Тікелей эфир

Отбасы банк атыраулық дәрігерлерге бастапқы жарнасыз жеңілдетілген несие ұсынады

Бүгінде Атырау облысында медицина саласындағы кадр тапшылығы өзекті мәселеге айналған.

Оны шешу үшін өңірде денсаулық сақтау саласын дамытуға арналған бес жылдық тұжырымдама әзірленіп жатыр. Биыл облысқа жұмыс істеуге келген дәрігерлерге әлеуметтік көмек беру бағдарламасы да жүзеге асып келеді. Медицина ұйымына жұмысқа тұрған кезде төленетін бір реттік материалдық көмек көлемі де артқан: қалада – 3 млн теңгеге дейін, ал ауылдық жерде – 5 млн теңгеге дейін. Ал жуырда дәрігерлерге баспана алу мақсатында жеңілдетілген несие беретін арнайы бағдарлама іске қосылады. Медицина қызметкерлеріне арналған мұндай бағдарлама Атырау облысынан бастау алып отыр.

Осы орайда бағдарлама шарттары туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте "Отбасы банк" АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Нұржан Мугалимов пен Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев баяндады.

Атырау облысының әкімдігі жеңілдетілген несиелеу бағдарламасын Отбасы банкпен бірге жүзеге асырады. Жақында ғана тараптар серіктестік жөнінде меморандумға қол қойды. Құжатқа сәйкес, жергілікті әкімдік өз тарапынан 1 млрд теңге бөледі. Ал бұл қаржыға кемінде 40 отбасы жеңілдетілген займ ала алады.

Бағдарлама шарттары:

  • Несие мөлшерлемесі – жылдық 5% (ЖТСМ 5,2% бастап);
  • Бастапқы жарна 0%-дан басталады;
  • Ең жоғарғы заем сомасы – 25 млн теңге.

Жаңа бағдарлама аясында хирургтар, анестезиологтар, реаниматологтар, инфекционистер, травматологтар, неврологтар және басқа да медицина қызметкерлі баспаналы бола алады. Оларға қойылатын шарт – 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істеулері және клиникалық практикамен айналысулары қажет. Оған қоса бағдарламаның барлық қатысушысы мемлекеттік медициналық ұйымдардың негізгі қызметкері болуы керек деген талап бар.

"Атырау облысының дәрігерлеріне арналған бағдарламаны жыл соңына дейін іске қосуды жоспарлап отырмыз. Отбасы банк бағдарлама қатысушыларына жылдық 5%-бен (ЖТСМ 5,2% бастап) заем береді. Дәрігерлерге бағдарламаның басталатын уақыты мен өтінім беру процедурасы қосымша хабарланады. Сондай-ақ, бағдарлама шарттарына сәйкес, жеңілдетілген несие алған ақ халаттылар мемлекеттік медицина мекемелерінде штатта бес жыл жұмыс істеулері керек", – деп хабарлады "Отбасы банк" АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Нұржан Мугалимов.

Оның айтуынша, бағдарлама қатысушылары баспананы алғашқы немесе екінші тұрғын үй нарығынан, яғни Атырау қаласындағы немесе Атырау облысындағы үйлерден сатып ала алады.

"Біз нарықтағы бағаны есептеп, ең жоғары несиелеу сомасын 25 миллион теңге деп бекіттік. Себебі осы сомаға аудандардан да, қаладан да баспана сатып алуға болады. Бағдарлама облыстың барлық жеті ауданын қамтиды. Медицина қызметкерлерінің жұмысының тартымдылығын арттыру үшін тек Атырауда жұмыс істейтін бірегей бағдарлама өз нәтижесін береді деп сенеміз және келер жылы да жалғасын табады", – деді "Отбасы банк" АҚ Атырау облыстық филиалының директоры.

Бағдарламаға қатысушылар тізімін Атырау облысының денсаулық сақтау басқармасы әзірлейді. Ең көп ұпай жинаған мамандар жеңілдетілген несие алуға үміткерлер қатарына қосылады. Ұпайлар санына ғылыми дәрежесі мен жұмыс тәжірибесінің болуы, мамандық түрі әсер етеді. Акушерлік, гинекология, анестезиология, реанимация, травматология және ортопедия саласындағы мамандарға жоғары ұпай есептеледі. Ал ұпай саны тең болған жағдайда жұмыс тәжірибесі мол қызметкерге басымдық беріледі.


Оқи отырыңыз: Otbasy bank пен Ninety one қаржы курстарын ұсынды


Маман жеңілдетілген несиелеу бағдарламасына қатысушылардың ұпайы қалай есептелетінін түсіндірді. Сұранысқа ие кадрларға жоғары ұпай – 10 балл беріледі. Егер үміткер ғылыми дәреже алса, яғни медицина ғылымдарының кандидаты немесе докторы болса – 7 балл, профессорларға – 10 балл, магистратура, MBA болса 5 балл есептеледі.

"Өңірде медицина саласындағы кадр тапшылығы бірнеше жылдан бері өзекті мәселелердің бірі болып тұр. Жыл басында 185 маман тапшы болса, қазіргі таңда 163 маман жетіспейді. Былтырмен салыстырғанда биыл өңірге кадрларды көбірек тарттық. Алайда жеке секторға ауысу, басқа өңірлерге көшу, зейнетке шығу және басқа да факторлар әсер етпей қоймады. Атырау облысына кадр тарту мақсатында бірнеше жоба жүзеге асырылып, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бағдарлама жемісін беріп, өңірімізде кадр тапшылығы қысқарып, жаңа мамандар тартуға мүмкіндік береді деп ойлаймын", – деді Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев.

Қатысушылар тізімі қалыптасқан соң барлық қатысушы Отбасы банкінен несие алуға жолдама алады. Банк үміткердің төлем қабілеттілігін тексергеннен кейін несие береді. Ал баспананы медицина қызметкерлерінің өздері іздеп табуы керек.

Серіктестер жаңалықтары