Заң бұзған азаматқа 103,5 мың теңге сомасында айыппұл салынбақ. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады.
22 қыркүйекте "Дубай-Алматы" рейсін кедендік бақылау кезінде жеке тұлғаның декларацияланбаған 34 дана iPhone 15 телефондарын әкелу әрекетінің жолы кесілді. Телефондардың алдын-ала есептелген кедендік құны – 25,3 млн теңгені, келтірілген шығын көлемі – 3,1 млн теңгені құрайды.
"Ұялы телефондар жеке тауарлар санатына жатады және жеке тұлғалар оны кедендік шекара арқылы өткізген кезде олардың саны бір адамға екі бірліктен аспауы тиіс. Тәркіленген тауарлар кедендік рәсімдеуден өту және рұқсат құжаттарын жасату үшін уақытша сақтау қоймасына жіберілді", – деп жазылған хабарламада.
Оқи отырыңыз: Отызға жуық ителгіні Қазақстаннан Таяу Шығысқа шығармақ болғандар ұсталды.
Ұялы телефондарды декларациялаусыз әкелуге әрекет жасаған адам 103 500 теңге айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады.