Түркістан өңірінде халықтың әл-ауқатын арттыру мен еңбек нарығын тұрақтандыру бағытындағы жұмыстар жаңа белеске шықты. 2025 жылдың қорытындысы бойынша, "Өңірлік жұмыспен қамту картасы" жоспары асыра орындалып, облыс республикалық деңгейде айтарлықтай нәтиже көрсеткен. Осы орайда, Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мекенхан Қозыханұлы өткен жылдың негізгі көрсеткіштері мен өңірдегі 147 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік берген жобалар мен "10 мың тұрғынға – 100 жаңа жұмыс орны" бастамасының нәтижелері туралы айтып берді.
Облыста бір жылда жүз мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып, ірі өндіріс орындары мен инфрақұрылымдық нысандар іске қосылған.
"Өңірлік жұмыспен қамту картасының аясында бір жылда облысымыз бойынша 130 769 жаңа жұмыс орнын ашуды стратегиялық мақсат етіп қойған болатынбыз. Бұл – жай ғана статистика емес, бұл – бүкіл еліміз бойынша құрылуы тиіс 903 198 жұмыс орнының 14,5 пайызы. Осы көрсеткіштің өзі-ақ Түркістан облысының жаңа жұмыс орындарын құру мен еңбек нарығын жандандыру жағынан республикада көш бастап тұрғанын айқын аңғартады. Біздің өңір халық тығыз орналасқан аймақ болғандықтан, жұмыссыздық мәселесін шешу – басты басымдығымыз. Жалпы, жұмыс орындарын ашу процесін біз төрт негізгі бағытқа бөлдік. Әр бағыттың өзіндік маңызы мен тетігі бар. Мәселен, Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен қолға алынған "10 мың тұрғынға – 100 жаңа жұмыс орны" концепциясы біздің облыста өте серпінді жүзеге асып, 22 595 адамды еңбекпен қамтуға мүмкіндік берді. Бұл бастама әсіресе ауылдық жерлердегі шағын және орта бизнестің аяққа тұруына үлкен демеу болды", – деді басқарма өкілі Мекенхан Қозыханұлы.
Сондай-ақ, ол жылдық жоспардың толықтай орындалып, 50 мыңнан астам тұрғынның нақты мамандықтар бойынша жұмысқа кіргенін хабарлады.
Оқи отырыңыз: Технологияның қарқынды дамып жатқаны соншалық, Қазақстанның цифрлық келешегіне алаңдай бастайсың – Тоқаев
"Жұмыспен қамтудың белсенді шаралары арқылы, яғни мемлекеттік субсидияланатын жұмыс орындары, жастар практикасы мен әлеуметтік жобалар арқылы 46 879 адам қамтылды. Сонымен қатар, еңбек нарығындағы бос жұмыс орындарына сұраныс білдірген 57 221 азаматты нақты мамандықтары бойынша орналастыруды көздедік. Жыл қорытындысына келер болсақ, атқарылған жүйелі жұмыстың нәтижесі күткенімізден де асып түсті. Есепті кезеңде жалпы саны 147 719 тұрғынымыз тұрақты табыс көзін тауып, жұмысқа тұрды. Бұл жерде сапалық көрсеткішке де мән берген жөн: қамтылғандардың 100 046-сы – тұрақты жұмысқа, ал 47 673-і – маусымдық немесе уақытша жұмыс орындарына қабылданды. Осылайша, жылдық жоспарымыз 113 пайызға орындалды деп сеніммен айта аламыз. Ең бастысы, бұл деректердің барлығы ашық әрі нақты. Себебі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әрбір жұмыс орнының растығын, жоспардың қалай орындалғанын азаматтардың есепшотына түсетін міндетті әлеуметтік аударымдар арқылы тікелей бақылай алады. Яғни, зейнетақы жарнасы аударылмаған адам жұмыспен қамтылғандардың тізіміне кірмейді. Бұл біздің жұмысымыздың айқындығы мен мемлекет алдындағы жауапкершілігіміздің кепілі", – деді басқарма басшысы Мекенхан Қозыханұлы.
Жоспарға сәйкес, жергілікті басқарушы органдар ұсынысы негізінде облыста тағы төрт мыңнан астам жұмыс орны ашылған.
"Мемлекет басшысы бекіткен Ұлттық жобалар мен тұжырымдамалар – біздің жұмысымыздың негізгі тетігі. Осы бағыт аясында өңірімізде 375 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру арқылы 4074 жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарлаған едік. Айта кетерлігі, бұл жобалардың әрқайсысы кездейсоқ таңдалған жоқ; олар аудан және қала әкімдіктерінің жергілікті халықтың қажеттілігіне қарай берген ұсыныстары негізінде іріктеліп, облыстық басқармалардың жіті сүзгісінен өтіп, мақұлданды. Жалпы құрылымға тоқталсақ, облыстық басқармалар тікелей бюджет әкімшісі ретінде 246 жобаға жауапты болса, қалған 129 жоба аудан мен қала әкімдіктері арқылы жүзеге асырылуы тиіс еді. Жыл соңындағы қорытынды бойынша 349 жоба толықтай өміршеңдігін дәлелдеп, нәтижесінде 4333 азаматымыз еңбекке тартылды. Осылайша, бұл бағыттағы жылдық жоспарымыз 106,4 пайызды құрап, межеден асып түсті", – деп қорытты басқарма өкілі.
USD:
480.1 / 483.1
EUR:
554.5 / 559.5
RUB:
5.87 / 6.07