Тікелей эфир

Мемлекеттік туды пайдалану аясы заңнамалық тұрғыда кеңейді. Неге рұқсат, неге тыйым бар?

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
Мемлекеттік туды майлықтарға және басқа да бір реттік қолданыстағы заттарға, киімге, төсек-орын жабдығына пайдалануға болмайды

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Мемлекеттік туды пайдалануға жол берілмейтін жағдайларды түсіндірді.

"Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы көлеміне қарамастан, ұлттық стандартқа сәйкес келуі тиіс. Жеке және заңды тұлғалардың ұлттық стандарт талаптарын бұзып, мемлекеттік туды пайдалануына жол берілмейді. Атап айтқанда, ұлттық стандартқа сай келмеу дегеніміз – Мемлекеттік тудағы нысанды, мөлшерді және техникалық талаптарды бұзу. Мемлекеттік ту ұлттық стандартқа сәйкес келмеген жағдайда, ҚР Үкіметі айқындаған тәртіппен ауыстырылып, жойылуы керек", – деді Ақтоты Райымқұлова.

Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік туы ресми түрде 1992 жылы қабылданды. Оның авторы – белгілі суретші Шәкен Ниязбеков.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес, ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келмейтін мемлекеттік туды заңсыз дайындағаны үшін әкімшілік айыппұл салынады.

Сонымен бірге, жеке және заңды тұлғалар мемлекеттік туды мазақ ете алмайды.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында тік жолақ түрінде ұлттық өрнек нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. Тудың ені мен ұзындығының арақатынасы – 1:2.

Оқи отырыңыз: Ел беделін түсірген Борат па, өзіміз бе? Сараптама

Министрдің айтуынша, ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 27 қарашадағы №801 қаулысымен ҚР Мемлекеттік туын, елтаңбасын және олардың бейнелерін, ҚР Мемлекеттік гимнінің мәтінін пайдалану қағидаларына өзгерістер енгізілді. Ендігі кезекте бұл өзгерістер арқылы азаматтарымыз үшін Мемлекеттік туды пайдалану аясы заңнамалық тұрғыда кеңейтіліп отыр.

Ең алдымен ҚР Мемлекеттік туын жеке және заңды тұлғалар ғимараттарда, оның ішінде балкондарда және салтанатты іс-шаралар өткізілетін орындарда патриоттық сезімдерін, қазақстандық бірегейлігін білдіру үшін, ел азаматтарының жетістіктерін қолдау мақсатында пайдалана алады.

Мемлекеттік туды майлықтарға және басқа да бірреттік қолданыстағы заттарға, киімге, төсек-орын жабдығына пайдалануға болмайды

Қазақстанның мемлекеттік туын бір реттік қолданыстағы заттарға бейнелеуге болмайды.

Министр бүгінде мемлекеттік ту тек спортшылардың формасында қолданылатынын атап өтті.

Мемлекеттік туды қолдануға болмайтын жайттар:

  • Адамға немесе затқа деген құрмет ретінде ту төмен түсірілмеуі керек;
  • ту қандай да бір затқа, жерге немесе суға тимеуі керек;
  • тудың сабы көлденеңінен көтерілмейді;
  • кірлеген немесе жыртылған ту қоймау керек.

"Туға жазу жазуға немесе сурет салуға болмайды, ол киім немесе төсек-орын, шымылдық ретінде пайдаланылмайды. Қазақстан Республикасы атынан өнер көрсететін спортшылардың киімінде Мемлекеттік Тудың бейнесін пайдалану айрықша жағдай болып саналады", – деп түсіндірді ведомство басшысы.

Еске салсақ, қазақстандықтарға мемлекеттік туды үйлердің қасбеті мен балкондарға ілуге рұқсат етілді. Үй-жайларда пайдаланылатын мемлекеттік ту ұлттық стандартқа сәйкес келуі тиіс. Жеке және заңды тұлғалардың туды ұлттық стандарттардың талаптарын бұза отырып пайдалануына жол берілмейді. Стандарттарға сай келмеген ту ауыстырылады немесе жойылады.

Серіктестер жаңалықтары