Тікелей эфир

Дәрі-дәрмектердің жағымсыз әсерлеріне және қымбат құнына қалай шағымдануға болады?

DariKZ мобильді қосымшасы жаңарып, функцияларының саны артты.

Енді пациенттер мен тұтынушылардың өздерінде DariKZ мобильді қосымшасы арқылы дәрілік заттардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және препараттардың бағаларын белгілеу жағдайына ықпал ету мүмкіндіктері бар. Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы (ДЗ мен МБ СҰО) қосымшаны жаңартты, оның көмегімен пациенттердің өздері дәріханалардағы бағалардың асыра қойылуы туралы және дәрілік препараттарға қолайсыз реакциялар жағдайлары жөнінде хабарлама жолдай алады.  

ДЗ мен МБ СҰО Фармакологиялық қадағалау және медициналық бұйымдар қауіпсіздігі, тиімділігі мен сапасын мониторингтеу департаментінің басшысы, медицина ғылымдарының кандидаты Мәлік Абдрахманов Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) дәрілік заттарға жағымсыз реакцияларды қадағалау бағдарламасының қатысушысы бола отырып, Қазақстанның осындай реакциялар туралы хабарламаларды жинақтаудың халықаралық рәсімін қолданатынын баяндады.

Ағылшын дәстүрі бойынша, осындай хабарламалар, бұрын жағымсыз реакциялар туралы бланкілер сары қағазға толтырылғандықтан, сары карталар деп аталады. Сары картада міндетті түрде төрт ақпарат мазмұндалады: пациент, дәрі, оның жағымсыз әсері туралы және ол жөнінде кім мәлімдегені туралы. 

– Мәлік Жаңалықұлы, карта-хабарламалардың фармакологиялық қадағалауға қандай көмек беретінін әңгімелесеңіз...

– Осы ақпарат бойынша қолайсыз көріністің дәріден туындағанын немесе себебінің басқада екенін шамалауға болады. Өйткені, жанама әсер үнемі дәрі-дәрмекпен немесе медициналық препаратпен байланысты бола бермейді – қандай да бір препаратты кінәламас бұрын оны қолдану мен жағымсыз симптомның пайда болуы арасындағы байланыс дәлелдену керек. Ол әрқашан айқын емес, сондықтан осы жағымсыз реакцияның пайда болу тетігін алдымен анықтап алу керек. Бұл ақпаратты жинау елдің және әлемнің денсаулық сақтау саласына осы немесе өзге дәрінің адам ағзасына әсер ету сипатын түсінуге көмектеседі.

Мысалы, аспирин – ежелден белгілі дәрі және біз ол жөнінде бәрін білетін сияқтымыз. Бірақ, сонымен қатар, аспирин жөнінде, оның ішінде әртүрлі себептерге байланысты жанама әсерлері туралы да әр жыл сайын жаңа және одан да жаңа деректер келіп түсуде. Яғни, оның пайдалы қасиеттерінен тыс, залалды қасиеттері де анықталып отыр.

Әлемде жанама әсерлері жоқ бірде-бір дәрілік зат немесе препарат болмас, сондықтан да мобильді қосымшадағы жаңа функция дәрілік препараттардың қауіпсіздігін бақылау жүйесі үшін және фармацевтикалық нарыққа қатысушылар, оның ішінде ақпараттың алғашқы дереккөзі ретіндегі тұрғылықты халық арасындағы өзара байланыс үшін тиімді құрал қызметін атқарады.        

– Қосымшадан тыс, карта-хабарламаны басқаша қалай жолдауға болады?

– Оны қалай жасаудың бірнеше жолы бар. Біріншісі, бұл емделушінің өз емдеуші дәрігерінің қабылдауына келуі және туындаған асқынулар туралы мәлімдеуі. Осындай жағдайда сіз дәрігермен бірге ДЗ мен МБ СҰО сайтында жағымсыз реакция жөнінде карта-хабарлама толтырасыз.

Екіншісі, дәрінің өндірушісімен хабарласу – әдетте, нұсқаулықтарда осы өнімге қатысты шағымдар қабылдайтын компанияның немесе заңды тұлғаның байланыс деректері беріледі.

Үшіншісі – NDDA.KZ сайтында нысанды толтыру. Ал ең соңында – енді опцияда мобильді қосымшаның пайда болуына орай, DariKZ арқылы карта-хабарлама жолдау. 

– Карта-хабарламаларды қосымша арқылы жолдау, мысалы, ДЗ мен МБ СҰО сайты арқылы жіберуден несімен қағидатты тұрғыда ерекшеленеді?

– Бұрын біздің заңнама бойынша жағымсыз реакциялар туралы мәлімдеуге тек денсаулық сақтау субъектілері (ауруханалар, емханалар, дәріханалар) міндетті болды, ал пациент бұл сызбадан тыс қалатын. Ал, қазір DariKZ қосымшасының арқасында пациенттің өзінде ол жөнінде ыңғайлы үлгіде хабарлау және бірінші кезекте өзіне, ал одан кейін бізге ақпарат жинауға көмектесу мүмкіндігі бар. Бұл орайда қосымшаның интерфейсі өте қарапайым және осындай хабарламаны жіберуге екі-үш минут қана кетеді.

Бұдан бөлек, мобильді қосымшаның жаңа нұсқасында дәріханалардағы дәрілердің шекті рұқсат етілген бағаларынан асыра қойылуына шағым түсіру функциясы жаңартылды. 

Мобильді қосымшаны QR-код арқылы жүктеуге болады

Оқи отырыңыз: Дәрілік заттар сапасы қалай тексеріледі?


DariKZ қосымшасының жаңа функцияларын нақты қалай пайдалануға болатыны туралы толығырақ ДЗ мен МБ СҰО Цифрландыру департаментінің басшысы Тимур Жұмахаев баяндады.

– DariKZ қосымшасын сіз қашан әзірледіңіз және оның атқаратын қызметі қандай?

– Қосымша сонау 2018 жылы әзірленді, ал біз тұрғылықты халыққа ең үздік пайдалану тәжірибесін ұсыну үшін оны ұзақ уақыт бойы пилоттық режимде сынақтан өткіздік. Бүгінгі таңда қосымша арқылы ел аумағында тіркелген дәрілік заттардың толық тізбесін, медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулықтарды, қаптамалар макеттерін, қолдану тәсілдерін, сертификаттарын, дәрілердің толық атауын, өндіруші туралы ақпаратты, тіркеу куәлігінің нөмірін, аналогтар тізбесін және тағы басқа деректерді қарауға болады.

Ал таяу уақыттан бастап біз қосымшаға дәрілік препаратқа жағымсыз реакциялар жөнінде карта-хабарлама жолдауға арналған жаңа қызмет тетігін қостық, сондай-ақ шекті бағалардан асып кету мысалдарына шағымдар түсіру функциясын әзірледік, айта кетейік, олар жылына екі рет жаңартылатын болады. 

– Карта-хабарламаны қалай жолдауға болады?

– Хабарламаны бірнеше рет басумен жіберуге болады: "Сары карталар" бөлімін ашып, бірнеше жолақты толтырып, кері байланысқа арналған хабарласу деректерін көрсету және хабарламаны жіберу керек. Әріқарай хабарламамен тікелей ДЗ және МБ СҰО мамандары жұмыс істейді. Карта-хабарламаларды жолдау техникасын осылай оңайлату өте маңызды, өйткені пациенттердің әрбіріне дәрігерге жету және осындай деректерді мәлімдеу мүмкін бола бермейді – ал қазір оны өз мобильді құрылғыңыздан өте тез және оңай жібере аласыз.

Біз дәрі-дәрмектердің жанама әсерлері жөніндегі ақпарат бізге тікелей пациенттердің өзінен белсенді түрде түсетін болады деп үміттенеміз. Бұл мамандарға жанама әсер ағымдарын, ауқымдарын нақтырақ түсінуге, ел аумағындағы жалпы объективті көріністі көруге, сондай-ақ халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, деректерді талдауға көмектеседі.

Бұл – біздің ұлт денсаулығының қауіпсіздігі мәселесі.

– Ал мемлекет белгілеген шекті бағалардың асыра қойылуына шағым қалай түсіріледі?

– Егер адам дәріханадан дәрі сатып ала отырып, бағаның Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығында берілген бағадан жоғары екенін көрсе – бұл бағаны да қосымшадан табуға болады – онда DariKZ арқылы бір-екі рет қана басып, дәріханаға шағым түсіруге болады. Ал, атап айтқанда, "Дәрі-дәрмектер" бөлімінде пайдаланушы өзіне керек дәріні табады және таңдайды, ал сол жерде "Бағаға шағым түсіру" түймесі де бар. Әріқарай тек қана үш-төрт жолақ толтырылады және "Жіберу" түймесі басылады. Дәріхананың мекенжайын міндетті түрде көрсету маңызды. Осымен қосымша тарапынан бизнес үдерісі аяқталады.

Одан әрі хабарлама Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің тиісті департаментіне жолданады, онда ақпаратпен жұмыс істеу басталады, кері байланыс деректері ұсынылады, қажет болса, қосымша деректер сұралады және тиісті шаралар қабылданады.   

– Адам шағымды жасырын түрде түсіре ала ма әлде міндетті түрде дербес деректерін көрсетуі тиіс пе?

– Қосымшада аты-жөнін толтыру жолағы қарастырылған, ал ол пайдаланушыны анықтау үшін керек. Бұл деректер мониторинг жүйесінің әріқарай дұрыс жұмыс істеуі үшін керек және ешқайда таратылмайды. Біз бұл тұрғыда ақпараттық қауіпсіздіктің және дербес деректердің қорғалуын қамтамасыз етеміз. Бұдан бөлек, шағым түсіру алдында пайдаланушы өз жеке деректерін біздің орталыққа өткізуге келісім беретіні туралы хабарландырады.    

– Қосымшаның басқа функциялары туралы әңгімелесеңіз...

– Аталған жаңартулардан тыс, қосымша арқылы пайдаланушылар ұқсас препараттардың бағаларын салыстыра алады, оған қоса, дәрінің рецепт арқылы берілу-берілмеуін тексеріп, сәйкестік сертификатын тексеруге болады, сондай-ақ дәрінің өндірушісі, медициналық қолданылуы және сақтау мерзімі туралы деректерді білуге болады. Сонымен қатар, ДЗ мен МБ СҰО ресми сайтынан көшірілетін жаңалықтар бөлімі бар. Қосымша Android немесе iOS екі платфомасында да тегін қолжетімді және орысша, қазақша, ағылшынша – үш тілде  жұмыс істейді. 

– Қазақстандықтар DariKZ қосымшасын қаншалықты белсенді пайдаланады?

– Пайдаланушылар тарапынан қызығушылық артып келеді, 20 мамырдағы жағдай бойынша екі платформадан 150 мыңнан астам пайдаланушылар қосымшаны жүктеп үлгерген. Біз ағымдағы жұмыс істеп тұрған функциялармен тоқталмаймыз және DariKZ қосымшасын әріқарай дамытамыз, оны одан әрі ыңғайлы, қауіпсіз және пайдалы ету үшін жетілдіре береміз. Қосымшаның ДЗ мен МБ СҰО IT-мамандарының күшімен әзірленген төл өнім екенін атап өтемін.

Біз қазақстандықтарды өз денсаулықтарына қамқор болып, фармакологиялық қадағалау жүйесін жетілдіруге көмектесу үшін біздің қосымшамызды пәрмендірек пайдалануға шақырамыз.     

Серіктестер жаңалықтары