Тікелей эфир

Мәжіліс депутаттары мандат алды. Жаңа төменгі палатадан қандай өзгеріс күтеміз?

informburo.kz суреті
informburo.kz суреті
Жеті пайыз межеден жоғары дауыс жинаған үш партияның мүшелері мандатын алып, фракция тізімі жасалды.

Елімізде өткен саяси дода аяқталып, төменгі палатадағы депутаттық креслоға кімдердің жайғасатыны белгілі болды. Бұл жолғы сайлау қорытындысы бойынша Қазақстан халық ассамблеясының 9 депутатын қоспағанда, Nur Otan партиясынан – 76,  "Ақ жол" партиясынан – 12, Қазақстанның халықтық партиясынан – 10 адам Мәжіліске өтті. Сонымен, жаңа құрамнан қандай жаңашылдықтар күтуге болады? 30 пайыздық квота ережесі Мәжілістің сапасын жақсарта ма? Депутаттар жаңадан қандай заңдар шығаруы мүмкін?

Іnformburo.kz саясаттанушылар пікірін ұсынады.

Өзгеріс күту бекер. Бұл шартты түрдегі ротация 

Белгілі саясаттанушы Дос Көшімнің пікірінше, төменгі палата депутаттары саяси сахнаға тың серпін мен үлкен өзгеріс әкелмейді. Әрі бұл құрам "жаңадан жасақталған" дегенге келмейді. Саясаттанушының айтуынша, осы жолғы сайлау да шартты түрдегі ротация. Яғни, депутаттардың орындарын алмастырғанмен, "баяғы жартас сол күйінде қалады". Өйткені, төменгі палатаға партиялық тізіммен өткен депутаттар сол партияның сөзін сөйлеп, тәртібі мен саясатына мойынсынуы тиіс. Әйтпесе, әп-сәтте партия қатарынан шығарылып, мандатынын айырылып қалуы мүмкін екенін айтады.

"Партиялар өз орындарында қалды, еш өзгеріс болған жоқ. Мәжіліс құрамынының басым бөлігі – сол биліктің, сол Nur Otan партиясының адамдары. Сондықтан, еш өзгеріс болмайды. Иә, депутаттардың қатарында өздерінің жақсы пікірлерін айтып, қоғамға танылған Айдос Сарым сынды азаматтар бар. Бірақ, бұл нәтиже бермейді. Парламентке он шақты адамның барғанынан партияның бағыты еш уақытта өзгермейді. Мысалы, кезінде өзінің пікірін айтып жүрген, білікті азаматтар төменгі палатада көп болған. Бірақ, олар белсенділік таныта алмады. Иә, белгілі бір бастамаларын көтеруі, олардың қоғамға жетуі мүмкін. Алайда, жеме-жемге келгенде елде қандай заң қабылдайды, қандай жаңа шешім шығарады – оны президент аппаратының өзі шешеді. Партиялық тізіммен өткеннен кейін партиялық тәртіп болады. Мандат алғасын депутат өзінің партиясының бағытына қарсы пікір айта алмайды. Себебі, оны ертең-ақ партиядан шығарып тастайды. Сондықтан, партияның бағыты негізгі рөл атқарады", – деді Дос Көшім.


Оқи отырыңыз: Бес партия бәсекесі. Қазақстанда парламент мәжілісі мен мәслихат сайлауы қалай өтті?


Жұмған аузын ашпайтын депутаттар орындарын босатты  

Танымал саясаттанушының бірі Расул Жұмалы керісінше пікірде. Ол елімізде 2000 жылдардан бері бірінші рет төменгі палатада сапалық өзгеріс орын алғанын айтып отыр. Саясаттанушының пікірінше, бұған дейін парламенттік сайлаулар өтті деген күннің өзінде, ескі құрамның 70-80 пайызы сақталып отыратын. Сондықтан, осы жолы 60-70 пайызға жаңартылған, жаңа ұстаныммен келіп отырған құрамнан үлкен өзгерістер күтуге болады.

"Сырт пішіні өзгере қойған жоқ, бұған дейінгі парламентте дәл сондай квоталармен 3 партия болған, қазір де дәл сол 3 партия. Бірақ, сәл тереңірек ойлайтын болсақ, билеуші партияның өзі бірталай жаңарып келіп отыр. Nur Otan партиясының көлеңкесінде қалып келген "Ақ жолдың" өзі міндетін ұғынып, қазақ қауымдастығының, қазақ қоғамының көкейінде жүрген "Алаш идеясы" сияқты мәселелерді көтеріп жүр. Бұрынғы коммунистік партияның өзі "Халықтық" деп атауын өзгертіп, ескі мүшелерімен қош айтысты. Мәжілісте 10-20 жылдап отырған зейнеткерлерді, Қуаныш Сұлтанов, Гүлжан Қарағұсова сынды жұмған аузын ашпайтын, әйтеуір бір орынды алып отырған депутаттарды кетіріп жатқаны дұрыс үрдіс. Сапалы тұрғыдан жаңарып, белгілі бір халықтың атынан сөйлей алатындар, өз қабілеттерін бұған дейін праймеризде көрсеткендер және қоғам қайраткелері ретінде көзге түсіп жүргендер келді. Әлбетте бұл азаматтар мәжілістің оянуына, серпін алуына оң ықпал тигізері анық", – деді Расул Жұмалы.

Оның пайымдауынша, бұл құрам Мәжілістің алғашқы отырыстарынан бастап өзгерістер енгізеді деп айтуға болмайды. Жарты жыл немесе бір жылдан соң саяси сахнада өзгерістер орын алуы мүмкін. Сондықтан, саясаттанушы жаңа сайланған депутаттарды аяқтан шалмай, керісінше қоғам болып қолдаған жөн екенін айтады.

"Неге бірден емес? Өйткені, билік басында, оның ішінде парламенттің ішінде әлі де сол ескіше ойлауға дағдыланған, жаңашылдықтарды аса қаламайтын, реформаларды жақтырмайтын топтар әлі де ықпалға ие.  Осы тұрғыда халықтың сөзін сөйлейтін жаңа адамдар келіп отыр. Оларды аяқтан шалғанша қоғам болып қолдау керек. Халықтың сөзін сөйлейін деп төменгі палатаға келіп отырғанда қоғам өкілдерінің өзі аяғынан шалып, қаралап, сасық әңгімені жалғастырса, бұл, әрине, олардың рухына да, ұмтылысына да кері әсерін тигізеді. Сондықтан, қоғам өзі де түсіністікпен қарауы керек. "Не ексең, соны орасың" демекші, қазір саясаттағы егістің науқаны. Осы тұрғыда Мәжіліске барған азаматтарды барынша қолдау керек", – деді ол.


Оқи отырыңыз: Парламент мәжілісі депутаттарының толық тізімі


Барлығы биліктің партиясының сойылын соғады

Саясаттанушы Асылбек Ізбайыровтың пікірінше, Мәжіліс құрамына сарапшылар тобынан Айдос Сарым, Ерлан Саировтардың келуі, сондай-ақ, Қазыбек Иса, Жанарбек Әшімжановтардың келуі құптарлық. Өйткені, оппозициясыз парламентте дәл осы азаматтар өзіндік саяси реформалардың ары қарай жүруіне ықпалдасып, тіл мәселесі мен қоғамдағы көкейкесті проблемаларды қаузауы мүмкін деген үміт басым екенін айтады.

"Ойы мен ісі бір жерден шығатын "Ақ жол" мен Nur Otan партиясы бір-біріне оппозиция болады деп айта алмаймын. 76 депутатқа 10 депутат қарсы келе алмайды. Барлығы биліктің партиясының сойылын соғады. Сондықтан, бұл құрамнан оппозициялық емес, конструктивті ойлар күтемін. Бұл жолы бизнес саласында танылған адамдардың көбірек дауыс жинап, парламентке өткені қуантады. Біз бизнес саласын, кәсіпкерлікті дамытуға мүдделіміз. Пандемия себебінен әлемдік экономикалық дағдарыс болып жатыр. Сол себептен, кәсіпкер депутаттар осы тығырықтан алып шығатын жаңа заңдар қабылдайды деген үміт бар", – деді Асылбек Ізбайыров.


Оқи отырыңыз: Партиялық тізім, 30% квота және саяси құлдық


Квоталық ережемен орынды құртқанша, білікті маманға мандат беру керек еді

Президент тапсырмасымен, "Сайлау туралы" конституциялық заңда және "Саяси партиялар туралы" заңда қарастырылған ережелер бойынша төменгі палатаның жаңа құрамы жастар мен әйелдерге қатысты 30 пайыздық квотаны қамтыды. Соның нәтижесінде депутаттық креслоға жайғасқандардың ең кішісінің жасы небары 26-да болып шықты. Саясаттанушылар квота бойынша қабылдау іргелі өзгеріс әкелмейтінін, керісінше орынды босқа құрту болып саналатынын жеткізді.

"Әрине, бұл сайлауда мандаттар өзінің жеке пікірі, жеке ойы бар, тек жалпақ саясатқа бағына беретін емес, өзінің конструктивті ұстанымы бар қоғам қайраткерлеріне көп бұйырады деп күткен едім. Керісінше, жас жігіттердің депутат болып келіп отырғанын көріп отырмыз. Әрине, бұдан енді "ол жастар не айта алады, қандай тәжірибесі бар?" деген пікір туады. Мемлекеттік саясат бар, квота ережесі бойынша жастар, әйелдер өтуі тиіс екенін білеміз. Алайда, мәселе квоталық тізімге қарай емес, адамның қоғамдағы орны мен өзінің жеке пікірін айта алатын сөздерімен сарапталуы керек еді", – деді Асылбек Ізбайыров.

Дос Көшімнің пікірінше, 30 пайыздық квота демократияның принципіне қарсы. Яғни, жасанды түрде, заң арқылы шектеу. Сондай-ақ, саясаттанушы төменгі палатаға өткен заң шығару үрдісінен хабары жоқ, тәжірибесі аз жастар жемісті жұмыс істейтініне күмән келтірді.

"Неге 99 пайыз әйел емес, 30 пайыз әйел? Бұл мәселені көтерген адамдар дәлелдеп берсін бізде осы уақытқа дейін әйелдерді билікке өткізбей жатқанын. Қандай заңның баптарымен біз әйелдерді жоғарғы жаққа өткізбеппіз? Сондықтан, бізде квота кіргізді. Бұның барлығы әшейін баланың ойыны сияқты. Менің ойымша, парламентке білікті, саясаттың не екенін білетін, көзі ашық Айдос Сарым сынды азаматтың барғаны дұрыс. Ол әйел бола ма, ол 90-дағы азамат бола ма, жоқ әлде 25-тегі бала бола ма, бастысы, Парламентте сол заңдарды қабылдай алатын, қоғамның дамуын білетін адам болғаны жөн. Сондықтан, осы квота менің есіме бұрынғы Кеңес дәуірін түсіреді. Ол уақытта Жоғары кеңес құрамында міндетті түрде 30 пайыз шаруа, 30 пайыз жұмысшы, 10 пайыз әскери, 10 пайыз зиялы қауым болуы тиіс деген сияқты дәл осындай квота болатын. Сөйтіп, біздің шаруалар отыратын сол жерге барып, қалғып-мүлгіп. Сондықтан, мен бұл мәселені өз басым қабылдамаймын. Оның шарты – міндетті түрде біліктілігі, білімділігі", – деді Дос Көшім.


Оқи отырыңыз: Үмітсіз сайлау


Ашықтық жоқ. Депутаттар тек заң шығармай, қоғаммен ашық байланыста болуы керек

Саясаттанушы Расул Жұмалының айтуынша, жаңадан жасақталған Парламент екі мәселеге назар аударуы керек:

  • Халықтың көңілінен шығатын әрі жағдайын түзететін, азаматтардың  құқықтарын шектемейтін заңнамалар қабылдауы тиіс.
  • Өзінің ашықтығын алға қойып, үнемі қоғаммен байланыста болуы шарт. Саясаттанушының сөзінше, бұрынғы фракция депуттаттары қоғамда туған қауырт оқиғалар кезінде де еш нәрсемен араласпай, үнсіз бұғып отырған.

"Бірінші, халықтың көңілінен шығатын, жағдайын түзететін заңдар қабылдану керек. Екіншіден, парламенттің өзі ашық, айқын болуы қажет. Халықтың алдында, журналистердің алдында, оппозицияның алдында. Азаматтар Парламенттің алдына барып митинг ұйымдастырып жатса, есіктерін тарс жаппай, керісінше халықтың алдына шығып, өкпе реніштерін тыңдауы керек. Өркениетті елдердегідей халықты толғантқан мәселелер парламенттің қабырғасында қарастырылған жөн. Өткен Мәжіліс ондай қадамдарға бармады, халықтан тартынып, қашқақтап тұрды. Басқасын қойғанда, Қордайдағы, Арыстағы оқиғалар кезінде депутаттар жақ ашпады. Осындай мәселелер туындап тұрғанда парламенттік тыңдаулар, талқылаулар өткізіп шешуі керек. Бұған дейінгі мәжіліс тек қана "заң қабылдаушы органбыз, басқамен шаруамыз жоқ" деген кейіп танытты. Депутаттар күнделікті өмірде болып жатқан оқиғаларға, халықтың тыныс-тіршілігіне әлбете араласып, жауап беруіп тұруы қажет", – деді ол.

Ал саясаттанушы Дос Көшім төменгі палата кезек күттірмей саяси партиялар, сайлау туралы заңдардың барлығын қайта қарап шығуы керек. Екінші мәселе – ұлттық құндылықтарды жаңғырту бағыты. Мұнда әуелі мемлекеттік тіл туралы заң жаңартылып, ономастика туралы заң қабылдау қажет деген пікірде саясаттанушы.

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары