Қазақстандық Әлихан Нұржауов WCOPA 2024 атты орындаушылық өнерден әлем чемпионатында бірден 7 жүлдеге ие болды. Голливудта өткен байқауға әлемнің түкпір-түкпірінен талантты орындаушылар қатысты. Әлихан "актерлік өнер" және "моделинг" номинациялары бойынша өнер көрсетіп, үш алтын және үш күміс медаль жеңіп алды. Оған қоса оған кәсібилігі мен шеберлігін растайтын арнайы орден табысталды.
Әлихан бүгінде Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк өнері колледжінде театр және кино актері мамандығын меңгеріп жүр. Информбюро тілшісі әлем чемпионатында жеті бірдей жүлдеге ие болған Әлиханның өзімен тілдесті.
– WCOPA 2024 чемпионаты туралы қайдан білдіңіз? Бұл қандай чемпионат?
– Чемпионат туралы қарындасым Ақеркенің ұстазы Лейла Болатбектен білдік. Алғашында АҚШ-қа қарындасыма еріп барамын деп ойлаған едім. Өзім де қатысып кеттім. Бұл әлем чемпионатында шетелден келген жүздеген өнерпаз өнер көрсетеді. Мен "актерлік өнер" және "моделинг" номинациясына қатыстым. Моделингтің өзі кэжуал, фото күнделікті деп беске бөлінеді.
Жеті жүлде алдым, актерлік шеберлік те, моделлинг те бар. Жартылай финалға және финалға шыққаным үшін орден берді.
– Финалға шығамын деп ойладыңыз ба?
– Еш күтпедім. Чемпионатқа төрт мың өнерпаз қатысты. Жартылай финалға 300 адам өтсе, финалға 70 адам ғана жолдама алды. Финалға өтудің өзі өте қиын. Қазақстан 2008 жылдан бері бұл чемпионатта орын алмаған екен. Финалға өткенімді естігенде өте қатты қуандым. Рас па, өтірік пе деп таңырқап қалдым. Расында, күтпеген жағдай болды. Финалға өтемін деп ойламадым. Сол сәтте сан түрлі сезімді бастан кештім.
– "Актерлік шеберлік" номинациясында пантомимадан көрініс қойған екенсіз. Бұл қимылмен сөзсіз түсіндіру өнері емес пе? Өнеріңізді қалай бағалады?
– Пантомиманы қоюға ұстаздарым Ернар Бейсенбекұлы және Еркебұлан Жайсанбек көмектесті. Чемпионат шетелде өтіп жатқан соң бәрі түсінетін тілде болсын деп қимыл-қозғалыс өнері – пантомима қояйын деп шештім. Көрініс арқылы адамның иманын жоғалтпауы қажет, оны жоғалтып алса да қайтару әлі кеш емес деген ойды жеткізгім келді. Адамдар байлық мен атақтың ізін қуамын деп өз болмысын, адамгершілігін, иманын жоғалтады.
Бұл өнерді колледж қабырғасында 1-курстан бері үйреніп келе жатырмын. Колледжде өнер көрсеткенде арнайы музыка іздеп, қойылым жасап шығаратынбыз. Ал чемпионат ережесі бойынша музыка қосуға болмайды. Сондықтан музыкасыз сомдап шығуға тура келді. Бұлай өте қиын болды, себебі бұл тапсырманы екі есе қиындатып жіберді. Шетелдік қазылар, көрермендер жақсы бағалады. Бәріне ұнады.
– "Моделинг" номинациясында не көрсеттіңіз? Қазақстанда бұрын модель болғансыз ба?
– Қазақстанда тек фотомодель болған едім. Моделингте басқа тәжірибем болмады. Алматыда жүргенде аз-маз оқып, зерттедім. Подиумда қалай жүруді Америкада чемпионат кезінде қарсыластарым үйретті. Сол жақта алғаш рет подиумда жүріп өттім.
Моделинг конкурсы бірнеше күн бойы таңнан кешке дейін болып жатты, өйткені қатысушы көп. Модельдер подиумға шығып, жүріп өтеді. Қазылар ән номинация бойынша бағалайды. Жартылай финалға өткен соң тыңғылықты дайындалдым.
– Әлемдік модельдердің үштігіне енген сізге әлемдік брендтерден ұсыныс түсіп жатыр дейді. Шетелде модель боласыз ба? Әлде Қазақстанда жұмыс істей бересіз бе?
– Иә, әйгілі Versace және Gucci брендтерімен келісімшарт жасауды жоспарлап отырмын. Қазақстанда да, шетелде де жұмыс істеуге тырысамын. Бірақ, Қазақстанда тұратыным анық.
Одан бөлек, New York film academy немесе Нью-Йорк драма өнері консерваториясында оқуға 30 мың АҚШ доллары көлемінде оқуға грант берді. Қайсын таңдайтынымды әлі шешпедім.
– Чемпионат кезінде қандай қызық оқиға болды?
– Сахнаға шығуға 30 секунд қалғанда қарындасымның көйлегінің арқа тұсы жыртылып кетті. Тіге де, жаба да алмай қойдық. Сахнаға шықпаймыз, өнер көрсетпейміз деп жатқан кезде филиппиндік қарсыластарымыз көп түйреуіш әкеп берді. Көйлекке түйреп көмектесті. Солай қарындасымды сахнаға жібердік.
– Өзіңіз актерлік өнер мамандығында тәлім алып жатырсыз. Киноға түсіп үлгердіңіз бе?
– Былтыр "Саша против!" атты ресейлік сериалға түстім. Бұл – кинодағы дебютім. Сериалда Ақтөбеден келген Мамажан атты жас рэпер баланы сомдадым. Актерлік өнер өте қатты ұнайды. Бала күнімнен актер боламын дедім.
– Алда тағы қандай жобаларға түсу ойыңызда бар? Кімді сомдағыңыз келеді?
– Кез келген рөлді сомдай беремін. Осы рөлді ойнасам ғой деген арманым жоқ екен. Әр рөл актер үшін маңызды. Актерді ашатын рөл болады.
Енді "Елші қыз" атты отандық толықметрлі фильмге түскелі жатырмын. Қыркүйекте түсірілім басталады.
– Баланың топ жарып, жетістікке жетуіне ата-анасының ықпалы зор. Үйіңізде сіз ғана емес, қарындасыңыз да өнерге жақын екен. Ата-анаңыз сіздерді қалай қолдайды?
– Анам Эльмира – пианист, өнерге жақын. Қазір жеке кәсіппен айналысады. Ал әкем Исатайдың өнерге қатысы жоқ, жеке кәсібі бар. Кішкентай кезде ешқандай үйірмелерге қатысқан жоқпны. Балалық шақты балалармен ойнап өткіздім. Мен үйірмелерге, өнер не спорт мектебіне бармаған соң қарындасым Ақеркені жан-жақты болсын деп вокал, гимнастика, биге берді. "Ойжұмбақ 2" анимациялық фильмінде дубляждады. Өзі актриса, әнші, модель. Instagram парақшасына 78 мыңға жуық адам жазылған. Кішкентай кезінен вокалмен айналысады. Ол да чемпионатқа барып вокалдан өнер көрсетті. Ата-анам мені де, қарындасымды да қатты қолдайды. Таңдауымызды құрметтейді.
View this post on Instagram
– Арманыңыз қандай? Алдағы жоспарыңыз қандай?
– Отбасым және жақындарым көз алдымда жарқырап жүре берсе екен деп тілеймін. Ал арманым әрі мақсатым – Қазақстаннан шыққан Оскар жүлдегері болу. Қазақстанды бүкіл әлемге танытып, басқа елден кем емес екенін дәлелдегім келеді.
– Кімді үлгі тұтасыз?
– Үлгі тұтатын адамым, кумирім жоқ. Табысқа жетудің формуласын сұраса, "99 пайыз – еңбек, бір пайыз – талант" дер едім.