"Тарихты жаңарту керек". Әлем чемпионы атанған таеквондошы Батырхан Төлеуғалимен сұхбат

Фото: Қазақстан таэквондо федерациясы
Фото: Қазақстан таэквондо федерациясы
19 жастағы спортшы жастар арасында да, ересектер арасында да өнер көрсетіп жүр.

Кения астанасы Найробиде таеквондодан 21 жасқа дейінгі спортшылар арасында өткен әлем чемпионатында 75 елден 500-ге жуық даянг шебері өзара бақ сынады. Қазақстан екі алтын, бір қола медальмен жалпы есепте үздік үштікті қорытындылады. Мұндай жетістік ел таеквондо тарихында бұрын-соңды болмаған. 

Осы орайда Информбюро тілшісі 87 келіге дейінгі салмақта әлем чемпионы атанған Батырхан Төлеуғалимен аз-кем сұхбаттасты. 

Батырхан Төлеуғали – жастар арасындағы Азия чемпионатының, жасөспірімдер арасындағы әлем және Азия чемпионатының, Универсиада ойындарының қола жүлдегері, G1 Austria Open және G1 Turkish Open турнирлерінің жеңімпазы, жастар арасында Қазақстан чемпионы. 

– Батырхан, әлем чемпионы атанғаның құтты болсын! Жарыс қалай өтті? Қарсыластарың кімдер болды? 

– Әлем чемпионаты өте жақсы деңгейде өтті. Бәрімізге қатты ұнады. Алғашқы кездесуде Грекия елінен келген Домпас Фотиості, ширек финалда аустралиялық спортшы Стюарт Джобты, ал жартылай финалда бейтарап ел өкілі Владислав Будинді жеңдім. Финалда ирандық Мохаммед Ализадемен алтынды сарапқа салдым.

Жасөспірімдер арасында үшінші орын алғаннан бері алтынға қолым жетпей жүр еді. Финалдық кездесу оңайға соқпады, өйткені қарсыласым бұған дейін әлем чемпионы атанған бразилиялық мықты таеквондошыны жеңді. Ақтық сында бар күш-жігерімді салып, соңғы сәтте жеңісті жұлып алдым. Көптен бері әлем чемпионы атануды армандап жүрген соң, финалда эмоцияға ерік бердім. 

Фото: Қазақстан таэквондо федерациясы

– Қайда туып өстің? Таеквондомен қашаннан бері айналысасың? Таеквондоның басқа спорт түрлерінен қандай ерекшелігі бар?

– Аякөз ауданында тудым. Кейін  7-8 жасымда ата-анам Семейге көшкен соң мені таеквондо спортына берді. Содан бері үзбей жаттығамын. Таеквонда – өте әдемі спорт, әрі олимпиадалық спорт түріне жатады.

Таеквондо басқа спорт түрлеріне қарағанда аяқтың көп қимылын қажет етеді. Кинодан сан түрлі әдемі соққыларды көреміз ғой, сол секілді таеквондо жарыстарында да спортшылар әдемі соққылар жасайды. Әрбір соққы сол жарыста жасай салған соққы емес, ол бір-екі жыл ғана емес, талай жыл жасаған жаттығулар мен практикадан өткен соөөылар. Таеквондоны әдемі соққылары үшін, ережесі үшін жақсы көремін. Әрі мұнда әділ төрелік етеді. Басқа спортқа қарағанда "жеңісті сатып алу" деген жоқ, өйткені бәрі автоматтандырылған. Мысалы, бастан тепкенде дулығамызда орнатылған аппарат жанады. Күшің жетсе жанады, жетпей жатса жанбайды.

Таеквондода бой аса маңызды емес. Мұнда соққыны мүлтіксіз орындау керек. Бапкердің айтқанын жасап, қарсыласыңның осал тұсын таба алсаң жеңістің ауылы алыс емес.

– Былтыр Париж Олимпиадасына қатысқан Қазақстан спортшылары арасында ең жасы өзің болдың. Олимпиада ойындары қалай өтті? Олимпиадаға қатысу ғана емес, жеңіске жету арманың болар?

– Олимпиада ойындарына 17 жасымда жолдама алдым. Олимпиада басталғанда 18-ге енді толып, өзімді әлі бала сезіндім. Оған дейін үлкен жарыстарды көрмеген едім. Десе де алға қойған мақсатым, дайындығым дұрыс болды. Тек жеңісті көздедім. Бапкерлермен де ұзақ дайындық жасадық, бірақ жүлде бұйырмады. Париж Олимпиадасы маған үлкен сабақ болды. Алдағы Олимпиадада алтын алуға бар күшімді саламын. Оған дейін әлі үш жыл бар. Келесі Олимпиадада жақсы формада шығамын деген ойдамын.

Фото: Қазақстан таэквондо федерациясы

– Инстаграм парақшаңда "Тарихты жаңарту керек" деп жазылып тұр. Бұнымен не айтқың келеді? 

– Иә, бұл жайдан-жай шыққан сөз емес. Неге десеңіз, Қазақстан таеквондо тарихында үлкен додалардан медальдар көп емес. Найробиде өткен бәсекеге дейін Қазақстанда таеквондодан әлем чемпионы шықпаған еді. Бейбарыс Қабылан тұңғыш әлем чемпионы атанса, артынша мен де бұл  қатарға қосылдым. Осылайша сең бұзылып жатыр.

Кез келген спортшы жеңіске жетуді, тарихта атын қалдыруды мақсат етеді. Тынбай еңбек етіп, алға мақсат қойып жаңа тарих жазамыз деп сенемін.

– Жылды қорытындыласақ, биылғы жыл сен үшін қалай өтті?

– 2026 жыл өте жақсы жыл болды. Десе де өте ауыр өтті, себебі көп жарақат алдым, стресс болды. Жыл басынан бері бас бапкеріміз Есбол Сұлтановтың нұсқауымен  жарыстарға демалыссыз үзбей дайындалдық. Көптеген халықаралық оқу-жаттығу жиынына, үлкен жарыстарға қатыстық. Осындай мүмкіндік беріп отырған Қазақстан таеквондо федерациясына алғыс айтқым келеді. Елімізде өткен оқу-жаттығу жиындарына мықты спортшыларды шақырып, тәжірибе алмастық. Біз үшін өте жақсы сабақ болды. Соның арқасында биыл жақсы нәтиже көрсетіп, жылды жақсы аяқтап жатырмыз. Биыл өзім шамамен оннан астам жарыста бақ сынап, екеуінен ғана жүлдесіз қайттым. Бірақ бапкерім, жақындарым қолдау көрсетіп, әлем чемпионатында топ жардым. Ересектер арасында әлем чемпионы атанғым келеді. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары