Тікелей эфир

Көпбалалы отбасыларға жеңілдетілген ипотекамен баспана беруге өтініштерді қабылдау басталды. Жаңалықтарға шолу

Сурет Informburo.kz
Сурет Informburo.kz
Күйеулерімен Сирияға кеткен әйелдерді азаматтығынан айырады. Елімізде алдағы тәуліктерде күн 20 градусқа дейін жылынады.

Әділетсіз шешімдері үшін судьялар тозаққа түседі

Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков осылай деп мәлімдеп, сот жүйесіндегілерге Алладан қорқуға кеңес берді. Ол салада қателіктердің, заң бұзушылықтар мен судьялардың этикасына нұқсан келтіретін жайттардың кездесетінін жайып салды. Бұл ретте мемлекет басшысы қазіргі құрамның өз жұмысын тиісті түрде көрсете алмауына байланысты судьяларды іріктеудің жаңа кеңесі сайланатынын хабарлады.

Үстіне мұз сүңгісі құлаған бозбалаға қатысты ПИК басшысына айыппұл салынды

Павлодарда көпқабатты үйлердің бірінде 16 жастағы оқушының басына мұз сүңгісі құлап, ауруханаға түсті. Оған бас миы шайқалған деген диагноз қойылды.

Облыстық полиция департаментінен хабарлағандай, осы оқиғаға байланысты Короленко көшесіндегі №355 үйдің Пәтер иелері кооперативінің басшысы ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 505 бабы бойынша жауапқа тартылып, оған 30 АЕК (75 750 теңге) көлемінде айыппұл салынды. "Тұрғын үй қатынастары туралы" заңның 43 бабының 8 бөлігі бойынша ПИК қызмет көрсетуші нысандарының санитарлық және техникалық жағдайын қамтамасыз етуге жауапты.

Алматыда көпбалалы отбасыларға жеңілдетілген ипотекамен баспана беруге өтініштерді қабылдау басталды

Аймақта барлығы 1276 көпбалалы отбасы пәтер кезегінде тұр. Оларға жеңілдетілген шарт бойынша, яғни 15 млн теңгеге дейін жылына 2%-бен баспана алу ұсынылып отыр.

"Бақытты отбасы" бағдарламасымен бастапқы нарықтан пәтер таңдай алады. Оған үміткерлер мен отбасының кез келген мүшесінде Қазақстанның аумағында меншігінде пәтер болмауы тиіс. Құжаттар 11 наурыздан 15 наурызға дейін қабылданады.

"7-20-25" бойынша "Нұрлы жермен" сатуға Астана мен Алматы пәтер бөлмеген

"Баспана" ипотекалық ұйымы таратқан мәліметке сүйенсек, биыл әкімдіктер "Нұрлы жердің" 3355 пәтерін "7-20-25" бағдарламасымен сатуға бөліп отыр. Қолжетімді пәтер бөлуден Шымкент (282 пәтер) көш бастап тұр. Екінші орында Ақтөбе (605 пәтер), үшінші Жамбыл облысы (278 пәтер). Астана, Алматы, Ақмола, Қарағанды, Атырау және Шығыс Қазақстан облыстарында бұл мақсатта бір де бір пәтер бөлінбепті.

Күйеулерімен Сирияға кеткен әйелдерді азаматтығынан айырады

Ұлыбритания үкіметі осындай шешім қабылдады. Елдің ішкі істер министрлігі мәселені егжей-тегжейлі зерттейтін болады. Бұған дейін Сирияға соғысқа аттанған күйеуінің артынан кеткен апалы-сіңлілі екі британдық әйел азаматтығынан айырылды.

BBC таратқан мәліметке сәйкес, ел қауіпсіздігіне қатер төндіретін адамдарға қарсы Британия үкіметі осындай шараны қолға алып отыр. 2017 жылы 104 адам бұл елдің азаматтығынан айырылған.

Үйсіздер жылы аялдамаларда тұруға құқылы

Өскеменнің әкімдігі осылай деп мәлімдеді. Бұған дейін қала халқы мұндай аялдамаларда қаңғыбастардың қаптап кеткеніне наразылық білдірген еді. Қалалық әкімдік оларды аялдамалардан қуып шығуға құқымыз жоқ деп жауап берді. Бұл ретте үйсіздердің аты-жөнін анықтау мақсатында мұндай жайттарды полицияға хабарлау керектігін де ескертті.

2018 жылы 150 сарбаз кері қайтарылды

Олардың бәрінің денсаулығында кінәрат бар. ҚР Ұлттық гвардиясының бас қолбасшысы Руслан Жақсылықов осылай деп мәлімдеді. Аталғандардың арасында туберкулездің ашық түрімен ауырған 5 сарбаздың бар екеніне тоқталды. Бұл ретте Бас қолбасшы оларды әскерге жіберуге рұқсат берген жергілікті атқарушы органдардың жауапсыздығын тілге тиек етті.

Р.Жақсылықов әскерде көз жұмғандардың арасында медициналық тексерістерден дұрыс өтпегендердің барын алға тартты. "Әскерге жіберілетіндер үшін міндетті түрде тапсыратын анализдердің тізімін кеңейту керек" дейді ол.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Елімізде алдағы тәуліктерде күн 20 градусқа дейін жылынады.12-14 наурызда Республиканың басым бөлігінде ауа райы жауын-шашынсыз, күн ала бұлтты, ауа температурасы 0...+8°С градус, ал оңтүстік және оңтүстік-шығыста +12...+20°С градус болады. Бұл климаттық нормадан 4...10°С градусқа жоғары.

Baq.kz: Головкин маусымда рингке оралады. Головкин DAZN ұйымымен келісімшарт жасады. Ол 3 жылға созылады және осы уақыт аралығында қазақстандық боксшы 6 кездесу өткізбек. Геннадий жылына екі жекпе-жек өткізіп отыратын болады. Келісімшарт уақыты аяқталған соң ол мансабымен қош айтыспақ. Қазақстандық боксшының DAZN аясындағы алғашқы кездесуі маусымда өтеді, қарсыласының кім екендігі әзірге белгісіз.

24.kz: Қазақстанның бірнеше өңірінде өзен суының деңгейі көтеріледі. "Қазгидромет" РМК ақпараты бойынша 10-13 наурызда ауа райының жылынуына және жауын-шашынның түсуіне байланысты Батыс, ШығысҚазақстан облыстарында қарлар мен мұз жамылғысы еріп, өзендерде су деңгейі көтерілуі мүмкін.

Серіктестер жаңалықтары