Тікелей эфир

Мереке қарсаңында пойыз билеттері екі есеге жуық қымбаттап жатыр. Жаңалықтарға шолу

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
Шымкент – Дубай бағытында жаңа рейс ашылады. Демалыста күн суық болады. Илья Ильин спорттық формасын қаншаға сатады?

Доллар бүгін тағы 3,5 теңгеге арзандады

Теңге екі күннің ішінде 10 теңгеге нығайды. Қазақстан қор биржасының таңертеңгілік сауда сессиясында АҚШ валютасы 365,48 теңгеге бағаланды.

"Алдын ала бағалау" жобасы "7-20-25" бағдарламасы бойынша несиені онлайн мақұлдауға мүмкіндік береді

"Баспана" Ипотекалық ұйымы" АҚ басқарма төрағасы Қ. Алтынбековтың сөзінше, келесі жылы іске қосылатын жоба бойынша клиенттердің несиені рәсімдеу уақыты қысқарады. Банкке қағаз құжат тасу қажет болмайды, несие электронды түрде рәсімделеді.

8 қарашаға дейін бағдарламаға қатысуға 4000 өтінім келіп түскен. Оның 3000-ы (құны 35 млрд) мақұлданған.

Мереке қарсаңында пойыз билеттері қымбаттады

ҚТЖ мұны қалыпты жағдай деп бағалап отыр. Әлеуметтік маңызы бар бағыттардан бөлек Қазақстан бойынша 14 коммерциялық бағыт бар. Оның 9-ында "Талго" пойызы жүреді. Коммерциялық бағыттарға билет құнын тасымалдаушының өзі қояды. Баға демалыс күндері, мейрам қарсаңында өзгеруі ықтимал. Сәйкесінше, құны +- 35 пайызға дейін жетеді. Жолаушылар 35%-дық жеңілдікпен, немесе 35%-дық үстемемен сатып ала алады.

Жалпы, темір жол билеттерін 45 күн бұрын сатып алса, 25%-дық жеңілдік бар. Жеңілдік көлемі бос орын санына, аттану күніне дейін қанша тәулік қалғанына байланысты. Жүретін күн жақындағанда билетке 25%-дан артық үстеме қосылмайды.

eGov жүйесінде зейнеткерлерге БЖЗҚ-нан мемлекеттік кепілдеме төлеу туралы қызмет іске қосылды

Әрбір зейнеткер мемлекеттік кепілдеме алу мүмкіндігі бар-жоқтығын сайт арқылы тексере алады. Бар болған жағдайда жақын маңдағы ХҚКО-на барып өтінім жазады. Мемлекеттік кепілдеме – ол инфляцияның деңгейі мен зейнетақы жинақтарының сомасы арасындағы айырма. Зейнеткерлерге республикалық бюджет қаражаты есебінен төленетін біржолғы төлем

Еліміздің жоғары оқу орындарында адалдық дүкендері жұмыс істей бастады

Астанадағы ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы мен Қазақ мемлекеттік заң университетінде ашылған Integrity shop (адалдық дүкені) жобасында Скандинавия елдеріндегідей тәжірибе қолданылады.

Студент алған тауарларына қалаған қаражатын тастап кетеді. Дүкенде сатушы болмайды, тек ақшаны салуға арналған жәшік тұрады. Оған түскен қаражат қайырымдылыққа жіберіледі. Дәл осындай дүкен бүгін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де ашылады.

Қазақстанда биылғы жылы жарты миллионнан астам көлік жүргізу куәлігі берілген

Бұл былтырғы он айлық көрсеткіштен 37,5%-ға артық. Биыл ең көп куәлікті Алматы (110 254) және Астана (71 540) қалаларының тұрғындары алған.

Мерзімі аяқталуға жақын қалған куәліктерді eGov порталы арқылы онлайн ауыстыруға мүмкіндік бар. 2018 жылдың 10 айында онлайн-қызметті 10 мың адам пайдаланыпты.

Fly Dubai әуе компаниясы Шымкент – Дубай бағытында жаңа рейс ашады

Жаңа рейс 29 желтоқсанға жоспарланған. Шымкент – Дубай – Шымкент бағытындағы рейстерді аптасына екі рет сейсенбі және сенбі күндері Boeing 737 ұшағы орындайды. Әуе компаниясы келер жылдың көктемінен бастап Астана – Дубай – Астана бағыты бойынша рейстер жиілігін аптасына 4-5 рейске дейін көбейтуді жоспарлап отыр.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Демалыс күндеріндегі ауа райы. Синоптиктердің болжауынша, 17-19 қарашада ауқымды және күшті антициклон Қазақстан аймағының басым бөлігіндегі суық ауа райын ұстап тұрады. Ең төменгі түнгі ауа температурасы -10...-18°С, республиканың оңтүстік жартысында кей жерлерде -20...-28°С суық, ол климаттық нормадан 8...15°С төмен. Кей жерлерде қар жауып, бұрқасын соғады, желдің жылдамдығы секундына 15...20 метр шамасында болады. Еліміздің оңтүстігінде әзірше қар жаумайды, бірақ температура көтерілуі мүмкін.

Baq.kz: Қазақстан халқы бір жылда 1,3 пайызға өскен. 2018 жылғы 1 қазандағы көрсеткіш Қазақстандағы халық саны 18 334,3 мың адамға жеткенін көрсетті. 2017 жылғы 1 қазанмен салыстырғанда (халық саны 237,4 мың адамға) 1,3% өсті. Ең көп өсім Шымкент қаласында (67 429 адам), Алматы (55 139 адам) және Астана қаласында (40 113 адам) болды.

Sputniknews.kz: Илья Ильин спорттық формасын аукционға қояды. Ауыр атлеттің спорттық формасы аутизммен ауыратын балаларды қолдауға арналған XI қысқы қайырымдылық маскарад кешінің аукционында сатылады. Айтуынша, бұл оның былайша айтқанда "жауынгерлік формасы". 2015 жылы Грозныйда өткен чемпионатта киген екен. Спортшының аты-жөні мен қолтаңбасы бар формасының бағасы әзірге белгісіз.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары