Тікелей эфир

Жаңарған Сенат: Қай сенатор қандай қызмет тізгінін ұстады?

Сурет: Aqorda
Сурет: Aqorda
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен парламент сенатының отырысы өтті.

2023 жылғы 26 қаңтарда ҚР парламент сенатында жасырын дауыс беру арқылы палата төрағасы мен бірқатар комитет жетекшісі сайланды. Оларға сенаторлар бірауыздан дауыс берді. 

Барлық сенатордың қолдауымен ҚР парламенті сенатының төрағасы лауазымына Мәулен Әшімбаев сайланды. 

Қызмет жолы: 

2006-2011 жылдары президент әкімшілігі басшысының орынбасары болып тағайындалды. 

2012-2018 жылдары V, VI шақырылымдағы парламент мәжілісінің депутаты, халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы болды.

2018-2019 жылдары Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары, 2019 жылғы шілде-желтоқсан айларында президент көмекшісі, кейін президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 

2020 жылы парламент сенатының депутаты болып тағайындалды, VI шақырылымдағы парламент сенатының төрағасы болып сайланды.

2023 жылғы қаңтарда президент жарлығымен сенат депутаты болып қайта тағайындалды.


Оқи отырыңыз: Президент Мәулен Әшімбаевты парламент сенатының төрағалығына ұсынды


Жақып Асанов сенат төрағасының орынбасары болып сайланды.

Қызмет жолы: 

1985 жылы еңбек жолын Қызылорда облыстық қорғаушылар коллегиясының стажері ретінде бастап, 2016 жылы бас прокурор болғанға дейін әртүрлі лауазымда қызмет атқарды. 

2007-2011 жылдары "Нұр Отан" ХДП партиялық тізімі бойынша IV сайланған парламент мәжілісінің депутаты. 

2012 жылғы қаңтардан бастап "Нұр Отан" ХДП партиялық тізімі бойынша V сайланған парламент мәжілісінің депутаты.


Нұртөре Жүсіп парламент сенатының әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы болып сайланды.

Қызмет жолы: 

1990 жылдан бастап әртүрлі отандық басылымдарда бас редактордың орынбасары және жетекшісі болды.

2019 жылғы 12 тамызда  президент жарлығымен парламенті сенатының депутаты болып тағайындалды.

2022 жылғы 8 желтоқсаннан бастап парламенті сенатының әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы.


Сүйіндік Алдашев парламент сенатының экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы қызметіне сайланды. 

Қызмет жолы: 

1994-2012 жылдары "ҚазТрансОйл" АҚ-да әртүрлі қызмет атқарды. 

2012-2017 жылдары Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары болды.

2017 жылғы қарашадан бері "Қаражанбасмұнай" АҚ бірінші вице-президенті лауазымын атқарды. 

2020 жылы парламент сенатының депутаты болып сайланды. 


Сұлтанбек Мәкежанов парламент сенатының қаржы және бюджет комитетінің төрағасы қызметіне сайланды. 

Қызмет жолы: 

2002-2005 жылдары Маңғыстау облысы әкімдігінде, 2005-2010 жылдары Алматы қаласының табиғи ресурстар және табиғат қолдануды реттеу департаментінде жұмыс істеді. 

2010-2016, 2019-2020 жылдары Алматы қаласы Медеу ауданының әкімі, 2016-2019 жылдары Алматы қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. 

2020 жылы Алматы қаласынан парламент сенатының депутаты болып сайланды. 


Әли Бектаев аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы болып сайланды. 

Қызмет жолы: 

1984-2006 жылдары Оңтүстік Қазақстанда әртүрлі қызметте болды.

2006-2008 жылдары Түркістан қаласы әкімі, 2008-2014 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болды.

2014 жылғы қарашада парламент сенатының депутаты болып сайланды.

2014-2017 жылдары парламент сенаты әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің, 2017-2019 жылдары парламент сенаты қаржы және бюджет комитетінің мүшесі.

2019 жылдың қыркүйегінен бастап қазіргі уақытқа дейін парламент сенаты аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы қызметін атқарып келді.


Асқар Шакиров парламент сенатының халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы болып сайланды.

Қызмет жолы: 

1978-2007 жылдары аралығында КСРО ішкі істер министрлігінің жүйесінен бастап қаржы министрлігіне дейін әртүрлі қызметте болды. 

2007 және 2012 жылдары адам құқықтары жөніндегі уәкілі қызметіне тағайындалды. 

2019 жылы президент жарлығымен парламент сенатының депутаты, парламент сенаты төрағасының орынбасары болып сайланды.


Андрей Лукин парламент сенатының конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы болып сайланды. 

Қызмет жолы: 

1982-2014 жылдары аралығында комитет, департамент, министрліктерде әртүрлі лауазымда қызмет атқарды. 

2019 жылдан бастап парламент сенатының депутаты және конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі. 

 

Серіктестер жаңалықтары