Елена Рыбакина алғаш рет Әйелдер теннисі қауымдастығының (WTA) әлемдік рейтингінде көш бастады. Бұған дейін Қазақстанның бірде-бір өкілі әйелдер мен ерлер арасындағы жекелей сында әлемдік рейтингтің бірінші сатысына көтерілмеген. Бұл тарихи жетістікті әлемдік БАҚ жарыса жазып жатыр. Құттықтаулар да толастар емес.
1999 жылы Мәскеуде туған Рыбакина 2018 жылы Қазақстан азаматтығын алып, cодан бері үлкен турнирлерде ел намысын қорғап жүр. Информбюро порталы бес жасында теннис ракеткасын ұстап, 27 жасында әлемнің ең үздік теннисшісі атанған Елена Рыбакинаның спорттағы жолына шолу жасады.
Алғашқы белестер
2019 жылдың шілдесінде Рыбакина теннистен Бухарест ашық чемпионатына қатысып, WTA бойынша алғашқы титулын жеңіп алды.
2021 жыл Елена Рыбакина үшін табысты жыл болды. Сол жылы Францияның ашық чемпионатында атақты Серена Уильямсты жеңіп, алғаш рет Үлкен дулығы турнирінің ширек финалына шықты. Алайда ресейлік Анастасия Павлюченковадан ұтылып, жартылай финалға шыға алмады.
Токио Олимпиадасына қатысып, төртінші орын алды. Дәл осы жылы алғаш рет Уимблдон турнирінің негізгі торында ойнап, үш матч бойы екі сетте жеңіске жетті. Елена төртінші айналымда Арина Соболенкоға есе жіберді.
2022 жыл. Уимблдон чемпионы
2022 жылы қаңтарда теннисші Аделаидеде өткен WTA 250 турнирінің финалына шығып, ақтық сында әлемнің бірінші ракеткасы Эшли Бартиден ұтылды. 17 қаңтарда WTA рейтингінде 12-орынға көтерілді.
Наурызда Рыбакина Индиан-Уэллстегі WTA 1000 турнирінің ширек финалына дейін жетті. Францияның ашық чемпионатының үшінші айналымында Мэдисон Кизға есе жіберді.
Елена Уимблдонда қатарынан төрт матчта қарсыластарын 2-0 есебімен жеңіп, ширек финалда Айла Томляновичтен басым түсіп, алғаш рет Үлкен дулыға турнирінің жартылай финалына шықты. Жартылай финалда ол әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы Симона Халепті қатарынан екі сетте жеңді. Финалда әлемнің екінші ракеткасы Онс Жабермен кездесіп, алғашқы сетте қарсыласына есе жіберді. Қалған екі сетте Жаберден басым түсіп, әрі алғашқы Үлкен дулыға титулын иеленіп, әрі Үлкен дулыға турнирін жеңген алғашқы қазақстандық теннисші атанды. Алайда Рыбакинаның Уимблдонда иеленген ұпайлары рейтингіне қосылмады.
АҚШ ашық чемпионатында алғашқы айналымда жарыс жолынан шығып қалды. Қыркүйекте Порторожеде өткен WTA 250 турнирінің финалына шығып, ақтық сында Катерина Синяковадан ұтылды. Қазанда Рыбакина Остраведе өткен WTA 500 турнирінің жартылай финалында Барбора Крейчиковаға есе жіберді. 2022 жылы рейтингті 22-орынмен аяқтады.
2023 жыл. Алғашқы WTA Finals
Аустралияның ашық чемпионатында Рыбакина Даниэль Коллинзді, Ига Швентекті, Елена Остапенконы, Виктория Азаренконы жеңіп, екінші рет Үлкен дулыға турнирінің финалына шықты. Финалда ол Арина Соболенкомен кездесіп, алғашқы сетте басым түскенімен, қалған екі сетте қарсыласына есе жіберді. Турнир ұпайлары есептелген соң, Рыбакина алғаш рет әлемдік рейтингіде үздік 10 теннисшінің қатарына кірді.
Индиан-Уэллс турнирінің финалына шығып, ақтық бәсекеде Australian Open турнирінде жеңілген Арина Соболенкодан есесін қайтарып, алғаш рет WTA 1000 турнирінде жеңіске жетті. Нәтижесінде WTA рейтингінде 7-орынға жоғарылады.
WTA 1000 Майами ашық чемпионатында Елена финалға жетіп, Петра Квитовадан 6:7, 2:6 есебімен жеңілді.
Содан соң Германияның Штутгарт қаласында өткен WTA 500 турниріне қатысып, алғашқы кездесуінде Юле Нимайерді жеңгенімен, екінші айналымда Беатрис Хаддад Майядан жеңілді. Одан кейін Мадридтегі WTA 1000 турнирінде өнер көрсетіп, екінші айналымда Анна Калинскаядан ұтылды.
Алайда Рыбакина Римдегі турнирде керемет нәтиже көрсетті. Ол бірнеше қарсыласын қатарынан жеңіп, финалға шықты. Жартылай финалда Елена Остапенконы жеңсе, шешуші кездесуде украиналық Анхелина Калининадан басым түсті. Осылайша Рыбакина Римдегі WTA 1000 турнирінің чемпионы атанды. Бұл оның сол маусымдағы екінші ірі титулы еді.
Франция ашық чемпионатында Рыбакина алғашқы екі кездесуін сәтті өткізіп, Бренда Фрухвиртова мен Линда Носковадан басым түсті. Алайда үшінші айналымдағы Сара Соррибес Тормомен кездесуіне денсаулығына байланысты қатыса алмады.
Уимблдонда Рыбакина чемпиондық атағын қорғауға тырысты. Ол алғашқы үш кездесуінде Шелби Роджерс, Ализе Корне және Кэти Бултерді жеңді. Төртінші айналымда Беатрис Хаддад Майя матчты жалғастыра алмағандықтан, Рыбакина ширек финалға шықты. Алайда ширек финалда Онс Жаберге үш сетте есе жіберіп, жарысты аяқтады.
Уимблдоннан кейін Рыбакина Монреальдағы WTA 1000 турниріне қатысып, жартылай финалда Людмила Самсоновадан жеңілді.
US Open турнирінің үшінші айналымында жарыс жолынан шығып қалды.
Қыркүйек айының соңында Рыбакина Бейжіңдегі WTA 1000 турниріне қатысты. Ширек финалда басты қарсыласы әрі сол кездегі әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенконы ұтты. Алайда жартылай финалда Людмила Самсоновадан жеңілді.
Маусым соңында Рыбакина алғаш рет WTA Finals турниріне қатысты. Бұл – әр маусымның соңында өтетін, әлемнің ең үздік 8 теннисшісі мен 8 үздік жұптық командасы бақ сынайтын қорытынды жарыс. Алайда Елена алғашқы қарсыласы Мария Саккариді жеңгенімен, Джессика Пегула мен Арина Соболенкоға есе жіберді. Нәтижесінде топтық кезеңнен әрі аса алмады.
2023 жылғы маусымда Елена Рыбакина 47 матчта жеңіске жетіп, 15 рет жеңілді және маусымды әлемнің үздік теннисшілерінің бірі ретінде аяқтады.
2024 жыл. Ең ұзақ тай-брейк
2024 жыл Елена Рыбакина үшін өте сәтті басталды. Ол маусымның алғашқы ірі жарыстарының бірінде – Брисбендегі WTA 500 турнирінде чемпион атанды. Финалда сол кездегі әлемнің екінші ракеткасы Арина Соболенконы 6:0, 6:3 есебімен жеңді.
Алайда Australian Open турнирінде қазақстандық теннисші күтпеген жерден жарыс жолынан ерте шығып қалды. Бірінші айналымда Каролина Плишкованы жеңгенімен, екінші кездесуде Анна Блинковадан үш сетте жеңіліп қалды. Матчтың шешуші тай-брейкі 22:20 есебімен аяқталып, әйелдер арасындағы Grand Slam турнирлерінің тарихындағы ең ұзақ тай-брейктердің біріне айналды.
Одан кейін Рыбакина Абу-Дабиде тағы бір титул жеңіп алды. Ол финалда Дарья Касаткинаны 6:1, 6:4 есебімен жеңіп, маусымдағы екінші чемпиондық титулына қол жеткізді. Ал Дохада WTA 1000 турнирінің финалына дейін жетіп, Ига Швёнтекке 6:7, 2:6 есебімен жол берді. Осылайша Рыбакина 2024 жылдың алғашқы екі айында-ақ екі титулға ие болып, бір рет финалда есе жіберді.
Miami Open-де де ол финалға шықты. Бұл Рыбакинаның осы турнирдегі қатарынан екінші финалы еді. Алайда шешуші матчта америкалық Даниэль Коллинзден 5:7, 3:6 есебімен жеңілді.
Сәуір айында Рыбакина Штутгарттағы WTA 500 турнирінде үшінші титулын жеңіп алды. Финалда Марта Костюкті 6:2, 6:2 есебімен жеңді. Осылайша 2024 жылдың төрт айында бес рет финалға шығып, оның үшеуінде жеңіске жетті.
Алайда одан кейінгі жарыстарда жақсы нәтиже көрсете алмады. Мадридте өткен турнирде де, Ролан Гаррос-та да ширек финалда тоқтады. Шөптегі маусымда Берлинде ширек финалға шықты.
Уимблдонда Рыбакина өте жақсы өнер көрсетті. Ол турнирдің жартылай финалына дейін жетіп, финалға бір қадам қалғанда сол жылы Уимбилдон чемпионы атанған Барбора Крейчиковадан 6:3, 3:6, 4:6 есебімен жеңілді.
US Open ашық чемпионатында екінші айналымнан әрі аса алмады. Ал маусым соңында WTA Finals турниріне қатысып, Арина Соболенконы жеңді. Бірақ кейін Жасмин Паолини мен Чжэн Циньвэньнен жеңіліп, топтық кезеңнен шыға алмады. Соған қарамастан 2024 жылды әлемнің алтыншы ракеткасы ретінде аяқтады.
Осылайша Елена Рыбакина 2024 жылы 42 рет жеңіске жетіп, 11 кездесуде жеңілді. Үш титул жеңіп алды.
2025 жыл. WTA Finals чемпионы
2025 жыл Рыбакина үшін қиын басталды. Ол United Cup командалық жарысында Ига Швёнтектен жеңіліп, кейін басқа кездесулерінде жеңіске жетті. Australian Open чемпионатында төртінші айналымында, Мэдисон Киске үш сетте жол берді.
Абу-Дабиде Рыбакина жартылай финалға дейін жетті. Ол Кэти Волынец пен Онс Жаберді жеңгенімен, шешуші матчта Белинда Бенчичтен жеңілді. Дохада да ширек финалға дейін жетіп, Ига Швёнтекке есе жіберді. Ал Дубайда Рыбакина жартылай финалға шығып, Мирра Андреевамен кездесуде жеңіліп қалды.
Indian Wells пен Miami турнирлерінде сәтсіз өнер көрсетіп, жарысты ерте аяқтады. Бірақ Страсбургтегі WTA 500 турнирінде Рыбакина финалға шығып, Людмила Самсонованы 6:1, 6:7, 6:1 есебімен жеңіп, чемпион атанды. Бұл оның 2025 жылғы алғашқы титулы болды.
Ролан Гаррос чемпионатында Рыбакина төртінші айналымға дейін жетті. Ол Джулия Риера, Ива Йович және Елена Остапенконы жеңді. Алайда төртінші айналымда Ига Швёнтектен ұтылды.
Уимблдонда Елена үшінші айналымға дейін барып, Клара Таусоннан жеңілді.
Жаздың екінші жартысында қазақстандық спортшы жақсы формаға келе бастады. Вашингтонда жартылай финалға жетіп, Лейла Фернандестен үш сетте жеңілді. Монреальдағы WTA 1000 турнирінде де жартылай финалға шықты, бірақ канадалық жас теннисші Виктория Мбокодан жеңіліп қалды.
Цинциннатиде Рыбакина өте мықты ойын көрсетті. Ол Мэдисон Кисті және әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенконы жеңіп, жартылай финалға шықты. Бірақ финалға бір қадам қалғанда Ига Швёнтекке 5:7, 3:6 есебімен жол берді.
US Open чемпионатында Рыбакина төртінші айналымға дейін жетті. Ол Жюльета Пареха, Тереза Валентова және Эмма Радукануды жеңді. Төртінші айналымда Маркета Вондроушовадан жеңіліп, турнирді аяқтады.
Қыркүйек пен қазан айларында Рыбакина маусымның ең маңызды нәтижелерінің біріне жақындады. Бейжіңде ол Ева Лиске, Уханьда Линда Носковаға және Арина Соболенкоға қарсы кездесулер өткізді. Ал Нинбо турнирінде чемпион атанды. Финалда Екатерина Александровамен кездесіп, үш сетте жеңіске жетті.
Одан кейін Токиода жартылай финалға шығып, маусым соңындағы WTA Finals турниріне жолдама алды.
Ал WTA қорытынды жарысында Рыбакина мансабындағы ең ірі жетістіктерінің біріне қол жеткізді. Ол топтық кезеңде Екатерина Александрова, Аманда Анисимова және Ига Швёнтекті жеңіп, жартылай финалда Джессика Пегуланы үш сетте ұтты. Финалда Арина Соболенконы 6:3, 7:6 есебімен жеңіп, алғаш рет WTA Finals чемпионы атанды. Осылайша 2025 жылды үш титулмен аяқтады: Страсбург, Нинбо және WTA Finals. Жылды әлемнің 5-ракеткасы болып аяқтады.
2026 жыл. Australian Open чемпионы
2026 жыл Рыбакина үшін мансабындағы ең маңызды жылдардың біріне айналды. Жылдың алғашқы Үлкен дулыға турнирі – Australian Open-де ол ақыры екінші Grand Slam титулын жеңіп алды. Финалда 2023 жылғы Australian Open финалындағы қарсыласы Арина Соболенкомен тағы кездесті. Бұл жолы Рыбакина 6:4, 4:6, 6:4 есебімен жеңіске жетіп, чемпион атанды. Осылайша ол Үлкен дулыға турнирінің екі дүркін жеңімпазы атанды.
Одан кейін Indian Wells турнирінде Рыбакина тағы да финалға шықты. Ол Хейли Баптист, Марта Костюк, Соней Картал, Джессика Пегула және Элина Свитолинаны жеңіп, финалға шықты. Ақтық кездесуде манабындағы басты қарсыласы Арина Соболенкомен кездесіп, 3:6, 6:3, 6:7 есебімен жеңілді.
Miami Open-де Рыбакина жартылай финалға дейін жетті. Ол қазақстандық спортгы Юлия Путинцеваны, сондай-ақ, Марта Костюк, Талия Гибсон және Джессика Пегуланы жеңді. Бірақ жартылай финалда Арина Соболенкоға екі сетте есе жіберді.
Сәуірде Рыбакина Штутгарттағы WTA 500 турнирінде чемпион атанды. Финалда Каролина Мухованы жеңіп, 2026 жылғы екінші титулын алды.
Маусымның қалған бөлігінде оның нәтижелері әрқалай болды. Ролан Гаррос чемпионатында Рыбакина екінші айналымда Яна Стародубцевадан жеңілді. Уимблдонда үшінші айналымға дейін жетіп, Элиз Мертенстен ұтылды. Ал Цинциннатиде ширек финалға дейін жеткенімен, жарақатына байланысты матчты аяқтай алмады.
Әлемнің бірінші ракеткасы
Жарақат алған соң АҚШ ашық чемпионатына қатысуы да біраз уақыт күмән тудырды. Соған қарамастан Рыбакина Нью-Йоркке келіп, керемет нәтиже көрсетті. Әрі жарыстың жартылай финалына шықса Елена Рыбакина алғаш рет әлемнің бірінші ракеткасы атанады. Теннис жанкүйерлерінің назары US Open-ге ауды. Ол турнир барысында қарсыластарын бірінен соң бірін жеңіп, алғаш рет US Open-нің ширек финалына шықты. Ширек финалда Наоми Осаканы 6:1, 6:4 есебімен жеңді
9 қыркүйекте Рыбакина ширек финалда Қытай өкілі Чжэн Циньвэньмен кездесті. Бірінші сетте 3:6 есебімен жеңілгенімен, кейін ойын өрнегі өзгетіп, келесі екі сетте 6:1, 6:4 есебімен жеңіске жетті. Осылайша ол US Open-де алғаш рет жартылай финалға шықты. Ең бастысы әлемнің бірінші ракеткасы атанып, мұндай жетістікке жеткен алғашқы қазақстандық теннисші болды. Арина Соболенко 99 апта бойы рейтингте көш бастап келсе, енді ол Елена Рыбакинадан кейін тұрады.
Енді ол жартылай финалда Коко Гауффпен кездеседі. Матч қалай аяқталса да рейтингтегі орнына әсер етпейді. WTA рейтингі 14 қыркүйекте жаңартылады және Елена Рыбакина әйелдер теннисі тарихындағы 30-шы әлемнің бірінші теннисшісі болады.
"Қазақстан атынан өнер көрсететінімді мақтан тұтамын"
Елена Рыбакина ширек финалда жеңіске жеткен соң БАҚ өкілдерінің сұрағына жауап беріп, әлемнің бірінші ракеткасы атанғаннан кейінгі әсерін бөлісті.
"Не дерімді білмеймін. Өте қиын матч болды, жүйкем де тозды. Ішімде өз-өзіммен күрестім және негатив ойдың бәрін миымнан шығарып тастағаныма, соңына дейін күрескеніме, жеңіске жеткеніме қуаныштымын", – деді ол матч біткен соң.
Мұндай тарихи жетістікке қарамастан, Рыбакина рейтингке аса назар аудармайтынын айтты.
"Қазір бұл тек сан ғана. Қатысқан кез келген жарысымда жеңіске жетуді мақсат етемін. Матчтан матчқа өте беремін және мен үшін бұл – таңғажайып жетістік", – деді Рыбакина.
Теннисші бала кезінде дәл мұндай жетістікке жетемін деп ойламағанын, сондықтан айтарға сөзі жоқ екенін жеткізді.
"Бала кезімде кәсіби теннисші боламын, дәл осындай ірі турнирлерде ойнаймын деп ойламаған едім. 17 жасымда ғана кәсіби спортта қаламын деп шештім. Сол кезде ғана жетістікке жететініме, қолымнан келетініне сендім. Бірақ дәл бұлай алысқа барамын деп ойламадым. Бала кезде мектептен кейін теннис ойнағаныма, достарыммен уақыт өткізгеніме мәз болатынмын. Әлемнің бірінші ракеткасы болу деген – үлкен жетістік, алайда бұл туралы көп ойлағым келмейді. Мансабыңды аяқтаған кезде ғана осындай дүниелердің бағасын біліп, ойланатын сияқтысың. Ал қазір алға жылжу керек. "Турнирді жеңдім, нөмірі бірінші теннисші болдым" деп айту, әрине, күшті. Бірақ көш басында қаншалық ұзақ тұра алатыныңды білмейсің. Титулдарды жеңгім келеді. Бар ойым – келесі матч", – деді ол.
Ол Қазақстан атын шығарғанын мақтанышпен айтып, балаларға үлгі екенін жасырмады.
"Бұл – тарихи сәт. Қазақстан атынан өнер көрсететінімді мақтан тұтамын. Қазақстанға оралған сайын қай қалаға барсам да теннис ойнап жүрген балаларды көп көремін. Тенниспен айналысатын балалар көбейіп келеді. Қаншама жас менен үлгі алса тамаша емес пе?! Иә, бұл – өзіңе сенсең, еңбек етсең бәрі мүмкін дегенге дәлел. Қазақстанға жеткен соң бәріне алғыс айтқым келеді. Қазақстанға оралу – ғажап. Өкінішке қарай, елімде көп бола алмаймын. Бұл елім үшін үлкен жетістік деп ойлаймын", – деді Елена Рыбакина.
Елена Рыбакинаның тарихи жетістігімен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та құттықтап, жетістікке толы жолы еліміздің жас спортшылары мен дүниенің түкпір-түкпіріндегі миллиондаған теннис жанкүйері үшін үлгі-өнеге екенін айтты.
Тоқаев теннисші Елена Рыбакинаны "Әлемнің бірінші ракеткасы" атағына ие болуымен құттықтады