Тікелей эфир

Моңғолияға сапар: Арқадан Алтайға дейінгі ұзақ жол

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
Монғолияға баратындар көбіне Ресейдің Алтай өлкесін, Алтай Республикасын басып өтіп, Моңғолияның Баян Өлгей аймағына шығады. Жол бойы қызық көп.

"Атың барда жер таны желіп жүріп, асың барда ел таны беріп жүріп" деген екен аталарымыз. Іздегенге сұраған дегендей, Қожаберген батырдың 320 жылдығы мерейтойына орай Моңғолияға барудың реті түсті. Батыр бабамыздың ұрпақтары Астанадан Моңғолияға мәдени сапар ұйымдастырды.


Астана Павлодар тасжолының 65 пайызы осындай.

Астана – Павлодар тасжолының 65 пайызы осындай / Фото informburo.kz


Біз бір көлікте төрт адамбыз. Қасымда атақты Сегіз Серіні зерттеуші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Оспан Серік Кәрібайұлы, екіншісі – Амангелді Құрметұлы көлік тізгінінде. Амангелді – төртбақ, дембелшелеу келген сары жігіт, "Айқын" газетінің астанадағы жетекшісі. Оның үстіне Қазақ радиосында, телеарналарда үнемі сараптама жүргізетін саясаткерлігі тағы бар. Әр сөз бен әр істен астар іздеген сақтанымпаз азамат. Үшінші азамат – қарағандылық, көмір шахтасының маманы. Ол да – әр істі әлденеше рет қадағаламаса басы ауыратын, тақауырлатуды бойына сіңірген еңселі сары жігіт, Жұлдызбек Қойшыбайұлы.

Амангелді мен Жұлдызбектің туған жерлері Моңғолияның Баян Өлгей аймағы болғандықтан, аталған өлкеге жиі барады екен. Біздің жолбасшыларымыз да солар.


Біздің сапарластар

Сапарластар / Фото informburo.kz


Біз Астанадан жеке көлікпен шықтық

Сапарымызды наурыздың бес күндік демалысына туралаған болатынбыз. Жол алыс, 2000 шақырымнан асады. Астана – Павлодар тас жолынан кейін, Шарбақты ауданы арқылы Ресейдің Құлынды ауданына өтесіз. Одан әрмен Алтай өлкесінің Барнауыл қаласын басып Алтай Республикасына, сосын мұндағы Қош ағаш ауданы арқылы Моңғолияның Баян Өлгей аймағына кіреді екенбіз.

Баян Өлгей аймағынан Қазақстанға келіп қоныстанған қандастарымыз көп болғандықтан, бұл аймаққа әр күні қатынайтын автобустар мен аралық таксилер қайшылысып жатады десек артық болмас. Астанадан Баян Өлгейге дейін апаратын такси пұлы 15000 теңгеден. Ал Павлодардан ары 12000 теңгеге келісуге болады.

Ал жер көріп, емін-еркін аралағыңыз келсе, әрине жеке көлікпен шыққан дұрыс. Біз Амангелдінің Шкода маркалы жеңіл көлігіне отырдық. Жанармайға да үнемді. Алыс жолда 100 шақырым үшін бар болғаны 6-7 литр бензин жағады. Сақтықта қорлық жоқ. Көлікті алыс жолға шығар алдында моторы мен қозғалтқышының майларын ауыстырып, жалпы тексерістен өткізіпті.

Іске сәт: Моңғолияға да, Ресейге де виза жоқ

Астанадан 18 наурыз күні таңда аттандық. Күн жылы, жол айнадай. Астана – Павлодар тасжолының 75 пайыздайы төселіп біткен екен. Түске таман Павлодар қаласына 15 шақырым қалғанда қасымыздағы қосшы Тойота Прадо маркалы дәу көліктен ақау шығып, қақалған соң, тоқтауға тура келді.


Павлодар қаласына 17 шақырым жол юойындағы "Ресей сақтандыруының" жарнамасы тұр

Павлодар қаласына 17 шақырым жол бойында ресейлік сақтандыру компаниясының жарнамасы тұр / Фото informburo.kz


Ресейге сапарлап шыққан көлік жүргізушілерге:

Есіңізде болсын, мұнда жеке көлікпен баратындар үшін Ресейдің сақтандыру полисін алу міндетті. Оның үстіне сенімхат арқылы жүрсеңіз, оның ішінде "шетелде жүргізуге" деп берген арнайы рұқсаты болуы керек. "Басқаруға және сатуға" деп берілген сенімхат жарамсыз.

Жүргізу куәлігі мен көліктің және өзіңіздің төлқұжатыңыз жаныңызда болуы керек.

Қазақстан – Ресей шекарасы 24 сағат ашық

Павлодар қаласынан ары 200 шақырымда екі ел арасын жалғайтын Достық шекара өткелі бар. Кешкі сағат 18.00-де соған жетіп жығылдық. Шекара өткелі тәулік бойы іркіліссіз жұмыс істейді екен.

Мұнда қол жүктерін қатты қадағалайды. Және "шекарадан шығуға болмайтын санкцияға ілінген" мәліметтер базасында атыңыздың бар–жоғы тексеріледі. Онда екі түрлі мәлімет қоймасы бар. Бірі – мемлекеттік, екіншісі – шекаралық.

Егер шекаралық қамбадан аты-жөніңіз кездессе, мемлекеттік базаға сұраныс жібереді. Бар болғаны бес минутта олардан жауап та келеді. Егер мемлекеттік қамбада аты-жөніңіз табылып жатса, шекарадан шыға алмайсыз.


Павлодар вогзалы

Павлодар темір жол вокзалынан Моңғолияға жүретін такси көп / Фото informburo.kz


Бұл деректер сот орындаушылардың ұсынысымен қамбаға енетіні белгілі. Сол себепті, шетелге шығар алдында сол базаны қарап алғаныңыз абзал. Ол үшін үйде отырып–ақ, Әділет министрлігінің сайындағы сілтеме арқылы Қазақстан Республикасы шегінен шығуы уақытша шектелген тұлғалардың тізімі арқылы тексере аласыз.

Павлодар қаласынан да көліктерге арналған ресейлік сақтандыру полисін алуға болады

Ресей шекарасына жеке көлікпен кірер алдында, не кіргеннен кейін осы елдің көлік құралына арналған сақтандыру полисін алуға міндеттісіз. Сақтандыру ең кемі 15 күнге беріледі. Бағасы да көлік құралының ат күшіне, сақтандыру полисінің мерзіміне байланысты. Мысалы, қозғалтқышы 1.2 көлемге 15 күнге 1900 рубль екен.

Ал ресейлік сақтандыру полисін алмаған жағдайда жол сақшылары айыппұл салады. Оның мөлшері 800 рубльден басталады. Бір реттен кейін тек 24 сағат ішінде сізге басқа айыппұл сала алмайды. Салынған штрафты 20 күн ішінде төлесеңіз оның 50 пайызы кешіріледі. Яғни 400 рубль төлейсіз.

Егер сақтандыру полисін төлемей, үш реттен артық ұсталып, айыппұл саны 3 реттен асса және салынған бірнеше айыппұлды жүргізушілер уақытында төлемесе, олар Ресейге кіру құқынан сот арқылы айырылады.

Сақтандыру полисін Ресей шекарасы маңынан, тіпті Павлодар секілді өзіміздің ірі қалалардан да алуға болады.


Қазақстан мен Ресейдің шекара бекетінің жанындағы "Достық" дәмханасында әлемдегі біраз елдің ақшасы бар екен.

Қазақстан мен Ресейдің шекара бекетінің жанындағы "Достық" дәмханасының қабырғасына әлемдегі біраз елдің ақшасы жапсырылған / Фото informburo.kz



Ақшаны дәмхана ішіне жапсырып, аты-жөніні және уақытын жазып кетуді дәстүрге айналдырыпты.

Ақшаны дәмхана жарына жапсырып, аты-жөнін және болған уақытын жазып кету дәстүрге айналыпты / Фото informburo.kz


Моңғолияға баратын жүргізушілердің көбі сақтандыру полисін алғысы келмейді

Оның орнына 800 рубль айыппұл жаздырып, оның 50 пайызын төлеген арзан. Солай 2000 рубльден басталатын сақтандыру қаражатын үнемдейді.

Біз де солай істедік. Барар жолда ресейлік жол сақшылары Алтай Республикасының Қош ағаш ауданында тоқтатты. Күткендей 800 рубль штраф салды. Біз оны қайтар жолда, алты күннен кейін төледік.

Абырой болғанда, қайтарда ешкім тоқтатпады. Осылайша тек 400 рубль ғана төлеп, Ресей аумағынан әрлі-берлі өттік.

Негізі Ресейде 5-10 күн болатын көлік иелеріне 15 күнге берілетін сақтандыру полиісін алған дұрыс. Ең бастысы, бейтаныс аумақта көлденең қиындықсыз қозғалу үшін қажетті барлық ережелерді сақтауыңыз және талаптарды орындағаныңыз дұрыс. Сонда алаңдамайсыз, уақыт та жоғалтпайсыз.

Алтай өлкесі Қазақстанмен шекаралас

Алтай өлкесінің жер аумағы 168 мың шаршы километр. Тұрғындарының жалпы саны – 2 млн 350 мың. Қазақстанның Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарымен шектеседі.


Алтай өлкесі

Алтай өлкесіне кіреберіс / Фото informburo.kz


Алтай өлкесінің орталығы – Барнауыл қаласы. Халқы 350 мыңға жуық. Обь өзені қаланы кесіп өтеді.


Алтай өлкесінің орталығы Барынауыды кесіп өтіп жатқан Об өзені

Алтай өлкесінің орталығы Барнауылды кесіп өтіп жатқан Обь өзені бұл жерде енсіз / Фото informburo.kz


Барнауыл қазақтардың Павлодар қаласына ұқсайды. Трамвай жүреді. Қала толығымен газдандырылған.


Барнауыл көшесінен бір көрініс

Барнауыл көшесінен бір көрініс / Фото informburo.kz


Алтайдан көргендеріміз

Алтай Республикасы – Алтай өкесінен бөлек Ресей Федерациясының құрамындағы ұлттық-мемлекеттік құрылым. Жоғары заң шығарушы органы – Эл құрылтай. Ол төрт жыл мерзімге сайланатын 27 депутаттан тұрады. Жоғары атқарушы органы – Үкімет, оны төраға басқарады.

Алтай Республикасы Қазақстан, Қытай, Моңғолия жерімен, сондай-ақ Ресей Федерациясының Тыва, Хакасия республикаларымен, Кемер облысымен, Алтай өлкесімен шектеседі. Орталығы – Таулы Алтай (Горно-Алтайск) қаласы.

Жер аумағы – 92,9 шаршы шақырым, халқы – 201,6 мың адам. Батысынан шығысына дейін – 360 км, оңтүстігінен солтүстіке дейін – 480 км. Ресми тілі – алтай және орыс тілдері.

Жергілікті халқы – алтайлықтар, барлық тұрғындардың 31%-ын (62 мыңнан астам адам) құрайды. Қалғандарының 62%-ы орыстар болса, қазақтар – 5%, украиндар – 1%, немістер – 0,4%. Әкімшілік бөлінісі – 10 аудан, бір қала, 86 ауыл мен екі кент. Валютасы – ресей рублі.


Алтай Республикасына да келіп жеттік

Алтай Республикасына да келіп жеттік / Фото informburo.kz


Алтайлықтар – Алтай Республикасының байырғы халқы. Өз атаулары – алтай кижи. Түркі тектес халық. Хакас пен қырғызшаға ұқсас аралық тілде сөйлейді. Бұл тілде моңғол тілінің әсері басым. Біз де еш аудармашысыз түсіне алдық.


"Жолыгар ырысту болзын!" Алтай тіліндегі "Жолыңыз ырысты болсын" деген сөзді түсіну қиын емес еке.

"Жолыгар ырысту болзын!" Алтай тіліндегі "Жолыңыз ырысты болсын" деген сөзді түсіну қиын емес екен / Фото informburo.kz


Алтай Республикасының Оңғұдай ауданындағы "Барсуган" дәмханасы. Барсуган деген ертеректе қазақтың "борсыған" деген сөзінен шыққан болуы әбден мүмкін.


"Борсуган" дәмханасы

"Борсуган" дәмханасы / Фото informburo.kz


Ресей аумағында "экологиялық алым" алынбайды

Еуразия Кеден Одағының мүшелері болғандықтан қазақстандық көліктерге мұнда сақтандыру полисінен басқа алым-салым жоқ. Тек жол ережесін бұзбасаңыз жетіп жатыр. Жол сақшылары құжатыңыз толық болса тоқтатпайды. Мысалы, бізді Ресей шекарасының ішінде жүрген үш күнімізде үш рет ғана тоқтатты. Бірінші рет айыппұл салды. Екінші, үшінші ретте сақтандыру полисін алуды ескертті.


Алтай Республикасындағы ауылдар осындай. Үйлер көбінесе ағаштан құрастырылады екен.

Алтайдағы ауылдар осындай. Үйлер көбінесе ағаштан салынған / Фото informburo.kz


Алтай Республикасы – таулы әрі орманды өлке. Сол себепті үйлер де көбінесе ағаштан салынады екен.


Жолаушылар суретке түсуде

Жол бойында дамылдағанда суретке түсуді де ұмытпадық / Фото informburo.kz


Шүй даңғыл жолы (Чуйский тракт) – Новосібір қаласынан басталып, Алтай өлкесін, Алтай Республикасын басып өтіп Моңғолия шекарасына тірелетін асфальт төселген және бетондалған тасжол. Жалпы ұзындығы 962 шақырымнан асады.


Шикетаман асуындағы Чуй тарктасын салуышыларға қойылған ескерткіш

Шикетаман асуындағы Шүй даңғыл жолын салушыларға қойылған ескерткіш / Фото informburo.kz


Алтай Республикасының шығыс-солтүстігіндегі өзенді аңғарлардың шөбі шүйгін, қыста бораны аз, мал бағуға қолайлы.


Алтай Республикасында мал шаруашылығы да дамыған

Алтай Республикасында мал шаруашылығы дамыған / Фото informburo.kz


Алтай Республикасы – Ресейдегі табиғи тұщы су көзі ең көп өңірдің бірі. Алтай жоталарынан аққан қар сулары жинала келіп, осындай үлкен өзендерге айналады. Қатун өзені – солардың бірі.


Қатун өзені бойындағы ауыл

Қатун өзені бойындағы ауыл / Фото informburo.kz


Қош ағаш – Алтай Республикасының құрамындағы аудан. 20 мыңнан астам халықтың 60 пайызы қазақтар. Аудан Шүй үстіртіне орналасқан. Мал шаруашылығы дамыған. Шығысы Моңғолияның Баян Өлгей аймағымен шектеседі.


Жол бойы кездескен жайлымдағы малдар

Жол бойы кездескен жайылымдағы жандық / Фото informburo.kz


Қош ағашқа шекара аудан болғандықтан туристер көп келеді. Жаз бойы Ресейдің әр өңірінен келетін туристер Алтай Республикасының сай-саласын аралап, қыдырады.


Тау басындағы сарқырама (Алтай Республикасы)

Тау басындағы аязда қатып қалған сарқырама (Алтай Республикасы) / Фото informburo.kz


Тарих порталынан алынған деректерге сай Жазатыр – Қазақстанның Моңғолиямен тікелей шекаралас аумақ. 1930 жылдарға дейін Семейге қарап келген. Қош ағаш жəне Қатон қарағай ауылдары арасында Моңғолия мен сауда жасау үшін бақталастық та болған.

Жазатыр Ойратияның қоластына өткен жағдайда Қазақстан Моңғолиямен шекаралық сауда жасау мүмкіншілігінен айрылатын. Сондықтан Ойратия жағдайдың өз пайдасына шешілуіне бар күш-жігерін салды. Соның нəтижесінде Қазақстан өз жерінің бір бөлігінен қана айрылып қалған жоқ, Моңғолиямен тікелей байланыстың үзілуіне байланысты Қатон қарағай ауылы айырбас-сауда орталығы ретінде де маңызын жоғалтты.


Жазатыр жайлауы

Жазатыр жайлауы / Фото informburo.kz


Алтайлықтар тәңіршілдікті ұстанады. Қасиетті санаған жер-суға ақтық байлап, құрмет көрсетеді. Арасанға келгендер де ақтық байлап, ырымдап су ішеді. Бұндай жоралғы көптеген түркі халықтарына ортақ.


Қош-Ағаштағы арасан

Қош ағаштағы арасан / Фото informburo.kz



Жолаушылар арасанға тоқтап су алады, кейбірі ақтық байлайды

Жолаушылар арасанға тоқтап су алады, кейбірі ақтық байлайды / Фото informburo.kz


"Ат – адамның қанаты". Түркі бабаларымыздың осы арғымақтарға мініп алып, Еуразияны жаулағаны белгілі.


Жол бойы кезіккен жылқы үйірі

Жол бойында кезіккен тау-тасты кезіп үйренген жылқы үйірі / Фото informburo.kz



Жартас пен өзен арасынан өтетін жолдар да бар

Жартас пен өзен арасынан өтетін жолдар да бар / Фото informburo.kz


Алтай Республикасындағы қонақ үйлер тым қымбат емес. Қызмет көрсету сапасы да жақсы.


Таулы Алтай қаласының түбіндегі мына қонақ үйге әр адам үшін 500 рубл тқлеп қондық.

Таулы Алтай қаласының түбіндегі мына қонақ үйге әр адам үшін 500 рубль төлеп қондық / Фото informburo.kz


"Эл музейі" – Ресейдегі ең бай музейлердің бірі

2018 жылы Эл музейіне 100 жыл толыпты.


Алтай Республикасындағы А.В Анохин атындағы Ел музейіне биыл 100 жыл толыпты

Алтай Республикасындағы А.В Анохин атындағы Ел музейіне биыл 100 жыл / Фото informburo.kz


Укок таулы өңірі – адам аяғы баспайтын, қаз-қатар тізілген мұзды шыңдардың етегі, көне заманнан бері қасиет пен құпияға толы сырлы мекен деп саналады. Укок ханшайымы міне осы жерден табылған. Негізі Қазақстанның "Берел қорғандарына" жақын жерге орналасқан.


Музейдегі Укок ханышайымы қорымындағы қалпына келтірген бейнесі

Музейдегі Укок ханышайымы қорымының қалпына келтірілген бейнесі / Фото informburo.kz


Ел музейін көрген де арманда, көрмеген де арманда.


Алтай Республикасының белгісі осындай

Алтай Республикасының гербісі мен туы осындай / Фото informburo.kz



Алтайлықтардың күй аспабы – қобыз деп аталады. Ол қазақтың домбырасына өте ұқсас. Онымен ән салып, күй шертеді.

Алтайлықтардың "Таулы Алтай" әнін тыңдаңыз:




Алтай домбырасының қазақтәкәсмен айырмашылығы жоқ

Алтай домбырасының қазақтікінен айырмашылығы жоқ / Фото informburo.kz


Алтайлықтар да қазақтар секілді қошқар мүйіз салып, күміс ерге мінген екен. Тек ислам діні жетпеді демесеңіз, рулары да қазақтарға келеді. Мысалы, найман, қыпшақ, меркіт, керей, арғын оларда да бар.


Алтайлықтар ағаш үйде тұрып, тері киім киеді

Алтайлықтар ағаш үйде тұрып, тері киім киеді / Фото informburo.kz


Алтайлықтар – Тәңірге табынып, көкбөріні тотем еткен дала халқы.


Алтайлықтардың діни жоралғыларда киетін киімдері

Алтайлықтардың діни жоралғыларда киетін киімдері / Фото informburo.kz



Алтай әйелдерінің киім-кешектері

Алтай әйелдерінің киім-кешектері / Фото informburo.kz


Келі-келсапты алтайлықтардікі деп айтуға аузым бармады.


Музейдегі келі мен келсап. Қазақтікімен ұқсас.

Музейдегі келі мен келсап. Қазақтікіне ұқсас / Фото informburo.kz


Бұл аңшылық құралдарды біздің малшылар, ауылдың адамдары біледі.


Музейдегі аңшылық құралдыры

Музейдегі аңшылық құралдар / Фото informburo.kz


Қамшы – қару ғана емес, қасиетті зат болып есептеледі.


Арыстан сапты қамшы

Музейге қойылған арыстан сапты қамшы / Фото informburo.kz


Төмендегі картада XVII ғасырдың ортасы мен XVIII ғасырдағы Цин империясына қарсы күрескен Әмірсана мен Қожаберген батырдың соғыс қимылын дәлме дәл көрсеткен. Олардың 1755 жылғы соғыста Цин империясының 20 мыңнан астам әскерін құртқаны айтылады.


Оңтүстік Сібір, Жоғардың XVII ғасырдың ортасы мен XVIII ғасырдағы жағдайы көрсетілген карта

Оңтүстік Сібір, жоңғардың XVII ғасырдың ортасы мен XVIII ғасырдағы жағдайы көрсетілген карта / Фото informburo.kz


Алтай таулары – әлемдегі аң-құстардың түрлері ең көп өңірлердің бірі. Мұнда бұлан, бұғы, аю, қасқыр, түлкі, ілбіс, сілеусін сынды қызыл кітапқа енген аңдар бар.


Суретте оңнан солға қарай: Ойрат жауынгері, Түркі батыры және Укок ханышайымының қалпына келтірілген бейнесі

Суретте солдан оңға қарай: сақ жауынгері, түркі батыры және Укок ханшайымының қалпына келтірілген бейнесі / Фото informburo.kz



Алтай таулары аңдардың мекені

Алтай таулары – аңдардың мекені / Фото informburo.kz


Ресей жерінде бұрынғыдай жол тонайтын қарақшы жоқ

– Бұрын ағаларымыз осы жолдар арқылы Қазақстанға келіп тұрды. Ол кезде жол бойы қарақшылардың тонап кетуі жиі бола-тұғын. Былайша айтқанда, Моңғолияға барып келу үшін жұрт жандарын шүберекке түйіп алатын. Ал қазір бәрі басқаша. Қоғам да тыныш. Тек сақшылар ғана тоқтатады. Соңғы жылдары Алтай Республикасы мен Алтай өлкесіне келетін саяхатшылар да көбейді. Халықтың тұрмыс жағдайы түзеліп, қауіпсіздік күшейтілді, – дейді сапарласымыз Жұлдызбек Қойшыбай.

Ташанта Моңғолияға кірер қақпа

Қош ағаш аудан орталығы мен Ташантының арасы 30 минуттық жол.


Қош-ағаш ауданы орталығы тау бөктеріне орналасқан

Қош ағаш ауданы орталығы тау бөктеріне орналасқан / Фото informburo.kz


Ташантыға кірген жерде ең алдымен мешіт пен шіркеу көрінеді.


Қош-ағаштағы мешіт

Қош ағаштағы мешіт / Фото informburo.kz



Ресейдің Моңғолиямен екрара Ташанта шекара бекетіне де жеттік

Ресейдің Моңғолиямен шекарасындағы Ташанты бекетіне де жеттік / Фото informburo.kz


Моңғолияға кірген кезде

Сырттан кірген көлік жүргізушілерге мұнда Моңғолия жерімен жүргені үшін төленетін арнайы экологиялық алым бар. Ол көлігімізге 6000 тогурук моңғол ақшасына шықты. Яғни біздің ақшаға шаққанда 800 теңге айналасында екен. Бұл экологияны қорғау төлемі бір жылға жарамды.

Сонымен қатар 15 күннен кем емес уақытта сақтандыру полисін алуыңыз керек. Ол 40000 тогуруктен басталады. 80-90 мың тогрукқа бір жылға да сақтандыру полисін жасата аласыз.

Моңғолияда да көлікті көп тоқтата бермейді. Алайда қайтар жолда, шекарадан шығар кезде "экологиялық алымды" төлеген-төлемегеніңізді сұрайды. Бір жақсысы, сол жерде, көліктен шықпай отырып-ақ төлем төлей аласыз.


Қазақтар "Қызыл үй" деп атайтын Моңғолияның Ресемен шекара өткелі осы

Қазақтар "Қызыл үй" деп атайтын Моңғолияның Ресеймен шекара өткелі осы / Фото informburo.kz


Қазақстаннан Моңғолияға төте жол салу өте қиын

Соңғы жылдары Қазақстан мен Моңғолия арасына төте жол салу мәселесі жиі көтеріліп жүр. Осы мәселе Моңғолия тарапынан да қолдау тапқан-ды. Бірақ Моңғолияның Баян Өлгей аймағындағы радио-телеарна кешенінің басшысы Оспан Нәби:

– Мен бұл жобаның жүзеге асуына күмәнмен қараймын. Біріншіден, Ресейге қарайтын аталған өңірде жаз маусымы бар болғаны 1,5 ай ғана. Оның үстіне қарлы-жаңбырлы, құй-батпақ. Жол салу мен жолды қорғауға кететін шығын өте үлкен болады. Екіншіден, ол – тұщы су көздерінің мол қоры бар өңір. Халықаралық экологияны қорғау ұйымдары да қарсы болған. Мысалы Ресей – Қытай газ құбырын салуды сол үшін тоқтатты деген сөз бар. Үшіншіден, төрт мемлекеттің арасындағы стратегиялық маңызы өте зор орын. Ресейдің мақұлдай қоюы екіталай деп ойлаймын", – деп отыр.

Оспан мырза 2003 жылдары Ресей, Қазақстан және Моңғолия азаматтарынан құралған комиссияның құрамында болып, осы өңірді барлап қайтыпты. Бар болғаны 64 шақырым аумақтың 30 шақырымы ғана бейтарап аймақ екен. Сол кездегі комиссия өкілдері де жол салу қиын деп шешім шығарыпты.

Дегенмен, "көз қорқақ, қол батыр". Ресей рұқсат бергеннің өзінде Қазақстан білек сыбана кірісе ала ма деген күдік те жоқ емес. Тағы да Қытайды жұмысқа тартуы мүмкін.


Алтай Республикасының Жазатыр оңірі Қазақстан мен Моңғолия арасында тасымал коридорын салғысы келетін жер

Алтай Республикасының Жазатыр өңірі Қазақстан мен Моңғолия арасында тасымал коридорын салғысы келетін жер / Фото informburo.kz


Қазақстан мен Моңғолия арасында ұшақ қатынасы тоқтап қалғалы көп болыпты

Жалпы Моңғолия мен Қазақстан арасында әуетасымалының ашылуын күтетіндер көп. Себебі онда 150 мыңға жақын қандастарымыз тұрады. Оның үстіне Баян Өлгейдің әлемдегі ең танымал туристік аймаққа айналып бара жатқаны тағы бар.

Дегенмен, ұшақ байланысын орнатуға екі ел әлі де асықпай отыр.

Моңғол шекарашылары бейресми қазақ тілін қолданады

Біз 19 наурыз күні кеште Ресейдің Ташанты шекара бекетіне келіп кірдік. Кәдімгі тексерістен кейін Моңғолия шекара тексеру бекетіне өттік. Шекарада өзіміздің қазақтар жүрген секілді көрінеді. Өйткені барлығы қазақ тілінде сөйлейді.

Тек қасымыздағы кісілерден "Шекарашылардың барлығы қазақ па?" деп сұрағанымыз бар. Сөйтсек моңғолдар да қазақ тілін үйреніп алған. Тек құжаттарды ағылшын тілінде толтыратынымыз болмаса.

Монғолияда болған сапарымыз туралы алдағы уақытта баяндайтын боламыз. Оқу үшін informburo.kz интернет порталының қазақша жарияланымдарын назарда ұстаңыз.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары