Алматыдан 20 шақырым жерде Алатау ауылында Ядролық физика институты орналасқан. 1957 жылы Қаныш Сәтбаев, Игорь Курчатов және Жабағы Тәкібаевтің сынды академиктердің бастамасымен құрылған институт бүгінде ғылыми зерттеулер жүргізіп қана қоймай, өндіріспен де айналысады. Информбюро журналисі Энергетика министрлігіне қарасты "Ядролық физика институты" РМК жұмысымен танысып, 55 жыл бойы қызмет етіп келе жатқан зерттеу реакторын өз көзімен көрді.
Институт іргелі және қолданбалы зерттеулермен, радиоизотоптар өндірумен, сондай-ақ атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласында қызметтер көрсетумен айналысатын атом саласындағы Қазақстандағы жалғыз ғылыми ұйым. Мұнда жалпы 700 астам қызметкер жұмыс істейді. Кәсіпорын мемлекетке тиесілі стратегиялық объектілерді пайдалану және күтіп ұстау қызметін көрсетіп, атом энергиясын пайдалану саласында ғылыми зерттеулер жүргізіп әрі технологияларды дамытып, оларды іс жүзінде қолданады.
Институттың негізгі орталығы Алматыда шоғырланған. Астанадағы филиалда ауыр иондарды үдеткіш орналасқан. Ал Ақсай қаласында радиоэкологиялық зерттеулер жүргізіледі. Сондай-ақ, Азғыр экспедициясы жұмыс істейді.
Институтта 8 базалық эксперименттік қондырғы бар: ССР-Қ зерттеу реакторы, сындық стенд және 6 зарядталған бөлшектер үдеткіштер кешені. Институттың негізін заманауи аналитикалық және сынақ жабдықтары бар 23 ғылыми-зерттеу зертханасы мен 3 ғылыми-техникалық орталық құрайды.
Ядролық физика бөлімінде негізінен теориялық, іргелі зерттеулер жүргізіледі. Қатты заттардың радиациялық физика бөлімі қолданбалы зерттеулермен шұғылданады. Үдеткіш технологиялар ғылыми-техникалық бөлімінде қолданбалы зерттеулер жасалып, өнімдер шығарылады.
Қызметінің негізгі бағыттары:
- ядролық физика және радиациялық қатты денелер физикасы саласындағы іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер;
- ядро-физикалық талдау әдістерін әзірлеу және қолдану;
- ядролық және радиациялық технологияларды әзірлеу және қолдану;
- медицина және өнеркәсіп үшін радиоизотопты өнімдер өндіру;
- археология және палентология саласында ғылыми зерттеулер жүргізу;
- таратпау режимін қолдау;
- атом энергиясын пайдалану саласында қызметтер көрсету.
- Қазақстанның атом өнеркәсібі үшін кадрлар даярлау.
Қазақстан атом энергиясын АЭС-те электр энергиясын өндіру, су тұщыландыру, сутегі өндіру және тиімді аккумуляторлар шығару саласында ғана қолданбайды. Институт радиоэкология, радиохимия, радиациялық өңдеуде де атом энергиясын қолданады.
Атом реакторы 1968 жылы іске қосылды. Реактор 21 күн үздіксіз жұмыс істейді, жеті күн қайта қалпына келеді. Ғылыми зерттеу реакторы болғандықтан электр энергиясын өндірмейді. Бас инженердің орынбасары Дәурен Нұғымановтың айтуынша, бұл жерде жетпістен жүз адамға дейін жұмыс істейді.
Өнімдер ыстық камера арқылы аппарат түсіріліп, сәулелендіріледі. Жұмыстың бәрі манипулятормен жасалады. Әр камераның өз қызметі бар: бірі реакторға жеткізсе, енді бірі кесуге, бірі дәнекерлеуге арналған. Ыстық камералар инженері Нұрлан Сүгіржанов 2005 жылдан бері осында қызмет етіп келеді. Инженер болғаннан кейін өзіне тапсырмаларды орындау ұнайтынын айтты.
Изотоптар өнеркәсіптік және медициналық мақсатта өндіріледі. Өнеркәсіп үшін дайындалған изотоптар Ресейге, Германияға жеткізіледі. Ал медицина мақсатында өндірілетін үш изотоптың бірі фармациялық өнімдерді зарарсыздандыру үшін, ал екеуі қатерлі ісікті ерте анықтау және емдеу мақсатында қолданылады. Олар республикадағы барлық ядролық орталыққа жеткізіледі. Осылайша институт елдегі ядролық медицинаның 75 пайызын өз күшімен жауып отыр.
Онкологиялық ауруларды диагностикалау және емдеу үшін ССР-Қ зерттеу реакторында және Cyclone-30 циклотронында өнеркәсіптік (кобальт-57, иридий-192, сурьма-124) және де медициналық мақсаттағы (Йод-131, Молибден-99, Фтор-18) (радиофармпрепараттар) радиоактивті изотоптарды өндірудің толық циклі жолға қойылған.
Институт зертханаларында материал үлгілері зерттеліп, өңдеудің бірнеше сатысынан өтеді.
Институт ядролық өңдеумен айналысады. Үдеткіштер арқылы Қазақстанда жасалған медицина бұйымдары зарарсыздандырылып, гидрогель таңғыштары, косметикалық маскалар шығарылады.
Үдеткіш технологиялар бөлімінің басшысы Игорь Даньконың айтуынша, гидрогель таңғыштар адам денесі күйгенде қолданылады. Қарапайым таңғыштан айырмасы – түсі мөлдір, ауа өткізеді және тоқсан пайыздан астамы судан тұрады.
Гидрогель таңғыштар және маскалар жара тез жазылуы үшін қолайлы орта жасайды. Күйген теріні жууға болмайды, сондықтан мұндай таңғыштар жараның тез жазылуына әсер етеді. 48 сағатқа дейін таңып жүруге болады. Институт базасында косметикалық мақсатта да маскалар шығарылады. Барлық бұйым халықаралық стандарттарға сай жасалады. Қоймада сақталып, дәріханалар мен емханаларға жіберіледі.
Одан бөлек атом энергиясы бағалы тастарды бояу кезінде қолданылады. Түссіз топаз атом реакторына түскеннен кейін нейтронды сәулелендіру арқылы көк түске боялады. Зергерлік дүкендердегі асыл тастардың 90 пайызы атом энергиясы көмегімен түрлі түске боялады.
Әр АЭС-тің өз отыны бар. Көлікке құятын жанар-жағармай секілді бірінің отыны екіншісіне қолдануға болмайды. Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиевтің сөзінше, төртінші буындағы АЭС салып жатқан жапондар өздері қолданғалы отырған отынды Қазақстандағы ядролық институт базасында сынап көрген. Институт қызметкерлері қандай қате-кемшілік барын айтқан.
Институт АЭС қалдықтарын өңдеу технологиясын игеруді көздер отыр. Әзірге бұл технологияны Франция мен Ресей мамандары ғана меңгерген. Ал бұл технологияны қазақстандық мамандар кәдеге жарата алса ел экономикасына миллиардтаған қаржы әкеледі. Сондықтан институт қызметкерлері АЭС отынын өңдеп, қайта пайдалану технологиясын шығаруды көздейді.
"АЭС отынының 20 пайызы жанып кетеді де, ал уранның қалған 80 пайызын қайтадан отын ретінде пайдалануға болады. Уранды қайта пайдалануды үйреніп, Франция мен Ресейден кейінгі үшінші ел болғымыз келеді", – деді Саябек Сахиев.
Зерттеу реакторы базасында ел экономикасына орасан зор пайда әкелетін жобаларды жүзеге асыру көзделген. Соның бірі – жартылай өткізгіштер өндіру. Институт қызметкерлері кремнийді нейтронды қоспалау технологиясын меңгерген. Әрі қарай өндірісті ұйымдастырып, осы кремнийден жоғары технологиялық өнім жасауға, яғни микрочип алуға болады. Бүгінде Қазақстан кварц құмының бір келісін бір АҚШ долларына сатады. Шикізат өзімізде шыққанымен Қзақстанда оны тазарту технологиясы болмаған соң дайын өнімді өзге мемлекеттерден бірнеше есе қымбатқа сатып алып отыр. Ал институттың жоғары технологиялық өнім өндіре алатын қауқары бар.
Институт соңғы бес жыл ішінде жарияланған жұмыстар саны бойынша елдегі ғылыми-зерттеу институттары арасында бірінші орынды иеленді. 2000-жылдан бері институттың оқу орталығында бес мыңнан астам маман даярланды. Саябек Сахиев Қазақстанда атом саласында жұмыс істейтін мамандар жоқ деген пікірмен келіспейді. Институттың кадр даярлау базасы бар. Алайда зерттеу институты болғандықтан кадр даярлау құзыреті жоғары оқу орындарына берілген. Теорияны оқыған студенттер иинститутқа келіп практикадан өте алады.
Институт 30-дан астам жетекші ғылыми ұйымдарымен және университеттерімен жұмыс істейді. 2023 жылғы тамызда институт онкологиялық ауруларды емдеу және диагностикалау генераторын Бішкекке жеткізу бойынша халықаралық МАГАТЭ агенттігінің тендерін жеңіп алды. Келер жылдан бастап Францияға радиоизотоптар жеткізеді. Қазақстан нарығын гидрогель таңғыштарымен толық қамтып қана қоймай, шетелге импорттау да жоспарда бар.