейтуді қажет етеді.
Сервис пен инфрақұрылым
Баспасөз туры "Медеу" базалық станциясынан басталды. Қайта жаңғырту нәтижесінде мұнда сырғанау жабдықтарын жалға беру және сақтау аймақтары шоғырландырылған. Қызмет көрсету "бір терезе" қағидаты бойынша жүзеге асады, ал сақтау локерлерінің саны арттырылған.
Сондай-ақ "Шымбұлақ" станциясында кәсіби райдерлерге арналған жалға беру және сақтау нүктелері жұмыс істейді. Бұл қарбалас кезеңдерде қызмет көрсету уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Ағымдағы маусымда тау шаңғысы жабдықтары жаңартылған.
Орта станцияда кафе мен дүкені бар жаңа павильон пайдалануға берілді. Курорт аумағындағы негізгі станциялар мен аспалы жол бойында интернетке қосылу мүмкіндігі қарастырылған.
2025-2026 маусымында сервисті цифрлық бақылау жүйесі енгізілді. Қонақтар инфоорталықтарда, тау шаңғысы және сноуборд мектебінде, сондай-ақ курорттың ресми сайтында орналасқан QR-кодтар арқылы ұсыныстар мен пікірлер қалдыра алады. Бұл қызмет сапасын жүйелі түрде талдауға мүмкіндік береді.
Жаңа маусымда санитарлық инфрақұрылымды дамытуға да назар аударылған. Курорттың негізгі аймақтарында, соның ішінде биік таулы және адам көп жиналатын станцияларда дәретханалар жаңартылып, халықаралық стандарттар мен кедергісіз орта талаптары ескерілген.
Қауіпсіздік және оқыту
"Шымбұлақ" станциясында тау шаңғысы және сноуборд мектебінің жұмысы таныстырылды. Биыл мұнда 100-ден астам инструктор еңбек етеді, сабақтар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде өткізіледі. Жаңадан бастаушылар үшін топтық сабақтар қарастырылған.
Сондай-ақ мектеп аясында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған адаптивті сырғанау бағыты жүзеге асырылып келеді.
Техникалық дайындық
Қонақтар санының артуына байланысты инженерлік жүйелердің жұмысына ерекше көңіл бөлінген. Баспасөз туры барысында ратрак паркі, жасанды қар жасау жүйелері және аспалы жолдардың қызметі көрсетілді. Курортта халықаралық тәжірибені ескере отырып, техникалық және операциялық үдерістерді жетілдіру бағыттары қарастырылуда.
Қысқы маусымның басталуы ауа райы жағдайына байланысты. Биыл жылы ауа райына байланысты курорт әдеттегіден кеш ашылды. Қар жамылғысы жеткілікті деңгейге жеткен соң сырғанау аймағы кезең-кезеңімен кеңейтіледі.
Экология және көлік
Курорт үшін таулы экожүйені сақтау басым бағыттардың бірі болып қала береді. Антропогендік жүктемені азайту мақсатында қала мен курорт арасында қоғамдық көлік бағыттарын дамыту бастамалары қолдау табуда.
Сонымен қатар табиғи аумақтарды қалпына келтіру бағытында орманды аймақтарды көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, биыл курорт аумағында 500 көшет отырғызылды.
Тарифтер және қолжетімділік
Ски-пасстардың бағасына өзгерістер тек соңғы маусымдарда енгізілді. Баға түзетулері инфрақұрылымды күтіп ұстау, техникалық жаңарту және қауіпсіздікті қамтамасыз ету шығындарымен байланысты.
Қолжетімділікті арттыру мақсатында сараланған тарифтер, әртүрлі уақыт аралығына арналған бағалар, бастаушылар мен балаларға арналған жеңілдіктер қарастырылған. Маусымаралық кезеңде сырғанау құны төмендейді.
Әлеуметтік бағыт
Курорт әлеуметтік қолжетімділікке басымдық береді. Белгілі бір санаттағы азаматтар үшін арқанжол қызметтері тегін немесе жеңілдікпен ұсынылады. Өткен жылы әлеуметтік осал топтарға жататын шамамен 190 мың адам курорт қызметін пайдаланған.
Жаңа мұз айдыны
Қысқы инфрақұрылым нысандарының бірі – теңіз деңгейінен 2260 метр биіктікте орналасқан биік таулы мұз айдыны. Оның аумағы 800 шаршы метрді құрайды. Мұз айдыны ауа райының өзгерісіне қарамастан тұрақты жұмыс істеуге бейімделген және отбасылық демалыс мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Экономикалық маңызы
Shymbulak тау курорты өңірдегі ірі жұмыс берушілердің бірі саналады. Қысқы маусымда мұнда мыңнан астам адам еңбек етеді. Туристік ағын көлік, қонақүй, қоғамдық тамақтану және сауда салаларының дамуына ықпал етіп, Алматыны тау туризмі орталығы ретінде ілгерілетуге үлес қосады.