Тікелей эфир

Иппотерапия, жасыл технологиялар және жаңа жобалар. "Атырау. Шағын ел" әлеуметтік ауылы қалай дамып жатыр?

ТШО-ның әлеуметтік инвестициялары "Атырау. Шағын елге" иппотерапияны қолдана отырып, балалар мен ересектерді оңалтуға көмектеседі.

2013 жылы церебралды сал ауруы, Даун синдромы, орталық жүйке жүйесінің басқа да аурулары бар балаларға канис және иппотерапия бойынша үкіметтік емес ұйым құрған атыраулық қоғам белсендісі Ерлан Күмісқалиев қала шетіндегі екі бөлмелі үйінің ауласындағы "Атырау. Шағын елін" ат қорасы, бағы және жел-күн электр станциясы бар келісті жер учаскесіне айналдырды. Бүгінгі таңда осынау тұрақты пациенттері бар танымал ұйымды иппотерапияны қажет ететін көптеген қазақстандықтар жақсы біледі.

Жоба қалай басталып еді?

Бұрын балаларды лабрадорлар (канистерапия) көмегімен емдеуге баса назар аударылды. Бірнеше жыл бұрын Ерлан Атырауға АҚШ-тан канистерапия бойынша дипломды маман-реабилитологты шақырады. Кейін өзі Мәскеуде "Солнечный пес" бағдарламасы бойынша оқудан өтеді, Германия мен Грецияда да оқиды. Одан әрі өзінің кәсіби біліктілігін дамытуды жалғастыру үшін Грузияға барып оқып, "иппотерапевт" мамандығын алады.

"Біз 2018 жылы "Атырау. Шағын ел" әлеуметтік ауылын салуды бастадық. Сол кездегі облыс әкімі болған Нұрлан Ноғаев бізге Ақсай ауылынан жер телімін бөлді", – деді Ерлан Күмісқалиев баспасөз турына қатысушыларға.  

Қоғам белсендісі қонақтарды ат қораға шақырып, иппотерапевт жылқыларды көрсетті. Манеждегі бір мерин Даун синдромы бар жарқын жүзді кішкене қызбен жұмыс істеп жатты.

"Бала иппотерапия сеансының уақытын қалай күтетінін білесіз бе? – дейді Ерлан Күмісқалиев. –  Әр бала бұнда келгенде өзінен не күтілетінін жақсы  біледі. Келісімен асқан шыдамдылық танытып, өз кезегін күтеді. Және де сеансқа белгілі бір уақыт бөлінгенін білгендіктен төрт аяқты "дәрігерлермен" өтетін уақытты тиімді пайдалануға тырысады".

Әлеуметтік ауыл – еліміздегі санаулы ауылдардың бірі, сондықтан мұнда Атыраудан да, облыс аудандарынан да, тіпті Қазақстанның басқа қалаларынан да балалар келуде.

Ерлан Күмісқалиев 13 жастағы Ернұр Сатыбалдыны медиа турға шақырыпты. Бала "Шағын елге" алғаш рет үш жасында церебралды ауру диагнозымен келген екен. Иппо-орталыққа қатысқан он жыл ішінде Ернұр көптеген дағдыларды игеріп, денесін тік ұстап жүретін болды. Бұл – церебралды сал ауруы барлар үшін үлкен жетістік. Бүгінде ол орта мектепте білім алып жатыр.

"Біз Ернұрды пара ат спортына тартуды ұйғардық, жаттықтырдық. Нәтижесінде баламыз жақында пара ат жарысынан Қазақстан чемпионатына қатысып, алтын медальмен оралды. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш", – дейді Ерлан Күмісқалиев.

"Шағын елге" жылқыларды сатып алуға "Теңізшевройл" ЖШС (ТШО) көмектесті.

"Біз бұл кәсіпорынмен 2019 жылдан бері әлеуметтік жобаны дамыту үшін грантқа өтініш беруге ұсыныс түскеннен бастап жұмыс істеп келеміз. Нәтиже бар! Содан бері біз біргеміз, ТШО-ға мың алғыс!" – деді ол.

Ерлан Күмісқалиевтің айтуынша, қоғамдық бірлестіктің дамуына ТШО-мен ынтымақтастық серпін берген. ТШО-ның үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Дәрмен Аронов ынтымақтастық 2019 жылы "Ынтымақ" еріктілер бағдарламасы шеңберінде ТШО қызметкерлері Ерлан Күмісқалиевтің бастамаларын қолдаған кезде басталды деп түсіндірді. Бір жылдан кейін Ерлан мен оның тобы конкурстан өтіп, ТШО-ның "Әлеуметтік инвестициялар бағдарламасының" қаржыландыруына ие болды.

"Ынтымақтастық бүгінгі күнге дейін жалғасуда", – деп атап өтті Дәрмен Аронов. – "Атырау. Шағын ел" бүгінде Атыраудағы ата-ана бағымынан тыс қалған 18 және Жылыой ауданы, Құлсары қаласынан 14 балаға, сондай-ақ биыл облыстық оңалту орталығымен бірге Атырау облысының 135 ересек тұрғынына оңалту қызметін көрсетуде".

Дәрмен Аронов өз сөзінде кәсіпорынның "Әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы" шеңберінде "Атырау. Шағын елге" бірнеше жылқы, арнайы құрал-жабдықтар сатып алуға және халықаралық стандарттарға сай иппотерапевттерді оқытуға қаржы бөлінгенін баса айтты. Сондай-ақ, аталған жобаның 15 қызметкері "Әлеуметтік инвестициялар" бағдарламасы шеңберінде жалақы алып отыр. 

"Кәсіпорынның "Әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы" 2010 жылдан бері жұмыс істеп келеді және содан бері 94 жоба жүзеге асырылды. Тек биылдың өзінде ТШО жалпы құны 2,3 миллион доллардан асатын 14 әлеуметтік жобаны қаржыландырып отыр", – деп хабарлады Дәрмен Аронов. 

Ол инклюзивтілік мәдениеті мен әртүрлілік ТШО-ның басты құндылықтарының бірі, ал "Атырау. Шағын ел" кәсіпорын құндылықтарына сәйкес келетін әлеуметтік жобаның жарқын үлгісі екенін қоса айтты. ТШО "Атырау. Шағын ел" жобасымен бірге Атырау облысында стереотипсіз және шекарасыз қоғам құруға бағытталған бірқатар жобаларды да қолдайды. 

"Жылқы – ең жақын дос" және "Құлсары қаласындағы иппотерапия" жобалары 

"Атырау. Шағын ел" мүмкіндігінше көп адамға көмек көрсету мақсатында 2019 жылдан бері Атырау қаласында "Жылқы – ең жақын дос", ал биылдан бастап Құлсары қаласында "Иппотерапия" жобаларын жүзеге асырып жатыр. 

Атырау қаласына арналған "Жылқы – ең жақын дос" жобасы қозғалыстық, психологиялық дербестікке қол жеткізуге көмектеседі және адамды жаңа, өзгермелі жағдайларға бейімделуге үйретеді. Бағдарламаға иппотерапия (атпен жүру), мысық терапиясы, канистерапия және музыка мен би терапиясы кіреді.

"Құлсары қаласындағы иппотерапия" жобасы бойынша церебралды сал ауруы, Даун синдромы, аутизм диагнозы бар балаларға иппотерапия сеансы жүргізіледі. Құлсары қаласындағы иппо-орталық биыл қаңтар айында ашылды, қазір 14 бала иппотерапия сеанстарына қатысып жатыр.  

Құлсары қаласындағы иппо-орталыққа келушілердің бірі Ерасыл Надырхан осы кезге дейін өз бетінше қозғала алмайтын. Анасының айтуынша, ол баласын мұнда көтеріп келген. Бала он төрт жаста, оған спастикалық диплегия (қол мен аяқтың жұмысына әсер ететін церебральды сал ауруы) диагнозы қойылған. Қазір Ерасыл Құлсарыда атқа мінуден оңалту курсынан өтіп, өз бетімен жүріп-тұратын болды. Бұл – бала үшін үлкен жетістік.  

Орталықта балаларды оңалту және дамыту – ТШО қолдауымен толықтай тегін жүзеге асуда. 

Мұғалімдер күн сайын әрбір баланың даму жағдайы мен динамикасын бақылап отырады. 

Атырау және Құлсары қалаларындағы иппотерапия сеанстарына қатысқан балалардың көбінде мұндай емнің соматикалық, рефлексиялық, энергетикалық, үйлестіру, реттеу және мотивациялық процестерге оң әсері бақыланды.

"Қазір біз Қызылқоға және Махамбет аудандарының әкімдерімен белсенді келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Атырау облысының осы өңірлерінде де иппо-орталықтарды ашу қажеттілігі туындап отыр", – деді Ерлан Күмісқалиев.

ТШО сияқты жобаның басты көмекшісімен қатар, биыл "Атырау. Шағын елге" "Самұрық-Қазына" қоры да назар аударды. Аталған қор ауылдың гибридті жел-күн электр стансасын және шаруашылық ғимараттар мен әкімшілік үй-жайларға конвекторлық жылытқыштар сатып алу бастамасын қолдады. Нәтижесінде "Атырау. Шағын елді" электрмен қамту толығымен автономды болмақ. Бұл жүздеген науқасты шындығында аяғынан тік тұрғызған қоғамдық бірлестікке үлкен демеу болары сөзсіз.  

Әлеуметтік ауылға сапар жақсы әсермен аяқталды: "Атырау. Шағын ел" мүшелері қонақтарға дәруменді итмұрын сусынын берді. Аталған шағын ауылда өсірілген итмұрынды иппотерапия сеанстарынан өтіп жатқан балалар өз қолдарымен жинаған.   

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары