Кейде адамның өміріне, тұлға ретінде қалыптасуына, дос табуына, қоршаған ортаға бейімделуіне жұмыс істейтін ортасы, әріптестері өте үлкен әсер етіп жатады. Жиырма жылдың ішінде Отбасы банк ел азаматтарының баспаналы болуына жәрдемдесіп қана қоймай, қызметкерлерінің үлкен отбасына айналуына септігін тигізген. Мұнда қызмет жолын қарапайым маман болып бастап, жоғары санатты қызметке жеткен адамдар да, бақытын тауып, шаңырақ көтергендер де, клиенттерге жәрдемдесіп, алғыс арқалап жүргендер де бар.
"Алғыс арқалайтын абыройлы мамандық"
Күміс Жұмабаева – Отбасы банкінің Атырау облыстық филиалының І санатты маманы – әмбебап менеджер. Ол мұнда 2007 жылдан бері жұмыс істеп келеді.
"Жалпы банкте 20 жылдық жұмыс өтілім бар, оның ішінде 16 жыл осы Отбасы банкінде қызмет етіп келемін. Бұл жер менің маман ретінде қалыптасуыма тікелей әсер етті. 2007 жылы аға кассир болып жұмысқа қабылданған едім. 2014 жылдан кейін несие бөліміне ауысып, клиенттерге заем берумен айналыстым. Қазір негізгі қызметім – несиеден кейінгі сүйемелдеу жұмыстары. Мұнда клиенттердің мұрагерлік ісі, кешіктірілген қарыздары бойынша мәселелерін қарап, тиімді жолмен шешілуіне жәрдемдесеміз", – дейді ол.
Күміс Жұмабаева осы жылдар ішінде қаншама клиентке қызмет көрсетіп, баспаналы болуына, ипотекаға қатысты мәселелерінің шешілуіне көмектескен. Өзінің айтуынша, жұмысының арқасында елдің алғысына бөленіп жүр.
"Біздің жұмысымыз – алғыс арқалайтын жұмыс. Клиенттердің баспаналы болған кездегі алғашқы қуанышын бөлісу бақыты бізге бұйырған. Олардың эмоциясын айтып жеткізу мүмкін емес. Былтыр бір клиент келген. Бүкіл құжаттарын тыңғылықты жинап, бәрін сақадай-сай етіп, дайындап әкеліпті. Мұндай клиенттермен жұмыс істеген де керемет. Біз тек жылы лебізбен қызмет көрсетіп, баспаналы болуына көмектестік. Сол кезде клиентіміздің анасы офисімізге келіп, ризашылығын білдіріп, бата беріп кетті. Қоныс тойға шақырды. Бізде осындай жылы, бақытқа толы сәттер көп болады. "Көңіл көңілден су ішеді" дейді ғой. Мұндай кездерде өзіміз баспаналы болып жатқандай қуанып, мәз-мейрам болып қаламыз. Жалпы адамдар біздің банкке қарапайым адамдарға қолжетімді шарттары үшін риза болады", – дейді ол.
Сонымен қатар, Күміс бір жерде осынша уақыт тапжылмай қызмет етуіне басшылық пен әріптестерінің ауызбіршілігі де себеп болғанын айтады.
"Бұл банкте қызмет етіп жүргеніме биыл 16 жыл болды. Мұнда біздің алаңдамай жұмыс істеуіміз үшін барлық жағдай жасалған. Әріптестерімнің ауызбіршілігі де мықты. Әрқашан бір-бірінің жанынан табылып, қиындықта қолдап, қуанышын бөлісіп жүреді. Осында жүріп өзіме жақын құрбы, жанашыр достар таптым. Сондықтан Отбасы банкін тек жұмысым ғана емес, отбасыма айналған банк деп айта аламын", – дейді Күміс Жұмабаева.
"Еңбегің бағаланатын жұмыс"
Отбасы банкінің Батыс Қазақстан облыстық филиалының логисті Нұрбек Гайсин де мұнда өңірдегі алғашқы филиал ашылған кез – 2006 жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр. 17 жыл ішінде ол да талай қызық пен қуаныштың, адамгершілік пен жақсылықтың куәсі болған.
"Алғашында сатып алу бойынша жетекші маман болып жұмысқа қабылдансам, кейін аға маман, сосын сатып алу бойынша І санатты маман атандым. Қазір логист болып жұмыс істеймін. Банктің тоқтаусыз жұмыс істеуі үшін керек-жарақпен қамтамасыз етіп отыру – менің міндетім. Оның ішіне қызметкерлерге қажет кеңсе тауарлары, ұйымдастыру техникасы, жиһаз, ғимаратты жалға алу, жарық, су, жылу сынды коммуналды қызметтердің бәрі кіреді. Қазір айтып отырғанда бәрі оңай сияқты естіледі. Бірақ алғаш жұмысқа кірген кезде филиалдың сол кездегі директоры Хамзин Қуанышбек Жүсіпұлының көмегі көп тиді. Ол кезде 26 жаста ғана болсам да, маған сенім артып, алғашқы күннен бастап қолдау білдірді. Жетекшілерім де бар білгенін бөлісіп, білмегенімді үйретті", – деп ризашылықпен еске алды.
Нұрбек өзі де осы Отбасы банкінде шот ашып, қаражат жинап, үйлі болғанын айтады.
"Біздің банк өзінің алға қойған міндеттерін адал атқарып келеді. Халыққа ақшасын ысырап қылмай, мұқият жинақтап, сол арқылы қолайлы жағдайда, отбасылық бюджетіне салмақ салмай, баспаналы болуды үйретеді. Өзім де осы банктің қызметін пайдаландым. Үш жыл бойы шотыма ақша жинап, 2013 жылы үш бөлмелі пәтер алдым. Сол пәтерде он жылдан бері тұрып келе жатырмын. Себебі, халыққа кеңес бермес бұрын, адам өзі бірінші сол жолды жүріп көруі керек. Сонда халыққа түсіндіргенде де ыңғайлы болады", – дейді ол.
Нұрбек айналасында жүрген туған-туыстарына, таныстарына банк арқылы баспаналы болудың жолдарын түсіндіре жүреді екен. Себебі білгенін бөліскенді жаны сүйеді.
"Менің жұмысым қызметкерлерді керек-жарақпен қамтамасыз ету ғана болса да, жүрген ортамда банк қызметі туралы айта жүремін. Себебі мұнда қарапайым азаматтарға төмен пайызда несие рәсімдеп, баспаналы болуға барлық жағдай жасалған. Қазір ел арасында да сұраныс жоғары ғой. Қонаққа барған кезде менің қайда жұмыс істейтінімді естіген адамдар міндетті түрде келіп, танысып, кеңес сұрап жатады. Қанша танысым, туысым менің айтқан ақпаратым арқылы баспаналы болды. Бәрінің үйінде қоныс тойда болдым. Қонаққа барған сайын төрге шығарып, алғыс білдіріп жатады. Қанша көпбалалы отбасы, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар, әскери қызметкерлер осылай үйлі болды", – дейді ол.
Нұрбектің айтуынша, бұл банктегі қызметкерлер үлкен бір отбасының мүшесі іспеттес. Тіпті арасында осы банкте жүріп, бақытын тапқандар да бар.
"Он жеті жыл ішінде жұмысыма бауыр басып кеттім. Небір қимастықпен еске алатын ыстық естеліктер болды. Әріптестеріміздің ішінде осы банк арқылы өмірлік серігін тауып, шаңырақ көтергендер бар. Олардың қуанышында бірге жүрдік. Бұл жерде еңбек бағаланады. Еңбегің еш кетіп жатпағанын түсінесің", – дейді Нұрбек.
"Күніне 200 теңге жинап, үйлі болғандар бар"
Гүлшат Елубаева да Отбасы банкінде 17 жылдан бері – Маңғыстау облысында банк филиалы ашылған кезден бастап жұмыс істеп келе жатыр. Жалпы банк саласында 37 жылдық еңбек өтілі бар. Қазір сүйемелдеу және кредиттен кейінгі қызмет көрсету бөлімінің бастығы.
"Кредиттен кейінгі қызмет көрсетуден бөлек, жеке тұлғаларға несие беру ісімен де айналыстым. Осынша жылдың ішінде жұмыс орным менің болмысыма өте қатты әсер етті. Мен мұнда кәсіби өсумен қатар, айналама қамқор, адамдарға жанашыр болуды, мейрім танытуды үйрендім. Себебі біздің клиенттеріміздің негізі – орташа жалақымен күн көріп отырған қарапайым адамдар мен әлеуметтік тұрғыда осал азаматтар. Өйткені мемлекеттік бағдарламалар халыққа біздің банк арқылы жеткізіледі. Сол адамдардың әңгімесін тыңдап, өмірбаянын естігеннен кейін, "тезірек үйлі болса екен" деп тілекші боласың, көмектесесің. Кейін солар үйлі болған кезде қуаныштан бірге жылайтын кездеріміз көп болады", – дейді ол.
Гүлшат Отбасы банкін армандар орындалатын жер деп есептейді.
"Негізі Отбасы банк нағыз халықтың банкі. Бұл жер – адамдардың арманы орындалатын жер. Біздің бір клиентіміз болды. Баспана алуды мақсат етіп қойып, шотына күн сайын 200 теңге, 500 теңге болса да, ақша салып тұратын. Сондай тұрақтылығы мен жанкештілігінің, арманына адалдығының арқасында үйлі болды. Сол клиентпен бірге бәріміз қуанып, пәтерлі болғанда қуаныштан бір жылып та алдық! Сол себепті Отбасы банкін баспаналы болғысы келетін адамдардың тағдырына тікелей әсер ететін банк деп айта аламын", – дейді Гүлшат.
Гүлшат Елубаева банк клиентке қолайлы болу үшін барлық жағдайды жасап жатқанын айтады.
"Бүгінгі таңда қызметтердің басым көпшілігі автоматтандырылған, қашықтықтан қолжетімді. Бәрі клиенттің сұранысын қанағаттандыру, уақытын үнемдеу үшін жасалып жатыр. Қызметкерлердің де кәсіби тұрғыда өсуіне бар жағдайды жасайды. Түрлі тренингтер, семинарлар мен вебинарлар өткізіліп тұрады. Осындай жағдай жасалып жатқанда, алдыңа келген клиентке адал қызмет көрсету – бәріміздің ар алдындағы, адамгершілік алдындағы міндетіміз деп ойлаймын", – дейді Гүлшат.
Биыл қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне өлшеусіз үлесін қосып жүрген Отбасы банкіне 20 жыл толады. Өз кезегінде қаржы институты 10 жылдығын атап өткелі отырған "Бәйтерек" ҰБХ-ның еншілес ұйымы. Бүгінде банкте, 1464 адам жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі Отбасы банк қаланғалы еңбек жолын бірге атқарып келе жатқан адал қызметкерлер. Бүгін Астанада "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ Басқарма төрағасы Шарлапаев Қанат Бисимбайұлы қазақстандықтардың тұрғын үй жағдайының жақсаруына өлшеусіз үлес қосып жүрген үздік қызметкерлерді мерейтойлық медальдармен марапатталды.