Доллар бірден 5 теңгеге арзандады
Қазақстандық қор биржасының таңертеңгілік сауда сессиясында АҚШ валютасы 361 теңгеге бағаланды. Кеше 1 АҚШ доллары 365,93 теңгеге сатылған. Еліміздің валюта айырбастау бекеттерінде долларды 361-361,5 теңгеге сатып алып, 363 теңгеге сатып жатыр.
Майлы тағам өлімге апарады
Қазақстан – жұқпалы емес аурулардан болатын өлім қаупі аса жоғары он мемлекеттің біреуі деп хабарлайды Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы. Оның мәліметтеріне сәйкес, жүрек-қан тамырлары жүйесінің аурулары, қатерлі ісік, созылмалы респираторлық аурулардан (тыныс жолдарының аурулары, демікпе) және қант диабеті дертінен әлемде жыл сайын 41 млн адам өледі. Бұл – барлық өлім көрсеткішінің 71%.
"Бұл жағдайға еліміздің медицина саласын кінәлаудың қажеті жоқ. Оған адамдардың өздері кінәлі, науқастардың ішімдік ішуі, майлы тағамдар жеуі, сондай-ақ салауатты өмір салтын ұстанбауы себеп", – дейді "Аман-саулық" ҚҚ директоры Б.Түменов.
Елімізде ажырасу жылдан жылға көбейіп барады
Соңғы он жылдықта 1,5 млн қазақстандық некеге тұрған. Осы уақыт ішінде оның жарты миллионнан астамы ажырасып кеткен. Ажырасудың ең көп фактісі – Қарағанды облысында, ал, ең төменгі көрсеткіш – Батыс Қазақстан облысында тіркелген.
ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті ұсынған деректерге сүйенсек, ажырасушылардың басым бөлігі 5-9 жыл некеде тұрған 30-34 жас аралығындағы азаматтар екен. Олардың жартысынан көбінде ортақ балалары бар.
Статистика мәліметтері көрсеткендей, ажырасу фактісі ауылдан гөрі қалада көп тіркелген. 2018 жылдың қаңтар-шілде айларындағы көрсеткіштер бойынша, некеге тұрушы ер адамдардың орташа жасы – 29, әйелдердікі – 26 болған.
Қазақстанда 15 компания еңбек кітапшасынан бас тартып, электронды еңбек шартына көшті
Dizzy энергетикалық сусынынан натрий бензоаты табылмады
Сусынға зертханалық зерттеу жүргізген ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қоғамдық денсаулықты сақтау комитеті осылай деп мәлімдеді. Алайда, өнімді тәуліктік дозасынан артық пайдалану бүйрек пен бауырды зақымдайды, қатерлі ісіктің пайда болуына ықпал етеді деп ескертеді мамандар.
Мемлекеттік органдар қызметтік көлік сатып алуда бюджет қаржысын үнемдеуде
Жыл басынан бері мемлекеттік мекемелер сатып алған 2667 автокөліктің 96% – отандық өнім. Шетелдік көліктердің үлесі 12%-дан 4%-ға төмендеген. Меморгандар жыл басынан бері қызметтік көлік сатып алуға 16,6 млрд теңге жұмсаған. Өткен жылы бұл көрсеткіш – 26,6 млрд теңгені құраған. Мемлекеттік қызметкерлердің басым бөлігі Lada (4х4) маркалы көлігін мінеді екен.
"Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі" (ТҚЖБ) Алматы әкімдігі беретін пәтерлерге құжаттар қабылдайтынын хабарлайды
"Нұрлы жер" бағдарамасы аясында "Саялы" ықшамауданындағы пәтерлердің бір шаршы метрі – 179 мыңнан сатылады. Бұл нарықтағы бағадан екі есеге арзан дейді ТҚЖБ мамандары. Желтоқсан айының басында 886 пәтерге иелері қоныстанады. Тағы 621 пәтерді сатып алуға өтінімдер қараша айынан бастап қабылданады.
Өтінім беру үшін депозитте үй құнының кемі 20% болуы тиіс. Мәселен, 6,3 млн тұратын бір бөлмелі пәтерге депозитке 1,2 млн теңге құю жеткілікті. Ай сайынғы орташа төлем 52 500 теңгені құрайды.
"Саялы" шағын ауданында 1999 пәтерлік 45 үй салынып жатыр. Әзірге тұрғындарға қажетті мектеп, бала бақша, аурухана мұнда жоқ. Шенеуніктер әлеуметтік нысандар 2020 жылға қарай бой көтеруі тиіс деп сендіреді.
Қазақстанның басқа БАҚ не жазды:
Baq.kz: Астанада бірнеше көше уақытша жабылады. А. Иманов көшесінен бастап А. Пушкин көшесіне дейінгі бөлікте, А. Янушкевич көшесін асфальттау жұмыстарын бастау жоспарланып отыр. Осыған байланысты, қазан айының 23-нен 27-не дейін көрсетілген аумақта автокөліктердің қозғалысы шектеледі.
Sputniknews.kz: Қазақстанда сотталған дөкейлер жазасын қайда өтеп жатыр? Қазақстандық бизнесмен Мұратхан Тоқмәди мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Нартай Дүтбаев Алматы қаласы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің аралас қауіпсіздік мекемесінде. Шымкенттің сыра зауытының иесі Тоқтар Төлешов Шымкент қаласындағы колонияда. Биыл наурыз айында он жылға сотталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Түркістан облысы бойынша ҚАЖД-ның максималды қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеп жатыр.