Тікелей эфир

Мемлекеттік бағдарламамен пәтер алуды ұсынып, жүздеген адамды алдап соққан. Жаңалықтарға шолу

Cурет Informburo.kz
Cурет Informburo.kz
Қаламқас кен орнындағы өрт төрт тәуліктен кейін сөнді. Талапкерлер онлайн сервис арқылы оқу орнын таңдай алады.

Қызылорда облысындағы тікұшақ апатынан борттағы 13 адамның бәрі қаза тапты

Қызылорда облысы Жалағаш ауданында апатқа ұшыраған МИ-8 тікұшағында болған әскерилердің толық тізімі жарияланды. Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, тікұшақ 4 бірдей әскери тікұшақтан тұратын бөліммен бірге Ақтау қаласынан Шымкентке ұшып бара жатқан.

Сенат депутаты, ғарышкер Т.Мұсабаев журналистерге берген сұхбатында тікұшақтың қиын метеорологиялық жағдайда ұшқанын, соған қарамастан экипаждың барлық қажетті шараны қабылдағанын атап өтті.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаза болғандардың отбасына көңіл айтты. Тиісті мемлекеттік органдарға тікұшақ апатының себептерін зерттеп, қаза тапқандардың отбасына қажетті көмек көрсетуді тапсырды. Қорғаныс министрлігі Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, болған әуе апатының себебін анықтау мақсатында тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Қаламқас кен орнындағы өрт төрт тәуліктен кейін сөнді

ҚР Энергетика министрлігі "28 наурызда 01:05-те "Қаламқас" кен орнында №8237 ұңғыма жанындағы грифоннан шыққан өрт сөндірілді" деген хабар таратты. Хабарламаға сәйкес, қазіргі таңда газ-су қоспасы атқылап тұрған жоқ, грифондар жабылған.

"Қазгидромет" кен орнының санитариялық-қорғау аймағынан алынған ауа сынамаларында ластаушы заттардың рұқсат берілген көрсеткіштен асып кету фактісі тіркелмегенін мәлімдеді. Талдау нәтижелері Каспий теңізі суында да ластаушы заттардың шекті көрсеткіштен аспағанын көрсеткен. Ал, "ҚазМұнайГаз" АҚ өрт салдарынан ешкім зардап шекпегенін хабарлады.

Ұшақтарда жүкті тегін тасымалдау тәртібін жоятын заң жобасы талқыланып жатыр

Заң жобасына сәйкес қазақстандықтар әуе көлігімен салмағы 20 кг дейінгі жүкті тегін тасымалдау құқынан айырылуы мүмкін. Ұсынылған өзгерістерге сәйкес, 1 кг жүктің бағасын тасымалдаушы компания белгілейді. Егер осы өзгеріс заңды күшіне енсе, жолаушылар тасымалдайтын жүктің әр килограмы үшін әуе компаниясының тарифтеріне сәйкес ақы төлейді.

Тұтынушылар құқығын қорғау қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ә.Мәтішев бұл жаңалық адам құқығын шектейді деген пікірде. Ал, жоба авторлары осы өзгерістер арқылы билет бағасының арзандайтынына сенімді.

Автобустарды техникалық қадағалау, ал жүргізушілерін медициналық тексерістен өткізу жауапкершілігін қатайту керек

ҚР Парламенті сенатының депутаты Г.Ким Үкімет басшысы А.Мәминге осындай сауалмен жүгінді. "Осы қызметті жүзеге асыратын жеке кәсіпкерлердің қызметін қадағалау керек" деді.

Бұл тұрғыда шенеунік депутаттық сауалына Елордада 26 наурыз күні болған автобустар апаты себеп болғанын тілге тиек етті. Оқиға салдарынан жапа шеккен 4 адам ауыр халде жатыр.

Алаяқтар банктің жалған хабарламаларын таратып, жүзден астам адамды алдап соқты

Олар "Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінің" жалған хабарламасын таратып, азаматтарды мемлекеттік бағдарламамен үй аласың деп тақырға отырғызған. Мысалы, солардың бірі Елордалық әйелге үш бөлмелі пәтер аласыз деп алдап, "Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінде" депозит шотын ашқызамын деп 830 мың теңгесін жымқырған.

Прокуратурадан хабарлағандай, осындай кестемен айласын асырған 2 қылмыскер ұсталып, 4 және 7 жылға бас бостандығынан айырылған. Құқық қорғау органдары азаматтарды жылжымайтын мүлік сатып алуға қатысты күдікті келісімдерден сақ болуға шақырады.

Ресей стафилококк бактериялары табылған өнімдерін қатаң бақылауға алды

Қоғамдық денсаулықты қорғау комитеті "Россельхознадзор" мекемесіне Қазақстан мен Еуразия экономикалық қауымдастығының ветеринарлық-санитарлық талаптарын бұзуға қатысты ақпаратын жолдады. Ресей тарапы осы талаптарды сақтамаған өзінің бес кәсіпорнының жұмысын қатаң бақылауға алды:

"Инжавинская птицефабрика" АҚ тоңазытылған жартылай дайын өнімдері, "Богородский мясоперерабатывающий комбинат" компаниясының "Вкусно-сытно" аталатын сиыр етінен жасалған түшпараларынан мезофильді аэробты және факультативті анаэробты бактериялары табылды.

"Пик" өндіруші компаниясының "Старорусская" уылдырықтары құрамынан ашытқы анықталды.

"Гурман" ("Пикант") ұнтақталған еттерінде стафилококк бактериясы табылды.

"Чебаркульская птица" өндіруші компаниясының төс еттерінен ішек таяқшасы тобының бактериялары анықталған.

Қайрат Қожамжаров Сенаттың тұрақты комитетінің құрамына сайланды

Ол Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік тұрақты комитетінің мүшесі болды. Ал, депутат Мұхтар Құл-Мұхаммед осы Комитеттің төрағасы болып сайланды. Бұған дейін бұл комитетті Дариға Назарбаева басқарған болатын.

Хирургтердің, гинекологтар мен неонтологтардың зейнетке шығу жасын қысқарту туралы жоба талқылауға шығарылды

Денсаулық сақтау министрлігі жобада осы дәрігерлерді 20 және одан да көп еңбек өтілімен зейнетке шығаруды ұсынып отыр. Министрлік бұдан басқа да бірқатар заң жобасына өзгеріс дайындады. Олардың арасындағы тағы бір жаңалық ата-аналарға қатысты – екпеден бас тартқаны үшін 10 АЕК көлемінде айыппұл салу (2019 жылы 1 АЕК – 2525 теңге). Заң жобасын дайындаушылар жүктіліктің 12 аптасына дейін есепке тұрған әйелдерге 10-нан кем емес ең төменгі жалақы көлемінде материалдық ынталандыру ақысын беруді ұсынып отыр (2019 жылы ең төменгі жалақы мөлшері – 42 500 теңге). Жүктіліктің 12 аптасына дейін есепке тұруы үшін әйелге жұмыс беруші жалақысы сақталатын 3 күндік демалыс беруі тиіс.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Парламент көпбалалы отбасыларды қолдауға арналған заңды қабылдады. Заң жобасында атаулы көмек көрсету критерийін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін арттыру, аз қамтылған отбасылардағы әрбір балаға арналған ең төмен төлемді 20 789 теңге сомасында белгілеу шаралары көзделген. Сондай-ақ құжатта мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға арналған ай сайынғы жәрдемақыны және бала кезінен бірінші топтағы мүгедекті күтіп бағушы адамдарға ай сайынғы жәрдемақынының мөлшерін 30 пайызға ұлғайту арқылы аз қамтылған азаматтар мен көпбалалы отбасыларды әлеуметтік қолдау мәселесі ескерілген.

Baq.kz: Талапкерлер онлайн сервис арқылы оқу орнын таңдай алады. Қазақстанда 6 түрлі критерий бойынша жоғары оқу орындары мен колледждердің тәуелсіз рейтингін көру үшін онлайн сервис іске қосылды. Жоғары сынып оқушылары, ата-аналар, студенттер оқу орындарының еңбек нарығында түлектердің қажеттілігі, жұмысқа орналасу және жалақы деңгейі тұрғысынан табыстылығы туралы ақпаратқа тегін қол жеткізе алады.

24.kz: Тегін дәрі-дәрмек жөніндегі байланыс орталығына телефон шалуға болады. Тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі байланыс орталығы 1439 қысқа нөмірі бойынша қалалық және де ұялы телефондар үшін қолжетімді болды. байланыс орталығының операторлары тегін берілетін қажетті дәрі-дәрмектерді жеткізу мерзімі мен күні туралы ақпарат береді.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары