Бортында 1700-ден астан адам болған Ambition туристік кемесі Францияның Бордо портында карантинге жабылды. Бұған кемедегі 90 жастағы британдық жолаушының норовирус жұқтырды деген күдікпен қайтыс болуы себеп болған, деп хабарлайды "Русская служба BBC".
Француз билігінің мәліметінше, Ambassador Cruise Line компаниясына тиесілі кемеде 1233 жолаушы мен 514 экипаж мүшесі бар. Қазіргі уақытта жолаушыларды кемеден түсіру уақытша тоқтатылып, санитарлық тексеру жүргізіліп жатыр. Алдын ала деректер бойынша, марқұмнан гастроэнтерит белгілері анықталған. Сонымен қатар шамамен 50 жолаушы мен экипаж мүшесінде құсу мен диарея сияқты ұқсас симптомдар байқалған.
Ambition кемесі Шетланд аралдарынан басталған сапардан кейін 12 мамырда Бордоға жеткен. Бұған дейін кеме Ливерпуль, Белфаст және Брест қалаларына тоқтаған. Жолаушылардың басым бөлігі — Ұлыбритания мен Ирландия азаматтары. Компания борттағы гигиеналық шараларды күшейткенін хабарлады. Францияның санитарлық қызметтері зертханалық тексеру нәтижелерін күтіп отыр.
Норовирус — өте жұқпалы инфекциялардың бірі. Ол көбіне круиздік кемелерде тығыз байланыс пен ортақ тамақтану орындары арқылы тез таралады. Әсіресе егде жастағы адамдар үшін қауіпті болуы мүмкін.
Айта кетейік, бұл 2026 жылы круиздік кемелерде тіркелген алғашқы індет емес. Бұған дейін MV Hondius круиздік кемесінде хантавирус тарап, үш жолаушы қайтыс болған еді.