Вusiness.enbek.kz порталында 2023 жылғы 11 қыркүйектен бастап 3-лек бойынша жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін гранттар алуға өтінімдер қабылдау басталады. Еңбек министрлігінің мәліметінше, ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге 400 АЕК, яғни 1,38 млн теңге сомасында 3 780 грант тегін беріледі.
Гранттар қайтарымсыз негізде беріледі. Негізгі мақсат – жаңа бизнесті бастау және дамыту. Грант көлемі 400 АЕК-ті (1 380 000 теңге) құрайды. Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады.
Грант қаражаты ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Өтінім беру үшін не істеу қажет?
- порталда тіркелу;
- грант алу шарттарына сәйкестігіне тексеруден өту;
- бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға енгізу;
- өтініш нысанын толтыру және ЭЦҚ кілтімен қол қою.
Интернетке немесе компьютерге қолжетімділік болмаған жағдайда, мансап орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында өтінім беруге болады.
Оқи отырыңыз: Кәсіп бастауға қалай 1,4 млн теңге қайтарымсыз грант алуға болады? Шағын нұсқаулық.
Грант алу үшін бірқатар шарттарды сақтау қажет.
Жаңа бизнес-идеяны іске асыруға грант алуға кім үміткер бола алады?
тіркелген жұмыссыздар;
жеке кәсіпкерлер (тіркеу мерзімі 3 жылға дейін).
Бұл ретте үміткер төмендегі әлеуметтік санаттардың бірінен болу керек:
- мүгедектігі бар адамдар;
- қолданыстағы "қандас" мәртебесі бар адамдар;
- өңіраралық қоныс аударушылар
- аз қамтылған отбасы мүшелері;
- көпбалалы отбасы мүшесі (жұбайы / зайыбы);
- мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам (жұбайы / зайыбы);
- асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар.
Оқи отырыңыз: Астанада жаңа бизнес-идея үшін 5 млн теңге грант алуға өтінім қабылдау басталды.
Үміткердің "Бастау Бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы 3 жылдан аспайтын мерзімге сертификаты болуы тиіс.
Рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету, адами факторды азайту, өтініш берушілерге ыңғайлы болу үшін гранттар берудің бүкіл процесі электрондық форматқа ауыстырылды. Грант алуға өтінімдерді қабылдау бірыңғай терезе – Business.enbek.kz порталы арқылы жүзеге асырылады.