13 шілдеде Қазақстанның басым бөлігінде аптап ыстық сақталады. Кейбір өңірлерде ауа температурасы +45 градусқа дейін көтерілсе, бірқатар облыста өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Бұл туралы "Қазгидромет" хабарлады.
Синоптиктердің болжамынша, ең ыстық ауа райы Қызылорда облысында болады. Мұнда күндіз ауа температурасы +43…+45 градусқа дейін көтеріледі. Түркістан облысында +41…+43, Жезқазған мен Шымкентте +39…+41, Таразда +37…+39, Қонаевта +36…+38 градус ыстық күтіледі.
Алматыда жауын-шашынсыз ауа райы сақталып, күндіз ауа температурасы +34…+36 градусқа дейін жетеді. Астанада да күн ашық болып, термометр бағаны +35…+37 градусты көрсетеді.
Батыс және солтүстік өңірлердің бір бөлігінде ауа райы құбылмалы болады. Ақтөбе, Орал, Қостанай, Көкшетау және Петропавлда өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Бұл қалаларда күндізгі ауа температурасы +30…+36 градус аралығында болады.
Оқи отырыңыз: Көк нөмір көбейді: Қытайда тіркелген көліктер Қазақстанда жол ережесін бұзса, камера тіркей ме
Өскемен, Семей, Павлодар, Қарағанды, Талдықорған, Ақтау және Атырауда жауын-шашын күтілмейді. Күндіз ауа температурасы +32…+36 градус шамасында сақталады.
Мамандар тұрғындарға күннің ең ыстық уақытында ұзақ уақыт сыртта жүрмеуге, жеткілікті мөлшерде су ішіп, күннен қорғану шараларын сақтауға кеңес береді.