Қазақстан Жазушылар одағы президентке әдебиет бойынша Нобель сыйлығына қазақстандық қаламгерлерді жүйелі түрде ұсыну үшін мемлекеттік бағдарлама әзірлеу жөнінде ұсыныс жасады. Бастама қоғамда қызу пікірталас туғызды. Бірі мұны қазақ әдебиетін әлемге танытудың нақты қадамы деп бағаласа, енді бірі Нобельді мемлекеттік қолдаумен емес, әлемге танылу арқылы ғана алуға болатынын айтты.
Әдебиет бойынша Нобельді көбіне кімдер алды? Қандай шығармалар әлемді таңғалдырды? Қай тілдер үстемдік етіп келеді? Қазақ жазушылары осы тәжірибеден қандай қорытынды шығара алады?
Нобель жазушыға не үшін беріледі?
Әдебиет бойынша Нобель сыйлығы 1901 жылдан бері табысталып келеді. Альфред Нобель өсиетінде марапат "әдебиет саласында ең көрнекті еңбек жасаған авторға" берілуі тиіс екенін жазған. Дегенмен, іс жүзінде Швеция академиясы сыйлықты белгілі бір кітапқа емес, қаламгердің бүкіл шығармашылық мұрасы мен әлем әдебиетіне қосқан үлесіне береді. Тарихта сыйлық жеті рет қана табысталмаған, ал 1901-2025 жылдар аралығында 122 жазушы Нобель лауреаты атанды.
Соған қарамастан, Нобель лауреаттарының есімі көбіне бір шығармамен қатар айтылады. Эрнест Хемингуэй десек – "Шал мен теңіз", Борис Пастернак десек – "Доктор Живаго", Габриэль Гарсиа Маркес десек, "Жүз жылдық жалғыздық" ойға оралады. Бұл кітаптар ресми түрде марапаттың жалғыз себебі болмаса да, жазушылардың әлемдік әдебиеттегі орнын айқындаған туындыларға айналды.
Нобельдің ең көп иегері – Еуропа мен АҚШ
Әдебиет бойынша Нобель сыйлығын алған жазушылардың басым бөлігі Еуропа мен Солтүстік Америкадан шыққан. Франция, Ұлыбритания, АҚШ, Германия және Швеция ондаған жыл бойы әдеби үдерістің бағытын айқындап келеді. Бұл елдерде қалыптасқан әдеби мектептер, қуатты баспа индустриясы және шығармалардың әлем тілдеріне үздіксіз аударылуы әдеби туындыларды халықаралық деңгейге шығарды. Мәселен:
1954 жылы америкалық Эрнест Хемингуэй Нобель сыйлығын прозадағы ерекше шеберлігі және оны "Шал мен теңіз" (The Old Man and the Sea) повесі арқылы айқын көрсете алғаны үшін алды. Бұл – Нобель комитеті нақты шығарманы ерекше атап көрсеткен сирек жағдайлардың бірі.
Хемингуэй шығармаларын ағылшын тілінде жазды. "Шал мен теңізде" теңізге жалғыз шыққан қарт балықшы Сантьягоның алып марлинмен бірнеше күндік арпалысы баяндалады. Повесть адамның қайсарлығы, жеңілістің өзі ар-намысты жеңе алмайтыны және өмір алдындағы табандылық туралы философиялық шығармаға айналды. Оның әйгілі "Адамды құртуға болады, бірақ жеңуге болмайды" деген идеясы әлем әдебиетінің символдарының біріне айналды.
Джон Стейнбек: Ұлы депрессияның шежірешісі
1962 жылғы лауреат Джон Стейнбек америкалық қоғамдағы әлеуметтік теңсіздікті, кедейлік пен әділетсіздікті суреттеген прозасымен танылды.
Оның ең әйгілі романы – "Қаһар". Ұлы депрессия жылдарында туған жерінен айырылып, жұмыс іздеп Калифорнияға көшкен фермерлер отбасының тағдырын баяндайтын бұл шығарма әлеуметтік романның классикасына айналды. Стейнбек қарапайым адамның қадір-қасиетін қорғауды шығармашылығының өзегіне айналдырды.
Альбер Камю: адам мен ар-ождан туралы әдебиет
1957 жылы француз жазушысы Альбер Камю әдебиет бойынша Нобель алды. Швеция академиясы оның адам ар-ожданының мәселелерін терең бейнелеген шығармаларын ерекше бағалады.
Камюдің ең танымал шығармасы – "Бөгде". Повесть өмірдің мәні, адамның жалғыздығы және қоғам қалыптастырған моральдық өлшемдер туралы толғайды. Ал "Оба" романы тоталитаризм, індет және адамгершілік жауапкершілік жайлы философиялық астарымен әлем әдебиетінің классикасына айналды. Камю француз тілінде жазды.
Габриэль Гарсиа Маркес: Латын Америкасын әлемге танытқан жазушы
1982 жылғы Нобель лауреаты Габриэль Гарсиа Маркес әдебиет географиясын өзгерткен қаламгерлердің бірі болды.
Испан тілінде жазған колумбиялық жазушының "Жүз жылдық жалғыздық" романы магиялық реализмнің ең биік үлгісі саналады. Макондо қалашығының бірнеше ұрпаққа созылған тарихы арқылы Маркес жалғыздық, билік, соғыс, махаббат және уақыт тақырыптарын тоғыстырды.
Бұл шығарма Латын Америкасы әдебиетін әлемдік әдеби процестің ортасына шығарды. Бүгінде Маркестің ықпалын Оңтүстік Америкадан ғана емес, Азия мен Африка әдебиетінен де көруге болады.
Кадзуо Исигуро: естелік пен үнсіздіктің жазушысы
2017 жылғы Нобель лауреаты Кадзуо Исигуро – Жапонияда дүниеге келгенімен, шығармаларын ағылшын тілінде жазатын британ жазушысы.
Оның ең танымал романы – "Өткен күннің қалдығы". Бұл шығармада бар өмірін ағылшын ақсүйектеріне арнаған күтушінің өткен өмірін еске алуы арқылы адамның өкініші, жады және уақыттың қайтып келмейтіні баяндалады.
Ал "Мені жіберме" романы ғылыми фантастика элементтері арқылы адам табиғаты, мораль және өмірдің құндылығы туралы ой қозғайды.
Лауреат болған шығармалардың басым бөлігі соғыс, отаршылық, әлеуметтік теңсіздік, тарихи жады, адамның жалғыздығы, еркіндік пен ар-ождан сияқты әмбебап тақырыптарды қозғайды. Ұлттық болмыс сол шығармалардың іргетасы болғанымен, көтерген мәселесі жаһандық деңгейде түсінікті болғандықтан, олар әлемнің ондаған тіліне аударылып, миллиондаған оқырманға жол тапты.
Кеңес әдебиетінің бес Нобелі
Еуропа мен АҚШ қаламгерлері Нобель тарихында басымдыққа ие болғанымен, Кеңес Одағы әдебиеті де бұл марапаттың тарихында ерекше із қалдырды. Алайда кеңестік бес лауреаттың тағдырына қарасақ, олардың шығармашылығы ғана емес, саясатпен қарым-қатынасы да Нобель тарихының бір бөлігіне айналғанын көреміз.
Иван Бунин: туған елінен жырақта алған марапат
1933 жылы Иван Бунин әдебиет бойынша Нобель алған алғашқы орыс жазушысы атанды. Ол кезде Бунин Кеңес Одағында емес, Францияда эмиграцияда өмір сүріп жатқан еді.
Буниннің шығармашылығы революцияға дейінгі Ресейдің рухани әлемін, ескі дворяндық мәдениетті және адамның ішкі күйзелісін суреттеуімен ерекшеленеді. Оның ең танымал туындыларының бірі – "Арсеньевтің өмірі" романы. Бұл шығармада адамның балалық шағы, туған жерге деген сағынышы және уақыттың қайтып келмейтіні баяндалады. Бунин шығармаларын орыс тілінде жазды.
Борис Пастернак: әдебиет пен саясат түйіскен сәт
1958 жылғы Нобель тарихтағы ең үлкен саяси даулардың біріне айналды.
Борис Пастернак әлемге "Доктор Живаго" романы арқылы танылды. Шығармада Қазан төңкерісі мен Азамат соғысы аясында махаббат, адам еркіндігі және жеке тұлғаның тағдыры баяндалады. Кеңес билігі романды ел ішінде шығаруға тыйым салғандықтан, ол алғаш рет Италияда жарық көрді.
Пастернак Нобель сыйлығына лайық деп танылғанымен, Мәскеудің қысымымен марапаттан бас тартуға мәжбүр болды. Кейін бұл оқиға әдебиет тарихындағы ең ірі саяси жанжалдардың бірі ретінде бағаланды.
Михаил Шолохов: Дон казактарының шежіресін жазған қаламгер
1965 жылы Михаил Шолохов әдебиет бойынша Нобель алған жалғыз кеңестік жазушы болды.
Оның төрт томдық "Тынық Дон" эпопеясы Дон бойындағы казактардың Бірінші дүниежүзілік соғыс, революция және азамат соғысы жылдарындағы тағдырын баяндайды. Әлем әдебиетінің ең ірі эпикалық романдарының бірі саналатын бұл шығарма адам трагедиясын саясаттан жоғары қоя білді.
Александр Солженицын: лагерь шындығын әлемге жеткізген жазушы
1970 жылғы лауреат Александр Солженицын Кеңес Одағындағы саяси қуғын-сүргін тақырыбын алғашқылардың бірі болып әлем әдебиетіне алып шықты.
Оның "Иван Денисовичтің бір күні", кейінірек жарық көрген "ГУЛАГ архипелагы" кітаптары тоталитарлық жүйенің адам тағдырына әсерін көрсетті.
Солженицын Нобель алғанымен, Кеңес Одағынан шыға алмай қаламын деп қорқып, марапатты бірден қабылдаған жоқ.
Иосиф Бродский: еркіндік туралы поэзия
1987 жылы ақын Иосиф Бродский әдебиет бойынша Нобель иегері атанды.
Кеңес билігі оны "арамтамақтық" үшін соттап, кейін елден қуған болатын. АҚШ-қа көшкеннен кейін ағылшын және орыс тілдерінде шығармашылықпен айналысты.
Бродский поэзиясының негізгі тақырыптары – уақыт, жалғыздық, еркіндік, эмиграция және адамның рухани тәуелсіздігі.
Кеңес әдебиетінің бес Нобелі бір-біріне ұқсамайды. Бірақ олардың бәрін біріктіретін ортақ белгілер – шығармалары жеке адамның тағдыры арқылы тұтас бір дәуірдің трагедиясын көрсетті.
Азия әдебиеті: ұлттық тарих арқылы әлемге жол ашқан қаламгерлер
Азия құрлығынан әдебиет бойынша Нобель алған жазушылардың саны Еуропамен салыстырғанда аз болғанымен, олардың әрқайсысы ұлттық әдебиетті әлемдік деңгейге көтере алды.
1913 жылы үнді ақыны Рабиндранат Тагор әдебиет бойынша Нобель алған алғашқы еуропалық емес қаламгер атанды. Оның "Гитанджали" өлеңдер жинағы руханият, адам мен табиғаттың байланысы, Құдайға деген махаббат тақырыптарын қозғады. Тагор шығармаларын негізінен бенгал тілінде жазып, кейін кейбірін өзі ағылшын тіліне аударған.
Жапониядан екі жазушы Нобель иегері атанды. Ясунари Кавабатаның "Қарлы өлке", "Мың қанатты тырна" романдары жапон эстетикасын, үнсіздік пен жалғыздық философиясын нәзік бейнелеуімен ерекшеленеді. Ал Кэндзабуро Оэ "Жеке мәселе", "Үнсіз жылау" шығармаларында соғыстан кейінгі Жапонияның рухани дағдарысын, отбасы жауапкершілігін және адамның моральдық таңдауын зерттеді.
Түркиялық Орхан Памук 2006 жылы Нобель алған кезде Швеция академиясы оның Шығыс пен Батыс өркениеттерінің түйіскен тұсын жаңа әдеби тілмен көрсете алғанын атап өтті. Оның "Менің атым – Қырмызы", "Қар", "Сезім музейі" романдары түрік қоғамындағы дәстүр мен модернизацияның қақтығысын суреттейді.
2012 жылы әдебиет бойынша Нобель Қытай Халық Республикасының азаматы Мо Яньға берілді. Бұл Қытай үшін тарихи оқиға болды. Швеция академиясы жазушыны "галлюцинациялық реализм арқылы халық ертегілерін, тарих пен қазіргі өмірді ұштастырғаны үшін" марапаттады.
Мо Янь шығармаларын қытай тілінде жазады. Оның әлемге кеңінен танылған романдарының қатарында "Қызыл гаолян", "Бақа", "Нәрлі омырау, жайқын бөксе", "Сарымсақ жыры" бар.
"Қызыл гаолян" романында жапон басқыншылығы кезіндегі ауыл өмірі суреттелсе, "Бақа" шығармасы Қытайдағы "бір отбасы – бір бала" саясатының қарапайым адамдардың тағдырына әсерін баяндайды. Ал басқа романдарында ашаршылық, билік, халық аңыздары, ауыл психологиясы мен тарихи жады қатар өріледі.
2021 жылы Танзанияда туған, кейін Ұлыбританияға қоныс аударған Абдулразақ Гурна әдебиет бойынша Нобель алды. Ол шығармаларын ағылшын тілінде жазады. Жазушының "Жұмақ", "Теңіз жағасында", "Соңғы сыйлық" романдары отаршылық салдары, босқындардың тағдыры, туған жерден айырылу мәселелерін қозғайды. Швеция академиясы оны "отаршылықтың салдары мен мәдениеттер арасындағы босқын тағдырын ымырасыз әрі жанашырлықпен бейнелегені үшін" марапаттады.
2024 жылы әдебиет бойынша Нобель оңтүстіккореялық Хан Канға бұйырды. Оның "Ет жемейтін әйед", "Адам табиғаты", "Ақ кітап" романдары зорлық-зомбылық, тарихи жарақат, дене мен сана еркіндігі тақырыптарын көтереді. "Адам табиғаты" романы 1980 жылғы Кванджу көтерілісінің қасіретін бейнелесе, "Ет жемейтін әйел" адамның қоғам қысымына қарсылығын психологиялық проза арқылы жеткізеді.
Азиядан шыққан осы авторлардың шығармашылығына қарасақ, олардың ешқайсысы әлемге ұнау үшін ұлттық болмысынан бас тартпаған. Керісінше, үнді руханияты, жапон эстетикасы, түрік қоғамының қайшылықтары, Қытай ауылы немесе Кореяның тарихи жарасы секілді жергілікті тақырыптарды бүкіл адамзатқа ортақ мәселелер деңгейіне көтере алды.
Нобель сыйлығын алған әйел жазушылар
2-қатарда: Надин Гордимер, Тони Моррисон, Вислава Шимборская, Эльфрида Елинек, Дорис Лессинг, Герта Мюллер;
3-қатарда: Элис Манро, Светлана Алексиевич, Ольга Токарчук, Луиза Глюк, Анни Эрно және Хан Ган.
Коллаж: Informburo.kz
1909 жылы швед жазушысы Сельма Лагерлёф әдебиет бойынша Нобель алған алғашқы әйел атанды. Бірақ содан кейінгі бір ғасырдан астам уақыт ішінде небәрі 18 ғана әйел лауреат шықты. Бұл – барлық лауреаттардың шамамен 15 пайызы.
Соңғы онжылдықта ғана жағдай біртіндеп өзгеріп келеді. 2015 жылы Беларусь қаламгері Светлана Алексиевич, 2018 жылы поляк жазушысы Ольга Токарчук, 2020 жылы америкалық ақын Луиза Глюк, 2022 жылы француз жазушысы Анни Эрно, 2024 жылы оңтүстіккореялық Хан Кан Нобель сыйлығын иеленді.
Олардың шығармаларының тақырыптары да дәстүрлі әдеби каноннан өзгеше. Алексиевич кеңестік адамның жадын деректі проза арқылы сөйлетті. Анни Эрно әйелдің жеке тәжірибесін қоғамдық тарихпен байланыстырды. Хан Кан адам денесі, зорлық-зомбылық және тарихи жара туралы жазды.
Нобель лауреаттары қай тілде жазды?
Әдебиет бойынша Нобель сыйлығы туралы сөз болғанда ағылшын тілі бірден ойға келеді. Расында, лауреаттардың көбі ағылшын тілінде жазған.
| Тіл | Белгілі лауреаттар |
| Ағылшын | Эрнест Хемингуэй, Джон Стейнбек, Тони Моррисон, Кадзуо Исигуро, Абдулразақ Гурна |
| Француз | Альбер Камю, Анни Эрно, Патрик Модиано |
| Неміс | Герман Гессе, Генрих Бёлль, Эльфрида Елинек |
| Испан | Габриэль Гарсиа Маркес, Марио Варгас Льоса, Хуан Рамон Хименес |
| Орыс | Иван Бунин, Борис Пастернак, Михаил Шолохов, Александр Солженицын, Иосиф Бродский |
| Жапон | Ясунари Кавабата, Кэндзабуро Оэ |
| Қытай | Мо Янь, Гао Синцзянь |
| Түрік | Орхан Памук |
| Корей | Хан Кан |
| Бенгал | Рабиндранат Тагор |
| Араб | Нағиб Махфуз |
Кестеден көрінгендей, Нобель комитеті ағылшын тіліндегі әдебиетке жиі назар аударғанымен, марапат ешқашан бір ғана тілдің аясында шектелген емес. Ұлттық әдебиетті әлемдік деңгейге шығарған шығармалар да бағаланған.
Нобель алған шығармалардың ортақ бір ерекшелігі – олардың басым бөлігі ондаған тілге аударылып, әлемдік оқырманға жол тартқан. Мысалы, Габриэль Гарсиа Маркестің 1Жүз жылдық жалғыздығы1 40-тан астам тілге аударылып, әлем бойынша 50 миллионға жуық данамен таралған. Орхан Памуктың шығармалары 60-тан астам, Кадзуо Исигуроның романдары 50-ден астам, Мо Яньның кітаптары 40-тан астам тілде жарық көрген. Хан Канның "Ет жемейтін қыз" романы да 30-дан астам тілге аударылып, 2016 жылы Халықаралық Букер сыйлығын алғаннан кейін әлемдік бестселлерлер қатарына қосылды.
Қазақтар қайтсе Нобель алады?
Қазақстан Жазушылар одағы көтерген бастама қоғамда қызу талқыланып жатыр. Алайда Нобель тарихына қарасақ, лауреаттарды біріктіретін бірнеше ортақ заңдылық бар.
Біріншіден, олардың ешқайсысы әлемге ұнау үшін ұлттық болмысынан бас тартқан жоқ. Габриэль Гарсиа Маркес – Колумбияны, Мо Янь – Қытай ауылын, Орхан Памук – Ыстанбұлды, Хан Кан – Кореяның тарихи жарасын, Абдулразақ Гурна Шығыс Африканың отарлық тағдырын жазды. Бірақ олар ұлттық тақырыпты көтере отырып, бүкіл адамзатқа ортақ мәселелерді қозғай алды.
Екіншіден, олардың шығармалары халықаралық әдеби айналымға енді. Кітаптары ағылшын, француз, испан, неміс және басқа да әлем тілдеріне сапалы аударылды, беделді баспалардан шықты, сыншылар мен әдеби қауымдастықтың назарын аударды.
Үшіншіден, Нобельдің өзі бір сәттік жетістік емес. Лауреаттардың басым бөлігі ондаған жыл бойы әдебиетте үздіксіз еңбек етіп, әлемдік деңгейде мойындалғаннан кейін ғана марапатқа ие болды.
Бұл туралы лауреат Мо Янь да Төлен Әбдікті Нобель сыйлығына ұсынуды сұрап хат жазған Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкеновке жолдаған жауабында жазды:
"Нобель комитетінің мүшелерінің басым көпшілігі шығыс тілдеріндегі шығармаларды түпнұсқадан оқи алмайды. Сондықтан жазушының негізгі шығармалары алдымен батыс тілдеріне аударылып, содан кейін ғана оның еңбектері Нобель комитетінің назарына ілігуі мүмкін. Бұл үдеріс біршама ұзақ уақытты талап етеді", – деген еді Мо Янь.