Тікелей эфир

1 қыркүйектен бастап дәрігерлер мен фармацевтердің жалақысы тағы өседі

Бұл жаңалықтың 22 мыңға жуық адамға қатысы бар.

Денсаулық сақтау министрлігі мемлекет басшысының дәрігерлердің жалақысын 30 пайызға, ал орта медициналық қызметкерлердікін 20 пайызға арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау үшін 1 қыркүйектен бастап олардың жалақысын тағы өсіруді көздеп отыр. Министрліктің түсіндіруінше, бұған дейін белгіленген коэффициенттер президент тапсырмасын орындауға жеткіліксіз болып шыққан.

Еске салайық, мемлекет бюджетінен қаржыландырылатын қызметкерлердің жалақысын арттыру жөніндегі Үкімет қаулысында 2021, 2022, 2023 жылдар басында жұмысшылардың лауазымдық ақысына қосылатын түзету коэффициенттері нақтыланған болатын. Соған сәйкес, дәрігерлерге 2023 жыл басынан 2,73, ал орта медицина қызметкерлері үшін 2,73 коэффициенті қолданылып келеді. Қаулы бойынша, бұл коэффициент алдағы жылдары да қолданылуы тиіс болған.


Оқи отырыңыз: Дәрігерлердің орташа жалақысы 421 мың теңгеге жетті


Алайда, Денсаулық сақтау министрлігінің түсіндіруінше, бұл түзету коэффициенттері дәрігерлердің жалақысын 30 пайызға, ал орта медициналық қызметкерлердікін 20 пайызға арттыруды қамтамасыз етпейді.

Сондықтан 1 қыркүйектен бастап дәрігерлер үшін түзету коэффициентін 3,42-ге, ал орта медициналық қызметкерлер үшін 2,43-ке көтеру жоспарланып отыр.

Бұл өз кезегінде қосымша бюджет шығын қажет етеді. Атап айтқанда, 2023-2025 жылдар үшін 36 млрд теңгеден астам қосымша қаражат қажет болса, оның 5 миллиард теңгеден астамы биылдың еншісінде.


Оқи отырыңыз: Мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысын көтеруге триллионға жуық теңге жұмсалды


Құжат жобасын жария талқылау мерзімі – 28 шілдеге дейін.

Серіктестер жаңалықтары