Тікелей эфир

Мың жылдық жәдігерлер: Алматыда Қытай фарфорының көрмесі ашылды

Фото: ҚР Мемлекеттік орталық музейінің баспасөз қызметі
Фото: ҚР Мемлекеттік орталық музейінің баспасөз қызметі
Көрмеге фарфор бұйымдардың 100-ден астам түрі қойылды.

Аспан асты елінің таңбалы тарихынан сыр шертетін фарфор бұйымдар жалт-жұлт етіп, көздің жауын алады. Сұлу сипатымен, сәнді өрнегімен алыстан менмұндалап қол бұлғайды, өзіне шақырады. Түрлі пішінде жасалған бұл бұйымдардың тарихи құндылығы жоғары, мән-мағынасы терең. 

Бұл – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде қойылған "Қытай фарфоры – мыңжылдық өнері" көрмесінің көркем көрінісі.    

Орталық музей мен Алматы қаласының сауда және инвестиция палатасы Қытай керамикалық саяхатын ұйымдастыру комитетімен бірлесе отырып ұйымдастырған көрме Қытай мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты арттырып қана қоймай, қытай елінің жауһары саналатын фарфор бұйымдарды көзбен көріп, жүрекпен сезінуге мүмкіндік береді. 

"Орталық музей "Тату көршілік қатынастардың жаңа кезеңі" бастамасының аясында, Қазақстан Республикасының  президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен  ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы Балаеваның Қазақстан мен Қытайдың мәдени алмасуын нығайтуға бағытталған көптеген жобалары мен бастамаларын іске асыра отырып, көршілес елдермен достық қарым-қатынастарды дамытуды қолдайды. Бұл көрме екі ел арасындағы мәдени байланысты нығайтуға ықпал ететініне сенімдіміз", – деді ҚР Мемлекеттік орталық музейінің директоры Рашида Ерімқызы. 

Фото: ҚР Мемлекеттік орталық музейінің баспасөз қызметі

Өз кезегінде "Цзинюньфэн Керамика Ко" бас менеджерінің орынбасары Сун  Ронгин мен "Jingchang Yao Ceramics Limited" компаниясы бас менеджерінің орынбасары Taн Мэй ханымдар да қытай елінің жауһар жәдігерін қазақстандық көрермен назарына ұсынғандары үшін ерекше қуанышты екендерін жасырмады. 

"Әр керамикалық өнер туындысы тарихи және мәдени ақпаратты бойына сіңірген. Бүгін біз осы бір құнды бұйымдарды мыңдаған шақырымды артқа тастап Қазақстанға жеткіздік. Өйткені біз қытай керамикасының таңғажайып тарихы мен қайталанбас мүсінін мүмкіндігінше көп адам білгенін қалаймыз", – деді Taн Мэй. 


Оқи отырыңыз: "Әйелдің иісі". Алматыда ерекше көрме ашылды


Көрме қызыл лента қиылып ресми түрде ашылған соң шақырылған қонақтар тарихи жәдігерлерді қызыға тамашалады. Шын мәнінде таңдай қақтырғаны – бұйымдардың ерекше сұлулығы. 

Қытай дәстүрі мыңдаған жылдар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Ғасыр дөңгелегі айналған сайын бұл бұйымдардың маңызы арта түспесе, кеміген емес. 

Көрмеге фарфор бұйымдардың 100-ден астам түрі қойылған. Мысалы, жануардың ауызы түріндегі өрнегі бар тостаған, теңіз жануарының аузы түріндегі өрнегі бар тостаған, інжу-маржанмен қоршалған, айдаһар үлгісі бар, қызыл түске боялған Цинь стиліндегі эмальдан жасалған яшма флаконы, Цин дәуіріндегі айдаһар стиліндегі құлақтары бар вазасы, Кянлун дәуіріндегі ұнтақ бояуларында жасалған баосянхуа өрнегі, Юнчжэн дәуіріндегі "он сегіз мың ғалам" тақырыбына бұғы құлақтары мен фаянс бояуларымен боялған гүл құмырасы, таңдаулы көк және ақ Цин Цянлун фарфордан жасалған су ыдысы, киноварьмен қара лактан жасалған бұлт өрнегіндегі тағам, керамикалық денесіне алтынмен боялған мифологиялық оқиғалар суреті бар жуи тұтқалары бар лакталған құты, соя тұздығы түстес жылтырлы Бошань түтіндігі, Шығыс Хань фарфор сағаты, Шығыс Цзинь дәуіріндегі Децин пешінде пісірілген қыш құмырасы тәрізді бұйымдар қаншалықты бір-бірінен өзгеше болса, соншалықты құнды. 

Фото: ҚР Мемлекеттік орталық музейінің баспасөз қызметі

Қытайдың тарихи жәдігерлері Қытай мәдениетін, адамзат өркениеті мен тарихын жеткізеді. Қытай өнері тарихындағы Тан әулеті ұлы кезең болып саналады, керамикалық технология айтарлықтай жетілдірілді, фарфордың көптеген тамаша түрлері көп мөлшерде пайда болды, яғни бүгінгі стандарттар бойынша олар да нағыз жоғары сапалы фарфор болып табылады. 

"Бұл көрмеге Қытай династиясында қолданған фарфор ыдыстар және фарфор өю-өрнектері қолданылған пішіндер қойылған. Шань династиясы б.з.б. 17 ғасырда құрылған, басқа мемлекеттерде қарапайым ыдыстар жасалса, Қытайда фарфор жасалған. Бұл үлкен шеберлік пен кәсібилікті көрсетеді. Әрбір династия ауысқан шеберлер фарфор жасау шеберліктерін дамытып, дәл қазір біздің алдымызда тұрған деңгейге жеткізді. Әр бұйым ерекше. Тань династиясында әйгілі болған мыстан және қоладан жасалған фарфорды да көре аласыздар. Дәл осындай фарфорлар осыдан мың, екі мың жыл бұрын жасалған. Қазіргі күнге дейін жеткені шеберлердің тамаша жұмысы деп білеміз. Ең ерекше ең үлкен ортада тұрған мына ваза Цинь династиясына жатады. Бұндай алтын жалатылған үлкен фарфор ыдыстарды императорларға немесе олардың отбасына сыйлайтын болған", – деді экскурсия жүргізуші Әлішер Талғатұлы. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары