Тұрғын үй сертификаттарын алушылардың тізімі кеңейтілмек
"7-20-25" бағдарламасына қатысу үшін берілетін 1 миллион теңгелік тұрғын үй сертификаттарын мұғалімдер, дәрігерлер, полицейлерден бөлек әлеуметтік қызметкерлер де алатын болды. Астана әкімдігі осындай шешім қабылдады. Қазір қалада 1260 (482-сі баспанаға мұқтаж) әлеуметтік қызметкер бар, олардың орташа айлық табысы 70 мың теңге.
Жөтелге қарсы "Эреспал" таблеткалары мен сироптары қолданыстан алынып тасталып жатыр
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Фармация комитеті құрамында фенспириді бар препараттарды сатуды тоқтатып, дәріхана сөрелерінен алып тастап жатыр. Францияда өндірілген дәрінің кардиограммадағы интервалды ұзарту, жүрек жұмысында үзіліс болғызу мүмкіндігі бар екенін өндірушінің өзі хабарлады.
Дәрігерлерге бұл дәріні қолдануға кеңес беруді тоқтату, пациенттерге оның кері әсері болу мүмкіндігін ескерту, сондай-ақ дәріні тұтынуды тоқтатып, дәрілердің қалғанын фармацевтерге тапсыру керектігін айту ұсынылды. Министрлік таратқан мәліметке сенсек, бүгінге дейін Қазақстанда препараттың кері әсеріне байланысты бірде бір дерек тіркелмеген.
Көпбалалы отбасыларға арналған жалдамалы пәтерлер қолжетімдірек болады
Бұл туралы ҚР Премьер министрінің орынбасары Е.Досаев мәлімдеді. Айтуынша, көпбалалы отбасылармен кездесу барысында әкімдіктерде жиналған ұсыныстарды жинау жұмысы осы аптада аяқталады.
Көп балалы отбасыларды қолдау мақсатында мекенжай бойынша әлеуметтік көмек алуды, сонымен бірге бюрократиялық процедураларды жеңілдету, мемлекеттің қолдауына мұқтаж көпбалалы отбасыларға жәрдемақы төлеу механизмін жетілдіру жұмыстары қолға алынады. Мұндай отбасылардың балаларына мектепте ыстық тамақ беру, қоғамдық көлікте жүруін жеңілдету секілді мәселелер кеңінен қамтылатын болады.
Қазақстан азаматын атып өлтірген қырғызстандық шекарашыға қатысты қылмыстық іс қозғалады
Қайғылы оқиға болған күні қос тараптың сыртқы істер министрлері телефон арқылы тілдесті. Бейбіт кезеңде өмір сүріп жатқан көрші мемлекеттер арасында қару қолданудың орынсыздығын айтты. Қырғыз тарапы қару қолдануға қатысты шекарашыларға қылмыстық іс ашылғанын мәлімдеді.
23 қаңтарда үш адам он жылқыны Қырғызстаннан Қазақстанға айдап өтпек болған. Қырғызстанның шекара жасағы оларды ұстауға тырысқанмен, тәртіп бұзушылар қарсылық көрсетіп, қырғыз шекарашылары суық қару қолданған. Нәтижесінде біреуі қайтыс болды, екеуі қашып кеткенмен, кейін ұсталды.
Астанада ауған соғысы ардагерлеріне 23 мың теңге, ал Талдықорғанда үш есе көп сыйақы беріледі
Ауған жерінен Кеңес әскерлерінің шығарылғанына 30 жыл толуына орай Елорда әкімдігі ауған ардагерлеріне 23 мың теңге, Талдықорған билігі 70 мың теңге сыйақы табыстайды. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы Informburo.kz редакциясына берген жауабында Астана мәслихаты наурызда ардагерлерге қосымша 30 мың теңге беру мәселесін қарастыратынын айтты.
Судьялар неліктен тергеушілер тарапын тыңдап, қорғанушы тараптың айтқанын естімейді?
Бұл сауалға бүгін Жоғарғы соттың төрағасы Жақып Асанов жауап берді. Айтуынша, судья істі оқып, өз пікірін қалыптастырады. Нәтижесінде істің әсерінен шыға алмай қалады, яғни тергеу ісінің эмоцияларына беріледі. Қорғанушы тарапты тыңдағысы келмейтіні осыдан.
Сондықтан жоғарғы сот Актті тапсыру процедурасын өзгертуді ұсынды. Ол бойынша сотқа қылмыстық іс емес, тергеушілер мен қорғанушылардан бір мезетте айыптау актісін қабылдай беру көзделген. Сонда ғана сотта тараптар өзінің ақтығын тең жағдайда дәлелдей алады.
Теңге құлдырап, доллар күш алды
Қазақстан қор биржасының таңертеңгілік сессиясының қорытындысында АҚШ валютасы орташа бағаммен 376 теңгеге бағаланды. Кешегі күнгі бағаммен салыстырғанда доллар 2,5 теңгеге қымбаттады.
Астана әуежайында электронды отырғызу талоны енгізілді
Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының Т1 және Т2 терминалдарында "ePassenger" бағдарламасы іске қосылды. Ол бойынша жолаушылардың электронды тасымалдаушы құрал экранындағы отырғызу талонын сканерлеу арқылы тексеруден өту мүмкіндігі бар.
Қол жүгі бар жолаушы ұшақ рейсіне компьютер немесе мобильді құрылғы арқылы тіркеледі. Арнайы 2D баркод бар отырғызу талоны жолаушыға электронды почта арқылы жіберіледі.
Қазақстандық БАҚ не жазды:
Inform.kz: Санкт Петербург – Астана бағытында әуе рейсі ашылады. Дипломатиялық арналар арқылы ресейлік авиациялық билік органдарынан аптасына 7 рет Санкт-Петербург – Астана бағыты бойынша рейстерді орындау үшін Red Wings әуе компаниясын тағайындау туралы шешім қабылданғаны туралы xабарлама келіп түсті.
Baq.kz: Алматыда Hyundai автомобиль зауыты салынады. Astana Group компаниясының президенті Нұрлан Смағұловтың айтуынша, әзірге Қазақстан Даму Банкімен несие бөлу бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін цех жасалып бітіріледі, өндіріс келесі жылдың қаңтарынан басталады. Hyundai Accent пен Hyundai Creta маркаларының күрделі құрастыру 2020 жылдың ортасында басталады.