Тікелей эфир

Мақтау қағазы үшін мектептердің ата-аналардан ақша жинауға құқы жоқ. Жаңалықтарға шолу

Елордада бала-бақшаларға жолдама 10 маусымнан бастап беріледі. Өткен жылы дүниеге келген нәрестелердің жартысынан көбі – ұлдар.

Журналистер арасында жүлде қоры 7 млн теңгелік байқау жарияланды

"Жасампаз елдің жастары" аталатын байқауда ақшалай сыйлықтар әр жеңімпазға 1 млн теңгеден бөлініп беріледі. Қатысушылар әр номинацияға ең көп дегенде 3 жұмыстан жібере алады.

Байқауда жеңімпаздар "Ең үздік телевизиялық сюжет", "Баспасөздегі үздік жарияланым", "Үздік фотоматериал", "Ақпараттық агенттік ленталарында жарияланған үздік материал", "Үздік радиоматериал", "Үздік вайн", "Әлеуметтік желідегі үздік жарияланым" атты 7 номинация бойынша анықталады. Байқауға қатысты барлық ақпарат jasampazjastar.kz. сайтында жарияланған.

Әміржан Қосановтың штабы сайлаушыларға үндеу жариялады

Сайлауалды штаб жетекшісі Д.Бабамұратовтың айтуынша, әлеуметтік желілерде әртүрлі мемдер, плакаттар және басқа кандидаттардың ар-намысына тиетін де агитациялық материалдар жасалып, әр жерге жапсырыла бастаған. "Бұл жағдайдың бізге зияны тиюі әбден мүмкін, себебі заңға қайшы келетін тұстары бар. Дәл осындай жағдай рұқсат етілмеген шерулерге де қатысты. Қалыптасқан жағдайда заңсыз әрекет болып табылатындықтан бұл жазбаларды әлеуметтік желі беттерінен өшіруді, не өзгертуді сұрауымыз мүмкін. Бұл өтініштерге түсінушілікпен қарайды деп сенеміз" деп хабарлады Ә.Қосановтың сайлауалды штабынан.

Тоқаев компания басшыларын жыл сайын жұмысшылар жалақысын өсіруге шақырды

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев бүгін ресми сапарымен Ақтөбе облысына барды. Президент Green Capital Kazakhstan жылыжай кешенін аралап көрді, сондай-ақ Ақтөбенің индустриялды аймағымен танысты. Қ.Тоқаев компания басшыларына жыл сайын жұмысшылардың жалақысын көтерумен қатар, сатып алынатын қызметтер мен тауарлардағы қазақстандық үлесті арттыру қажеттілігін айтты. Шағын және орта бизнесті дамыту үшін ірі кәсіпорындардың айналасында белдеу құрудың маңыздылығын атап өтті.

Елордада бала-бақшаларға жолдама 10 маусымнан бастап беріледі

Қалалық білім басқармасының басшысы Ә.Жанғозиннің айтуынша, осы кезден бастап жүйеге 17 мың бос орын енгізіледі. Оның тәртібі баланың туылған жылына байланысты жарияланады. Атап айтқанда, 2016 және 2017 жылғы балалар үшін 10 маусымнан, 2015 жылғы балалар үшін14 маусымнан, ал 19 маусымнан – 2013 және 2014 жылғы балалар үшін бос орындар қолжетімді болады.

Биылдан бастап баланы кезекке қою және оған жолдама алуды ұялы телефон арқылы жасауға болады. Электронды жүйеде әрбір бала-бақшаға қатысты толық ақпарат болады. Бұдан бөлек, ата-аналардың электронды поштасына таңдаған бала-бақшасында бос орынның пайда болғандығы туралы хабарлама жіберіледі.

Ұлттық банк Елордаға көшеді

Ұлттық банк төрағасы Е.Досаев осылай деп мәлімдеді. Айтуынша, жаңадан құрылатын Қаржы нарықтарын реттеу мен дамыту агенттігі Алматыда орналасады.

"Жаңа агенттікті құру Ұлттық банкті қайта ұйымдастыру арқылы жүзеге асырылатын болады. Ұлттық банктің өкілеттіліктері жаңа органға беріледі. Біздің штаттан 500-ге тарта адам жаңа агенттікке ауысады" деп хабарлады Е.Досаев.

"Дәрігердің статусын көтермей, медициналық көмектің сапасын жақсарту мүмкін емес"

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Ақтөбеде медицина саласы қызметкерлерімен кездесуінде осылай деді. Президент биыл 1-ші маусымнан бастап бюджет саласындағы кейбір жұмысшылардың жалақысының 30 пайызға дейін көтерілетінін мәлімдеді. Бұл тұрғыда алдағы үш жылда 7 аймақта салынатын 10 медициналық ұйымның құрылысына бюджеттен 120 млрд теңге бөлінетінін атап өтті.

Қ.Тоқаев сөз арасында дәрігерлерді қызметінен тыс жұмыстардан және міндетіне кірмейтін артық жүктемеден босату керектігін баса айтты. Үкіметке денсаулық саласын сандық жүйеге көшіру жұмыстарын 2019 жылдың 1 қазанына дейін бітіруді тапсырды.

Елімізде валюта саясаты тұрақты

Ұлттық Банк төрағасы Е.Досаев әлеуметтік желіде Қазақстандағы девальвация туралы тараған қауесетке қатысты пікірін білдірді. Инфляция бойынша төрт айдың нәтижесі (4,9%) бұл көрсеткіштің қажетті дәлізде тұрғанын көрсетеді деп мәлімдеді. Бұл ретте еліміздегі ақша-несие, валюта саясатының тұрақты екендігін тілге тиек етті.

Мақтау қағазы үшін мектептердің ата-аналардан ақша жинауға құқы жоқ

Алматыдағы №38 мектептің ата-аналары шу шығарды. Ата-аналар чатында бастауыш сыныптың жетекшісі үздік оқушылар мен жақсы бағаға бітіргендердің грамотаға 50-55 теңгеден жинау керектігін жазған. Informburo.kz редакциясына хабарласқандардың айтуынша, өткен оқу жылында грамоталарды мектеп өз есебінен жасап, тапсырған.

№38 мектеп директоры Г.Досаева биыл "грамоталар демеушілік қаражат есебінен сатып алынады" деп хабарлады.

– Білім басқармасы биылғы оқу жылына бізге кеңсе тауарларын сатып алуға 90 750 теңге бөлді. Жыл аяғына дейін бұл қаржы бізге жетпеуі мүмкін. Сол себепті грамоталарды демеушілік қаражаттың есебінен сатып алдық. Демеуші – жолдасымның досы, "Илеу" ЖК иесі бізге мың теңге берді", – деді Г.Досаева. 22 мамырда Г.Досаева мұғалімдермен жиналыс жасап, ата-аналарға грамота үшін жиналған қаражатты қайтару туралы айтқан. Бұл ретте ол өткен жылдары грамотаны қалтасынан қаражат шығарып сатып алып жүргенін жайып салды.

Білім және ғылым министрлігі кеңсе тауарларын сатып алуға әрбір мектепке қаражат бөлінетінін мәлімдеді. Алайда, бұл мақсатқа демеушілік қаражат пен өз қаражатын пайдалану құқы бар екені айтылды. "Мектептерде ақша жинауға тыйым салынған. Грамота да, алғыс хат та ата-аналар есебінен сатылып алынбауы тиіс", – деп хабарлады БҒМ Вице-министрі Б.Асылова

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Өткен жылы дүниеге келген нәрестелердің жартысынан көбі – ұлдар. ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметінше, 2018 жылы Қазақстанда 397 799 адам дүниеге келген, оның ішінде қалада туғандары - 235 014, ауылда туғандары - 162 785. 205 224 ұл туды (жалпы дүниеге келгендер санының 51,6%) және 192 575 қыз (48,4%) дүние есігін ашты. Өңірлер арасында ең жоғары туу деңгейі Маңғыстау облысында (1000 адамға шаққанда 29,72 бала), Нұр-Сұлтан (27,67) және Шымкентте (27,53) байқалды. Ең төменгі туу деңгейі Солтүстік Қазақстан (12,93), Қостанай (13,30) және Павлодар (15,72) облыстарында тіркелді.

Baq.kz: Оңтүстікте нөсер жауын, солтүстікте үсік жүреді. Синоптиктердің болжамы бойынша, мамырдың 23 мен 25 аралығында еліміздің батысына жылжыған антициклон жылдам өтіп кетеді. Оның орнына Ресейдің Еуропалық бөлігінен суық атмосфералық фронттар келе бастайды. Оңтүстікте найзағай ойнап, жаңбыр жауады, оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында күшті жаңбыр, ауа температурасы климаттық нормадан 2…6°С төмендейді. Солтүстік, орталық және шығыс облыстарында алдағы түнде 3°С үсік жүреді.

24.kz: "Бизнестің жол картасы" бағдарламасы 2025 жылға дейін ұзартылады. Бағдарлама шеңберінде кепілдендіру үшін несие көлемін ұлғайту жолымен кепіл бойынша жүктемені азайту, микроқаржылық ұйымдарды тарту, айналым қаражатын несиелеу үлесін арттыру, кәсіпкерлердің тиімді жобаларына талаптарды күшейту, мемлекеттік бағдарлама және басқа да құралдарды ұлғайту шаралары көзделген.

Серіктестер жаңалықтары