Елімізде жаппай вакциналау басталғаннан бері 300 мыңнан астам қазақстандық коронавирусқа қарсы екпе алған. Енді сол азаматтарды екпе қаншалықты тиімді болды, вакцинадан кейін иммунитет қалыптасты ма деген сұрақтар мазалауы мүмкін. Осыған байланысты, "ОЛИМП" клиникалық-диагностикалық зертханалар желісі жаңа тест енгізіп отыр. Ол поствакциналық антиденелердің бар-жоғын анықтауға мүмкіндік береді. Тест "Коронавирустың S-ақуызына қарсы G иммуноглобулиндерін анықтайтын иммуноферменттік талдау" деп аталады.
"Екпе салғаннан кейін ағзамыз коронавирустың S-ақуызына қарсы антиденелер қалыптастырып, иммундық жауап береді. Жиынтық антиденелерді анықтауға бағытталған электрохемилюминесценция (ЭХЛ) әдісімен жасалатын әдеттегі талдау вакцинаның тиімділігін қадағалауға келмейді, себебі ол S-ақуызына қарсы антиденелерді көрсетпейді. Жиынтық антиденелерді тексеретін талдау коронавируспен ауырғандарда N-ақуызына қарсы антиденелерді анықтайды. Сондықтан поствакциналық антиденелерді анықтауға арналған бөлек жаңа талдауды енгізу қажеттілігі туындады", – деді "КДЛ ОЛИМП" ЖШС бас директоры Ерлан Сүлейменов.
Оқи отырыңыз: Ауыз берік кезде вакцина салдыру оразаны бұзбайды
"ОЛИМП" клиникалық-диагностикалық зертханалар желісі жаңа зерттеуді еліміздің барлық аймақтарында жасайды. Поствакциналық антиденелерді анықтайтын талдауды екпенің бірінші дозасын алғаннан кейін 42 күн өткенде, яғни 6 аптадан соң тапсыру қажет.
Зерттеу құны – 3 000 теңге, веноздық қан алу – 600 теңге. Тест аш қарынға жасалады.
Осындай зерттеу Invivo зертханасында да жүргізілуде. Онда зерттеу құны – 3 500 теңгені құрайды, материалдан сынама алу – 550 теңгені құрайды.