Тікелей эфир

10 тұрғын мен 124 түйені шаққан: Атырау облысында қарақұрт қаптады

Атырау облысының Индер ауданында қарақұрт 124 түйені шағып, оның 16-ы өлген. 10 тұрғынды шаққан, олардың бәріне дер кезінде медициниалық көмек берілген. 

Атырау облысының Индер ауданында төтенше жағдай жариялануы мүмкін. Өйткені өңірде қарақұрт қаптап, адамдар мен төрт түлікті жаппай шағып жатыр, деп хабарлайды 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы. 

Жағдай әсіресе Көктоғай, Елтай және Бөдене ауылдарында ушығып тұр. Бүгінге дейін осы елдімекендерде 124 түйені қарақұрт шағып, оның 16-сы өлген. Қалғанын иелері емдеп, аман алып қалған. 

Мамандардың айтуынша, күн ысыған сайын қарақұрттың уы күшейе береді. Сондықтан дәрігерге дер кезінде бару керек.

Қауіпті зиянкес қазіргі күнге дейін 10 тұрғынды шаққан. Бәріне медициналық көмек беріліп, үйіне қайтарылған.

"Биыл күн ысығалы қаптап кетті. Ауылдағы шарбақтарда да толып жүр. Өзім өлтірдім кеше. Екі жұма бұрын менің түйемді шақты, содан ветеринария бөліміне барып емдеттім", – дейді ауыл тұрғыны Қайрат Шәлекенов. 

Тұрғындардың айтуынша, жағдай жергілікті басшыларға айтылғанымен, қазір аудан, облыс көлемінде ешқандай шара қолға алынып жатқан жоқ. 

"Малды қарақұрт шаққанын жедел түрде ветеринария мамандарына хабарлап, емдік шарасын тездетіп алуды сұраймыз. Былтырғы көрсеткішке қарағанда биыл қарақұрт шаққан жағдайдың темпі өте жоғары болып отыр", – дейді Индер аудандық ветеринариялық станция басшысының орынбасары Ержан Әбішев. 

Ветеринария бөліміндегілер қарақұрт көбейе берсе, ауданда төтенше жағдай жариялануы мүмкін дейді. 

Биыл жалпы облысқа зиянкестермен күрес жұмысына жергілікті бюджеттен 56 миллион теңге бөлінген.  

Серіктестер жаңалықтары