Тікелей эфир

Қазақстандық 113 азамат "Болашақ" халықаралық стипендиясының иегері атанды

Алғаш рет 500 ғалым әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтеді.

Шешім Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысында қабылданды. Конкурстық іріктеуден өткен стипендиаттар енді магистратура мен докторантурада оқиды немесе әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында Қазақстанда сұранысқа ие мамандықтар бойынша тағылымдамадан өтетін болады. 

"Болашақ" стипендиясын тағайындау үш рет өткізіліп, қорытындысы маусым, тамыз және қараша айларында шығарылады.
Стипендиялар медицина, жаратылыстану және әлеуметтік ғылымдар, білім беру, инновациялар мен жаңа технологиялар, креативті индустрия, сондай-ақ, индустриялық инженерия бағыттары бойынша бөлінген.

"2021 жылы "Болашақ" бағдарламасы бойынша оқуға барлығы 1 055 стипендия бөлінді, оның ішінде 555 стипендия магистратура, резидентура, докторантура бағдарламалары бойынша берілді. Сонымен қатар, биыл алғаш рет "Ғалымдар" тағылымдамасының жаңа санаты бойынша 500 стипендия бөлінді. Енді жыл сайын елдегі 500 ғалым әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтіп, соның ішінде осы орталықтардың зертханаларында бірлескен зерттеулер жүргізе алады. Біз ғалымдарымызды белсенділік танытып, шәкіртақы тағайындауға қатысуға шақырамыз", – деді білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.

Еске сала кетейік, "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжаттарды қабылдау 4 мамырдан басталып, 28 қазанға дейін жалғасады.

Серіктестер жаңалықтары