Informburo.kz тілшісі осы үш облыста соңғы екі жылда қандай өзгерістер болғанын өңірдегі қоғам белсенділерінен сұрап көрді.
2022 жылдың 4 мамырында президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы жарлыққа қол қойды. Жарлық 2022 жылдың 8 маусымынан бастап күшіне енді. Осылайша, Қазақстанда ресми түрде үш жаңа облыс пайда болды. Олар:
- Абай,
- Жетісу,
- Ұлытау облыстары.
Тәуелсіз Қазақстан тарихында елдің аумақтық құрылымы бірнеше рет өзгерді. 1991 жылы республикада 19 облыс болса, 1997 жылы оның саны 14 облысқа дейін қысқарған. 2022 жылдан бастап ел әкімшілік жағынан 20 аумаққа бөлінеді. Олар – 17 облыс және республикалық маңызы бар үш қала.
Ұлытау облысы
Ұлытау облысының құрамына Жаңаарқа, Ұлытау аудандары, Жезқазған, Қаражал және Сәтбаев қалалары кірді. Жезқазған – мыс өнеркәсібінің орталығы, бүгінде ол аймақтың әкімшілік орталығына айналған. 2023 жылғы мәлімет бойынша облыс аумағында 221 мың 395 адам тұрады. Өңірді 2022 жылдың 11 маусымынан бастап Берік Әбдіғалиұлы басқарып келеді.
2022 жылдың 16 маусымында араға ширек ғасыр салып облыс мәртебесін қайта алған Ұлытау өңірінде алғашқы ұлттық құрылтай өтті. Оған мемлекет басшысы, Мәжіліс депутаттары, азаматтық қоғам мен саяси партия өкілдері, сарапшылар мен өңірлердегі қоғамдық кеңес мүшелері, қоғам қайраткерлері мен кәсіпкерлер қатысты.
Ұлытау – 30 жылдай уақыт назардан тыс қалған өңір
Ұлытау өңіріндегі қоғам белсендісі Еркебұлан Нұрланов ауыз толтырып айтарлықтай өзгеріс үшін екі жыл тым аз уақыт екенін айтады.
"Облыс әкімінің жақтайтын да, сынайтын да бастамалары бар. Соңғы екі жылда қаланың құбырлары ауыстырылып, жаңаланып жатыр. Қаншама жылдан бері әбден ескіріп тұрған құбырлар ғой, соларды жөндеп жатыр. Биыл Жезқазғанда 40 көшенің жолдары жөнделіп жатыр. Жалпы саны 57 көше жөнделуі қажет. Ал, облыста проблема боп тұрған мәселелердің бірі маман тапшылығы дер едім. Бұрын қала деңгейінде жұмыс істеген мамандар қазір облысқа өтті. Ал ауылдағылар қалаға келді. Құжаттарды дұрыстап зерттеп, зерделеп, қиын тұстарын қарастыра отырып жинастыратын маман жоқ. Сондықтан, құжаттарды дайындаудың өзіне тендермен маман іздейді. Ал ол мамандар Алматыда отыр. Бізге өз арамыздан шыққан, өңірдің қыр-сырын білетін білікті мамандар жетіспейді", – дейді Еркебұлан Нұрланов.
Одан бөлек, қоғам белсендісі барлық проблемаға "әкім кінәлі" дейтіндермен келіспейтінін айтты:
"Бір шаруа шешілмей жатса "әкім кінәлі" дейтіндер көп. Меніңше, бүкіл өңірдің проблемасына жалғыз әкімді кінәлаған дұрыс емес. Биліктің тармағы көп, депутаттар бар, прокуратура, құқық қорғау органдары бар дегендей. Өңірді гүлдендіру үшін осылардың бәрі жұмыла жұмыс істеуі керек. Біздің өңірде көп нәрсе ескірген, су құбыры болсын, жылу құбыры болсын, тіпті кәріз жүйесінің өзі қатты ескірген. Ұлытау – 30 жылдай уақыт назарсыз қалған өңір. Өңірдің экологиялық жағдайына көңілім толмайды. Біздің аймақта онкологиялық аурулар жылдан-жылға жасарып келе жатыр. Сондықтан, бізге мықты медициналық орталықтар, сосын облысқа жақсы бір жылу электр орталығы керек. Себебі, қазіргісі әбден ескірген. Сондай-ақ, Арқалықпен екі ортадағы жол жөнделсе екен дейміз".
Абай облысы
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысының құрылатыны туралы 2022 жылы 16 наурызда Қазақстан халқына жолдауында айтты.
Абай облысының құрамына Абай, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Үржар, Ақсуат, Көкпекті аудандары, Семей және Курчатов қалалары кіреді. Сонымен бірге Ақсуат ауданы Тарбағатай ауданынан бөлініп, бөлек аудан болып қайта құрылды. 2024 жылы 1 қаңтарда жаңадан Жаңасемей, Мақаншы аудандары құрылды. Абай облысының әкімшілік орталығы – Семей қаласы. 2023 жылғы мәлімет бойынша облыста 610 мың 189 адам тұрады. Өңірді 2022 жылдың 11 маусымынан бастап Нұрлан Ұранхаев басқарады.
Халыққа жаңа жұмыс орындары қажет
Әлеуметтік желіде Тортуыл Шоқан деген атпен белгілі Нұржан Жолдыбекұлы есімді қоғам белсендісінің айтуынша, Абай облысы өз алдына облыс болып шыққаннан кейін ауыз толтырып айтатындай өзгерістер бола қоймапты. Нұржан облыс әкімінің халық алдында берген уәделері әзірге орындалмай жатқанын айтады:
"Жалпы, бізге бұл кісінің деңгейі қала әкімінің деңгейінде сияқты көрінеді. Өйткені, үнемі Семей қаласының проблемасын айта береді. Одан басқа аудан, қалаларда болып жатқан проблемаларды қозғағанымен де, барлығы сөз жүзінде қалып жатыр. Семей қаласында екі әкім бар сияқты. Облыс әкімі Семейдің көшелерін аралайды. Соның асфальтын, бағы мен бақшасын тексереді. Ауданның проблемасына мойын бұрмайды. Ал, аудандар мен қалаларда шешілмеген қанша проблема бар. Сондықтан, Семей қаласында әкім біреу емес, екеу деп жазыңыз. Даниал Ахметов кезінде көп дегенде үш ауданға барды ғой деймін. Ал ауылдарды мүлдем аралаған жоқ. Бұған дейінгі облыс әкімдері қандай еді? Мысалы, Сапарбаевты айтайық. Сапарбаев әрбір ауылға барып, халқымен кездесіп, жағдайын сұрап, кәдімгідей аяғына керзі етігін киіп алып, сол ауылдың проблемасын, дамбасын, жолын, ауыл шаруашылығын тексеретін. Ол кісінің есте сақтау қабілеті мықты болды, бәрін сұрайтын. Ал, қазіргі әкімдер келеді, кетеді, ал халық өз проблемасымен арпалысып қала береді".
Қоғам белсендісінің сөзінше, Абай облысы бөлінбей тұрып, Шығыс Қазақстан облысын Даниал Ахметов басқарған тұсында аудандарға бөлінген қаражат дұрыс игерілмеген.
"Ақшаның бәрі талан-таражға түсті. Жасалмаған жобалардың ақшасын қайда жібергені әлі күнге дейін тексерілмеді, жауапты адамдар жауапқа тартылған жоқ. Аудан әкімдері жауапқа тартылғанның орнына қызметтері өсіп, жоғарылап кетті. Бізде әлі күнге дейін су тартылмаған ауылдар бар. Бірақ қағаз жүзінде ол жерде бәрі керемет, шаруасы шешілген. Енді сол ауыз суға үкімет республикалық бюджеттен ақша бөле ме? Жоқ. Демек, халық тағы 10-15 жыл ауыз сусыз отырады деген сөз. Бұған енді ақша бөлінген күннің өзінде де ол шығын деп есептеледі. Менің ойымша, аудан, қала әкімдері түгел тексерілуі қажет. Өз басым прокуратураға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне қанша рет хат жаздым. Ешқандай нәтиже жоқ. Абай облысының аудандарында шешілмеген шаруа шаш етектен, бұрыннан келе жатқан кадрлар орнын босатпайды, бірақ, өздері жұмыс істемейді. Өңірдегі жемқорлықтың тамыры тереңге кетіп қалған" дейді Тортуыл Шоқан.
Тортуыл Шоқан – өңірдегі проблемаларды әлеуметтік желіде он жылдан астам уақыт бойы жазып келе жатқан қоғам белсендісі. Ол жергілікті халыққа жұмыс орындары жетіспейтініне, мемлекеттік қызметке баратын адамдар оны тек бизнес ретінде көретініне алаңдаулы.
"Қазір жеке бастың проблемасын шешу үшін мемлекеттік қызметке бару үрдісі белең алды. Менің қиналатыным, мемлекеттік қызметке барған адамдар халыққа көмектесемін деп бармайды. Жұмысқа идеясы бар, құлшынып тұрған адамдарды емес, "ләббай, тақсыр" деп тұрған адамдарды ғана алады. Қазір ешкім ауылдарға әкім болғысы келмейді, ол тіпті авторитет емес. Қарапайым халыққа жұмыс орындары жетіспейді. Мысалы, Аягөз ауданына ет комбинаты қажет. Өйткені Аягөз ауданында егін шаруашылығы жоқ, мұнда тек мал шаруашылығы бар. Бірақ, халықтың етін әкеліп өткізетін комбинат жоқ. Малдың басын, терісін, ішек-қарнын ешкім алмайды. Бір бүтін малдың 50-60 пайызы ғана жарамды. Қалған дүниесін ешкім алмайды. Сол үшін халыққа цех, комбинаттар керек. Халыққа жұмыс тең бөлінуі керек. Біздің өңірде білім саласындағы вакансиялар түгел сатылады. Мектеп директорлары жұмысқа келгенде бір пакет затпен келеді де, 4-5 жылдан кейін қарасаң, бірнеше жүк көлігімен көшіп бара жатады. Одан бөлек, өңірдің әлеуметтік саласына бөлінген қаржы қайда кетті, соны тексеру керек. Сосын аймақтың экологиялық ахуалына да көңіл бөлінуі қажет. Айта берсең, Абай облысында шешілуі тиіс шаруа көп", – дейді қоғам белсендісі.
Жетісу облысы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауында Алматы облысын да екіге бөлуді ұсынған-ды.
Жетісу облысының құрамына Ақсу, Алакөл, Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Панфилов, Сарқан аудандары, Талдықорған және Текелі қалалары енді. Облыстың әкімшілік орталығы – Талдықорған қаласы. 2023 жылғы мәлімет бойынша, Жетісу облысында 698 мың 675 адам тұрады. Облысты 2022 жылдың 11 маусымынан бастап Бейбіт Исабаев басқарады.
Сонымен қатар, бұрынғы Қапшағай қаласына Дінмұхаммед Қонаевтың есімі беріліп, Алматы облысының орталығына айналды.
Өңірде тазалық пен инфрақұрылымға қатысты мәселе көп
Жетісу облысындағы соңғы екі жылдағы өзгерістер туралы Қазақстанның құрметі журналисі, ақпарат саласының үздігі Болатбек Абағанның пікірін сұрап, білдік.
"Жетісу облысы өз алдына бөлек облыс болғалы бері айтарлықтай үлкен өзгерістер болды деп айта алмаймын. "Өткен жылы Жетісу облысы дәнді дақылдар жинаудан республика бойынша төртінші орынға тұрақтады" деп айтып жүр ғой. Өз басым сол ақпаратқа онша сеніңкірей қоймадым. Себебі, бұрын екі облыс бірігіп тұрған кезде біз миллион гектарға жеткізе алмай жүргенбіз. Қазіргі таңда 580 мың гектар егеді ғой. Былтыр еккен жүгерінің бәрі далада қалды. Сосын Қаратал мен Көксуда пияз да өтпей қалды. Сондықтан, әлгі дерек нақтыланбай, аудандардан берілген статистика негізінде берілді ме деп ойлаймын. Жетісу облысының барлық әлеуеті, мүмкіндігі агроөнеркәсіпте ғой. Бұрын Алматы облысы болып тұрғанда бюджеттің түсімінің негізгі бөлігін, яғни 80 пайыздай бөлігін Алматы аймағы беретін. Балқашқа апаратын жолдың жөнделіп жатқанына 15-20 жыл болды. Былтыр жылдың соңына дейін жөндеу аяқталады делінген еді, әлі бітпеді. Аймақтағы туризмнің дамуына бірден-бір себепші болатын сол жолдардың тегіс болуы ғой", – дейді журналист.
Болатбек Абағанның айтуынша, қазір Жетісу облысында ғылыми-зерттеу институттары мен ауыл шаруашылығы арасындағы байланыс үзіліп қалған:
"Бұл жалпы бүкіл Қазақстанға тән нәрсе ме деймін. Бұрын ғылыми-зерттеу институттары келер жылы ауа райы қандай болады, қандай егістік еккен тиімді болады, соның бәрін зерттейтін. Содан кейін барып ұсыныс айтатын, қазір ондай жоқ. Былтыр мәселен, қант қызылшасы жақсы өтті де, жүгері өтпей қалды. Енді биыл жүгеріні азайтып, қызылшаны көбейттік. Бірақ күзде сол қызылшаға байланысты мәселе туындай ма деп ойлаймын. Қазір "Қорғас" және "Достық" кедендері Жетісу облысының жыртығына жамау болып тұр дей аламын. Алакөл мен Ақшиде біраз өркендеу бар. Десе де, аймақта тазалық пен инфрақұрылымға қатысты мәселелер көп болып тұр".