Тікелей эфир

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты салтанатты ұлықтау рәсімі қалай өтті?

Бұл – Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы жетінші ұлықтау рәсімі.

Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан президенті ретінде салтанатты ұлықтау рәсімі өтті. Бұл Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы жетінші ұлықтау рәсімі. 

Салтанатты рәсімнің басында залға Мемлекеттік Ту мен Президент байрағы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Конституциясы кіргізілді. Олардың ізін ала жаңадан сайланған президент кіріп, Конституцияның 42-бабына сәйкес халыққа ант берді. 

"Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасы Президентінің өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ант бергеннен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік Туды сүйді.

Жаңа сайланған президенттің қызметке кірісу құрметіне Мемлекеттік әнұран ойналып, зеңбіректерден оқ атылды, Ақорда резиденциясының үстінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы көтерілді.

Одан кейін Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан Республикасы президентінің куәлігін тапсырды. 

Салтанатты рәсімнен соң Қасым-Жомарт Тоқаев елдің жаңадан сайланған президенті ретінде сөз сөйледі.

"Шын мәнінде, ел сенімін еш нәрсемен өлшеу мүмкін емес. Халықтың сенімі – ең құнды нәрсе. Сайлау нәтижесін халқымыздың саяси бағдарыма – бағасы, алдағы жоспарыма – батасы деп қабылдаймын. Халқының қолдауына ие болып, ел тізгінін ұстау – ер азамат үшін ең биік мәртебе әрі орасан зор жауапкершілік. Алдағы 7 жылды бүгінгі буынның және келешек ұрпақтың алдындағы борышымды өтеуге берілген бірегей мүмкіндік деп білемін. Қазақта «аманат» деген асыл ұғым бар. Халқымның сенімі – маған аманат. Осы аманатқа адал болу – мен үшін қасиетті парыз. Ел үмітін ақтап, Қазақстанды өркендеген, бақуатты мемлекетке айналдыру үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев халық алдында есеп беруге міндетті екенін және Конституцияға қол қойып берген антына адал болатынын айтты. Сонымен қатар сайлауалды бағдарламасында айтылған уәделер орындалатынын айтты.


Оқи отырыңыз:


Ұлықтау рәсіміне үкімет мүшелері мен парламент депутаттары, Конституциялық кеңес мүшелері, Жоғары сот судьялары, елшілер, Орталық сайлау комиссиясы мен Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшелері, президенттікке үміткер болғандар, облыстар мен Астана, Алматы және Шымкент әкімдері қатысты. 

Еске салсақ, кезектен тыс президент сайлауында кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаушылардың 81,31 пайыз дауысын жинап, жеңіске жеткен болатын. Ол ел президенті қызметінде 7 жыл отырады. Биыл Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес, бұдан былай Президент жеті жылдық бір мерзімге ғана сайланады.

Айта кетейік, осымен Қасым-Жомарт Тоқаев ел президенті ретінде үшінші рет ант берді. Бұған дейін 2019 жылы 20 наурызда Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттігін тоқтатқаннан кейін сол кездегі Сенат төрағасы ретінде Қасым-Жомарт Тоқаев алғаш рет ант берген болатын. Одан кейін сол жылы өткен кезектен тыс президент сайлауында 70 пайыздан астам дауыс жинап, мемлекет басшысы ретінде екінші рет ант берген.

Серіктестер жаңалықтары