Тікелей эфир

Мұғалімдер мен дәрігерлерге бастапқы жарнасыз баспана беріледі. Жаңалықтарға шолу

Құр сертификат үшін қосымша ақы төлеген Білім министрі сынға қалды. Еліміздің бірқатар өңірінде өзен суының деңгейі көтерілуі мүмкін.

Президент қазақстандықтарды Ораза айт мерекесімен құттықтады

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев дамгершілікке, мейірім мен қайырымдылыққа үндейтін қасиетті Рамазан айының аяқталуы – күллі мұсылман үмбеті үшін маңызды мереке екенін атап өтті. Ораза айт мерекесімен Бас муфти Серікбай қажы Ораз да құттықтады. Әрбір отбасына береке-бірлік, бақ тіледі.

"Баспана" ипотекалық ұйымына жаңа басшы келді

Бұл қызметке бұған дейін ұйымның тәуелсіз директоры болған Ерболат Оспанов тағайындалды. ҚР Ұлттық банкі ипотекалық ұйымның жалғыз құрылтайшысы. Ұйымның негізгі мақсаты "7-20-25. Әрбір отбасына тұрғын үй сатып алудың жаңа мүмкіндіктері" бағдарламасында көзделген функцияларды жүзеге асыру болып табылады.

Қазақстандағы сайлауды жариялауға әлемнің 40 елінен 227 журналист келеді

Президент сайлауына қатысты ақпараттарды таратуға ниет білдірген шетелдік БАҚ өкілдерін тіркеу жұмыстары аяқталды. 2015 жылғы Президент сайлауында әлемнің түкпір түкпірінен 168 журналист келген. "Биылғы сайлауда шетелдік БАҚ өкілдерінің санының артқаны әлемдік қоғамдастықтың біздің елімізге деген қызығушылығы мен мемлекеттің саяси және әлеуметтік өміріндегі өзгерістердің айқын көрінісі" деп атап өтті Сыртқы істер министрлігі.

Мұғалімдер мен дәрігерлерге бастапқы жарнасыз пәтер беріледі

Осы мақсатта Қазақстан ипотекалық компаниясы 40 млрд теңге бөледі. Тұрғын үйлер сала қызметкерлеріне "Нұрлы жер" бағдарламасымен сатып алу құқығымен жалға беріледі.Жалға алу мерзімі 20 жылды құрайды. Баспана бастапқы жарнасыз беріледі. Тұрғын үйді кез келген уақытта және айыппұл санкцияларын қолданусыз мерзімінен бұрын сатып алу мүмкіндігі бар. Кіріс жеткіліксіз болған жағдайда кепілгерлерді тарту мүмкіндігі де қарастырылған.

Жалға алу төлемінің орташа айлық құны Республика бойынша орташа бағадан төмен болады. Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы А.Орсариев бағдарламаға қатысушылардың басында баспана болмауы керектігін, сонымен қатар өзінің төлемқабілеттілігін растау қажеттігін атап өтті. Жауапты өкілдің айтуынша, 50 шаршы метрлік пәтер шамамен 13 млн теңге тұруы мүмкін. Мұны жалға алу келісім-шарты 20 жылға жасалса, ай сайынғы төлем 67 мыңдай, 15 жылға жасалса, 80-90 мың тұрады екен.

Құр сертификат үшін қосымша ақы төлеген Білім министрі сынға қалды

Мектепте сабақты үш тілде оқыту үшін елімізде 6740 пән мұғалімі оқытылған. Бірақ олардың 818-і ғана сабақты толық ағылшын тілінде өткізеді екен. Соған қарамастан барлығы бірдей ай сайын 35 394 теңге қосымша ақы алып отыр. Мәжілістің жалпы отырысында осындай фактілерді жайып салған депутат Ж.Нұрмамбетова Білім және ғылым министрі К.Шәмшидиновадан сабақты әртүрлі өткізген мұғалімдер неліктен бірдей қосымша ақы алатынын сұрады. Бұл ретте Министр 3 тілде сабақ беру жүйесі 352 мектепте ғана жүзеге асырылып отырғанын растады. Айтуынша, мұғалімдердің барлығына бірдей қосымша ақы төлеу шешімі о бастан қабылданып қойған. Қосымша ақы кімге төлеу, кімге төлемеу керектігі енді талқыланып жатырған көрінеді. Мәжіліс Төрағасы Н.Нығматуллин Министрді жоспарың көрсеткішін жақсарту үшін жасап отырған жүйесі үшін сынға алды.

– Сіздер талқылағанға дейін 1,6 млрд теңге төленіп қойды. Ашығында сіздер мұғалімдерге тілді білгеніне емес, А4 форматындағы сертификаты үшін қосымша ақы төлеп жатсыздар, – деді ол. Бұл ретте, мектептегі үштілділікті есеп үшін емес, ақылмен енгізу керектігін қоса айтты.

Катя есімді аю Қостанай түрмесінен бостандыққа шықты

Ол осыдан 15 жыл бұрын, 2004 жылы Қостанайдағы УК-161/2 түзеу мекемесіне осы жылы баланы тырнап алғаны үшін қамалған. Аюға осынша уақыт бойы колонияда жазасын өтеп жатқандар күтім жасаған.

Темір тордан енді босатылған Катя Петропавл қаласындағы "Абакшино" демалыс базасына жіберілді. Онда шағын хайуанаттар бағы бар екен.

Доллар бағамы бір аптадан бері 384 теңгемен тұр

Қазақстан қор биржасының бүгінгі сауда сессиясының қорытындысында АҚШ валютасы орташа бағаммен 384,2 теңгеге сатылды. Бір тәулікте доллар 0,01 теңгеге ғана арзандады. Ұлттық банк төрағасының орынбасары М.Әбілқасымова соңғы күндері АҚШ валютасы құнының өсуі әлемдік нарықтағы мұнай бағасына байланысты деген пікір білдірді.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Төрт ай ішінде Қазақстаннан шетелге 170 млрд теңге аударылған. Бұл 2018 жылдың тиісті көрсеткішінен қарағанда 8,6 пайызға артық. Ақшаның басым бөлігі халықаралық ақша аударымдар жүйесі арқылы Ресейге жөнелтілген (65,1 млрд теңге). Екінші орында Өзбекстан тұр. Ол жаққа аударылған ақшаның мөлшері 26,5 млрд теңгемен бір жылдың ішінде 36,2 пайыздық өсімге жеткен. Алғашқы үштікті Түркия түйіндейді (25,8 млрд теңге, +41,2 пайыз).

24.kz: Еліміздің бірқатар өңірінде өзен суының деңгейі көтерілуі мүмкін. Бұл туралы ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер хабарлады. Айтуынша, 5-7 маусым күндері Шығыс Қазақстан облысында, 6-7 маусым аралығында Жамбыл, Түркістан, Алматы облыстарында жаңбыр күтіледі. Кей жерлерде қатты жауын-шашын салдарынан өзендерде су деңгейі көтерілуі мүмкін.

Sputniknews.kz: Қазақстан полициясы күшейтілген режимге көшеді. Сайлауға байланысты 7-12 маусым аралығында барлық полиция күшейтілген режимде жұмыс істейді. Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаевтың айтуынша, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 21 мың полицей жұмылдырылмақ.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары