Түркістан қаласының әкімі, кейіннен Түркістан облысының әкімі көшедегі қоқысты теріп жүрген видеосы әлеуметтік желіде тарап, қызу талқыға түсті. Бірі мұны қарапайымдылық пен жауапкершіліктің көрінісі десе, енді бірі алдын ала жоспарланған дүние деп сынға алды. Бұл расымен де жасанды пиар ма? Мұндай PR-тәсілдер қаншалық ұтымды? Осы орайда Информбюро тілшісі PR мамандарына осы сауалды қойып, мұндай контенттің қоғамға қалай әсер ететінін саралады.
Даудың басы...
Журналист Жарас Ниязбек Facebook парақшасында екі әкімнің де видеосын жариялап, өз пікірін жазды. Алдымен Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының пластик бөтелкелерді жерден алып жатқан видеосын сынады.
"Бетті бастым, қатты састым. Қазір халыққа мұндай тәсілдер мүлде өтпейді ғой. "Елім деп соқсын жүрегің" деген ән жетіспей тұр. Түркістан әкімі қаладағы саябақты аралап баклажка теріп жүр. Кімге керек бұл арзан пиар? Басқа шаруа жоқ па? Коммуналдық қызмет қайда, апта сайын, ай сайын дүрілдеп өтіп жатқан "Таза Қазақстан" науқаны, сенбіліктер қайда? Елдің дамуын тежейтін, елдің ашуын тудырып, сеніміне селкеу түсіретін осындай әкімдер ғой. Барлық әкім мұндай емес", – деп жазды ол.
Содан соң Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің ақсақалмен сөйлесіп келе жатып қоқыс жәшігінің үстінде тұрған қоқысты байқап қалып, жәшікке салады. Қасында Түркістан қаласының әкімі де бар.
"Көп көрім әңгіме айтып келе жатқан ақсақалды аяп кеттім. Елдің мәселесін айтып немесе өңір әкіміне бата беріп келе жатты ма екен?! Алайда Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров "қоя тұршы, қоқыс жатыр екен мұнда, ала салайын" деп бұрылып кеткен сияқты. Жалпы осы өңірдегі әкімдер қоқыс көрсе бар дүниені ұмытып, арқасы қозып кетеді-ау деймін! Кеше анау, Түркістан қаласының әкімі бүкіл елге өнерін паш етті. Сөйтсек, облыс әкімінен үйренген сияқты ғой. Жалпы осындай арзан шоуға қалай қарайсыз?" – дейді Жарас Ниязбек.
Желі қолданушыларының басым бөлігі әкімдердің ісін құптамай, алдын ала дайындалып қойған дүние екенін айтып жатыр. Оқырманның бірі "мемлекеттік қызметшілер де әлеуметтік желі арқылы осындай арзан қойылымдар қойып абырой жинауға көшкен бе?" деген сұрақ қойып, бұған халық сенбейтінін айтып пікір қалдырған.
"Арзанқол дүние халыққа кері әсер етеді"
Ақсұлу Сәнғали, PRshy қазақстандық PR мамандары қауымдастығының вице-президенті:
– Бұл сұраққа жауап бергенде алдымен екі ұғымның басын ашып алу керек. PR дегеніміз – қоғамдық пікірді қалыптастыру, ол – ұзақ мерзімді процесс. Қай аудитория қалай қабылдайды, қандай ақпаратты қайда жеткіземіз дегендей стратегия керек.
Ал қысқа мерзімді, тез эффект беретін, яғни әлеуметтік желіге пост жазып, не тірлігіңді "мақтату" – жарнама. Бұл – соның кері, жұмысты көрсетудің жеңіл түрі. Не үшін керек болды, неге осындай әдеттерге әуес дегенді PR маманы ретінде жіктеп көрейін.
Мақсат – жұмысты көрсету. Болды делік. Ақпарат – таза қала, экологиялық акция. Аудиториясы кімдер? Бәлкім "жоғарғы жақ"? Демек әйтеуір жұмыс істеп жүрміз деген есеп беру ретінде жасалды. Халық? Онда тек үлкен кісілерге бағытталған. Солар ғана "ана бала бірдеңе істеп жүр, жарайды" деуі мүмкін. Жастарға мотивация бермек түгіл, ондай видеолармен қызықтыра да алмайсыз. Себеп – oрындалуы оңай, еш қосымша қаражатты қажет етпейді, жұрт та істеп жүр, болмасаң да ұқсап бақ.
Өткенде бір әкім "мобилографыңызды неге ертіп жүресіз?" деген сұрақ "жұмысты көрсету керек" деп жауап берді. Әкімнің репутациясы жап-жас, тап-тамаша мобилографтың қолында болғасын не сұрайсыз. Бәлкім, кейбіреулер мұны "жұмысты көрсетудің жалғыз жолы" деп ойлар. Бірақ жергілікті жерлердегі мемлекеттік қызметшілер әрбір іс-әрекеті арқылы биліктің репутациясына нұқсан келтіретінін ескеруге тиіс.
Мұндай жағдай тек Қазақстанға тән деп айтуға болмайтынын мойындау керек. Корея мэрі командасының алдын ала жағажайға төккен қоқысын жинаймын деп басы дауға қалған. Үндістанда Делиде де қоқысы "алдын ала ұйымдастырылған" экологиялық акцияның кесірінен шенеунік қызметінен кете жаздаған. Мұндай мысал көп.
Бірақ репутация тұрғысынан маңызды дүниені назардан тыс қалдырып отырмыз. Телефоны бар әрбір адамның бүгінде ақпарат құралы екенін ескерсек, мұндай арзанқол дүниелердің әсері әрдайым кері болады.
Елімізде әлеуметтік желіні пайдаланушылар саны 80% жоғары. Сондықтан өте абай болған жөн. Өйткені, біріншіден, күніне сағаттап контент көретін аудиторияны мұндай "елім менің" деген контентпен таң қалдыра алмайсыз. Екіншіден, әлеуметтік желідегі негатив тұлғаға деген "сенім" деңгейін бірден құлдырата алады. Бұл әлеуметтік желіге жолама дегенді білдірмейді. Тек жұмыстың жүйелігін көрсетсе деген ниет.
Тағы да бір шетел тәжірибесін айта кетсем, Норвегияда осы іспеттес экоакцияны тұрақты түрде стрим live көрсетіп, мыңдаған аудиторияның сүйіктісіне айналған кейс бар. Оны тіпті халықаралық сарапшылар үздік PR кейстер қатарына жатқызды. Несімен ұтты? Шынайылық, тұрақтылық, арнайы стратегия. Ал бізге жетпейтіні осы.
"Мемлекеттік қызметші жұмысын көрсетуге мәжбүр"
Салтанат Әскербекқызы, Астанадағы ЕҚЫҰ-ның аккредитациясынан өткен PR және медиа сарапшысы:
– Видеодан жасанды пиар деп сараптама жасайтындай сын көріп тұрған жоқпын. Олардың кестесінде ауланы, үйді аралау міндеті тұрады. Сондықтан видеодан әкімнің қарапайым жұмыс процесін көріп тұрмын. Әсіресе, облыс әкімінің үлкен кісімен сөйлесіп келе жатып, өзі барып жерден қоқысты ала салғанын қарапайым процесс деп санаймын. Өкінішке қарай, тек мін іздеп, сынау деген көзқарас болса адамның жақсы қырын, шынайы, орынды дүниелерін көрмей қаламыз. Негативке кетіп қалғанымыз соншалық осындай қарапайым әрі орынды дүниені жақтырмай тұрамыз немесе оған күмәнмен қарап, негативке айналдырғымыз келіп тұрады. Бұл – өте жаман әдет және мұны эмоциямен байланыстырамын.
COVID-19 пандемиясынан кейін адам мінезі өте қатты өзгерді. Эмоция тұрғысынан алғанда әсершіл, ашуланшақ, біреудің өмірін талқылағыш, біреудің жүрген-тұрғанын аңдығыш болып кеттік. Азаматтық қоғамда тек мемлекеттік қызметке ғана емес, жеке меншік, бизнес саласы болсын көрсетілген қызмет дұрыс болмаса, біз оны айтуымыз керек. Ол міндетті түрде сынау керек деген сөз емес. Кемшілік болса бұлай болмауы керек деп айтуымыз керек. Бірақ әрбір қимылдан, әрбір істен мін іздеп, оны жақтырмай, жоққа шығармау керек. Медальдің екі жағы бар, сол сияқты ақ пен қара да бар. Сынайтын кез де бар, бірақ шынайы, орынды дүниелер де бар. Сол себепті әкімдердің көше кезіп, жүріп келе жатұанда жерден қағазды көтере салғанында тұрған ештеңе жоқ. Оны "жасанды пиар" деудің керегі жоқ, өйткені мұның бәрі – орынды, өмірде кездесетін амал-әрекеттер. Сол себепті PR маманы ретінде әрі қарапайым адам ретінде ешқандай мін көріп тұрған жоқпын.
Бүгінгі таңда коммуникация бірінші орынға шыққаны соншалық, өкінішке қарай, жеке меншік компаниялар сияқты мемлекеттік қызметшілер де қызмет көрсететін халыққа, оқырманына, тыңдарманына өзінің қызметін көрсетуге мәжбүр. Бұрын мемлекеттік қызметші өзінің қызметін ғана атқарса, бүгінгі таңда оған қоса жұмысын да көрсетуі керек. Сол себепті біреу жұмысын тамаша көрсетеді, ал біреуде жасандылық бар сияқты көрінуі мүмкін және бұл орынды жайт. Бірақ әкімдердің көше кезіп жүруі, болмаса тазалық тексеруі қалыпты нәрсе екенін ұмытпауымыз керек. Олардың жұмысы шаш етектен және видеодағыдай тексеру де жұмысы екенін ескерген жөн. Олар жұмыс істеп қана қоймай сол жұмысты қалай істеп жатқанын да көрсетуі керек. Мұндай видео көбейіп кетті, бірақ оның бәрі орынды екенін қайталап айтамын. Өйткені есеп беру мен жұмыс кестесін былай қойғанда, қазіргі таңда контент тұрғысынан алған кезде адам баласына ұсақ-түйекті көрсету маңызды болып кетті.
Әкімнің автобусқа мінуі – қалыпты нәрсе. Ол жай PR үшін ғана емес, әкім көруі керек, мінуі керек, жүруі керек. Қоқыс болса оны теріп, тазалауы керек. Бұл адамның маған бәрібір емес дегенін білдіреді. Әйтпесе қолын былғап не қылады? PR командасы "тексеріс жүргізгенде мына жерден өтіп кетіңіз" десе, "жасанды PR" болатын болса онда ол әкім өтіп кетеді. "Маған бәрібір емес" дейтін әкім өтіп бара жатқан жерінен қоқысты жинай салады. Бұл – адамгершілік.
Сондықтан бізге жақсының жақсылығын айту жетпейді. Жақсыны көре алу мәдениетімізден қалып бара жатыр. Әкімдер солай істеуге тиіс нәрселерге сенімсіздікпен қарап, сынаймыз. Міндетті түрде істелуі керек қарапайым жұмысқа, әрекетке күмән келтіріп тұрамыз, себебі жеккөрушілік бар. Коронавирус пандемиясынан кейін дүниежүзіндегі адам баласының мінез-құлқы өзгерді. Одан кейін Қаңтар оқиғасы болды. Мұның бәрі – стресс. Ал стресс алған сайын адамның мінез-құлқы өзгереді. Сондықтан адам өзімен жұмыс істеуі керек. Жамандықты ғана ойламай, адам "өмірде жақсылық та, жамандық та бар" деп эмоциясын басқармаса негативке түсіп кетеді. Адам баласының табиғаты сондай. Қазақта "сынықтан басқасының бәрі жұғады" деген сөз бар. Жаманшылықты ғана көре берсе адамның жаны қарайып, өмірі тозып кетеді.
Оқи отырыңыз: "Моля, не нервируй меня". Мөлдір Әуелбековаға қатысты жазба неге қоғамның ашуын туғызды?
Мен бизнес-тренермін, көпшілік алдына шығатын спикер дайындайтын маман ретінде адамның табиғатымен байланыстырып айтып тұрмын. Сол себепті бүгінде көпшілікке эмоциясын басқару жетпейді. Ішінде өмірге деген, отбасында бір-біріне деген өкпесі болса оны реттемей сыртқа шығарады. Адам өміріне риза болмаса, үйінде біреуге көңілі толмаса әлеуметтік желіде бүкіл ашуын, негативін сыртқа шашады. Ал қазір адамзаттың мінез-құлқы сондайға айналып кетті. Барған сайын әлеуметтік желіге тәуелді болып барамыз. Ол да психикамызға, жүйке жүйемізге әсер етеді. Кешенді түрде қарасақ, неге хайп көп, неге негатив көп десек, бұның барлығы адамның өз-өзін басқармай эмоцияның жетегінде кете бергенінде дер едім. Әртүрлі нәрседен әсерленіп жаманшылықты тере берсең жақсылықты көре алмайсың. Ал бәрін жақсы деп қабылдай берсең сынды, кемшілікті көре алмайсың. Сондықтан таразынының екі басын тең ұстау керек.
Иә, мемлекеттік қызметшіден жұмыс істеуін талап етіңіз, бірақ оның жеке басына өтіп, балағаттау дұрыс емес. Ол да біз секілді қарапайым адам екенін ұмытып кетеміз. Азамат ретінде біздің қандай хақымыз болса, оның да дәл сондай хақы бар. Кемшілігін айту керек, бірақ оны сынап, хайп ұстап, сөзі мен іс-әрекетін теріс ойға айналдырып, жоқ жерден кір іздеудің қажеті жоқ. Нақты іске факт келтіріп сынауға болады. Бірақ мына видеодағыдай кетіп бара жатып қоқысты ала салуы – қарапайым жұмыс процесі. PR маманы әкімнің жұмысын көрсетуі керек.
Сондықтан кей адамда мемлекеттік қызметшінің қарапайым жұмысын қабылдамау, шектен тыс негатив бар. Әкімнің киген киімін, көзілдірі қанша теңге тұратынын санау да ұят нәрсе. Заң бұзса оны айту керек. Ал шүберектен мін іздемеу қажет.
"Бетті бастым, қатты састым. Қазір халыққа мұндай тәсілдер мүлде өтпейді ғой. "Елім деп соқсын жүрегің" деген ән жетіспей тұр. Түркістан әкімі қаладағы саябақты аралап баклажка теріп жүр. Кімге керек бұл арзан пиар? Басқа шаруа жоқ па? Коммуналдық қызмет қайда, апта сайын, ай сайын дүрілдеп өтіп жатқан "Таза Қазақстан" науқаны, сенбіліктер қайда? Елдің дамуын тежейтін, елдің ашуын тудырып, сеніміне селкеу түсіретін осындай әкімдер ғой. Барлық әкім мұндай емес", – деп жазды ол.