Алматы облысының прокуратурасы 2024 жылдың 4 қазаны күні адам қолынан қаза тапқан 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты мәлімдеме жасады.
Айта кетейік, 7 қазанда баланың әкесі әлеуметтік желі арқылы Бас прокурор Берік Асыловқа үндеу жасап, жергілікті құқық қорғау органдары тергеуде заң бұзып отыр деген еді. Бүгін облыстық прокуратура істің обьективті түрде тергелетініне кепілдік берді.
"Өздеріңіз білетіндей, биыл 4 қазанда Талғар қаласында төбелес орын алып, қаланың 16 жастағы тұрғыны пышақталып қаза болды. Тағы екі азамат ауыр жарақат алды. Біз қоғамның толқуын түсінеміз және баланың отбасына көңіл айтамыз. Прокуратура органдары кісі өлтіру бұл істі ерекше бақылауына алғанын ресми түрде мәлімдейміз", – деп жазылған прокуратураның ақпаратында.
Дереккөз бойынша, осы қылмысты жасады деген күдік бойынша сот жеті адамды 2 ай мерзімге қамаған.
"Біз жағдайды толық анықтап, кінәлілердің бәрін жауапқа тартатындай обьективті тергеу жүретініне кепілдік береміз. Осы қылмысқа қатысы бар адамдарды жауапкершіліктен босататындай ешқандай әрекет болмайтынына сендіреміз. Тергеуге көмектесетін ақпарат білсеңіз, прокуратура немесе ішкі істер органдарына жүгінуге шақырамыз", – делінген хабарламада.