Данияр Әлшінов: Актерлермен репетиция жасайтын режиссерлер өте аз

Данияр Әлшінов
Данияр Әлшінов

Данияр Әлшінов Әділхан Ержановпен жұмыс істеу, актер үшін репетицияның маңызы, ресейлік жобалардан бас тарту себебі жайлы айтты.

Актер Данияр Әлшінов халықаралық кинофестивальдерде жүлде алып, киносыншылардың көзіне түсіп жүр. Ол биыл 79-шы Венеция кинофестивалінде "Голиаф" фильміндегі рөлі үшін "Үздік актер" арнайы жүлдесіне ие болды. Жақында "Бастау" фестивалі аясында Данияр Әлшіновпен шығармашылық кездесу өтті. Осы орайда Informburo актердің негізгі ойларын ұсынады. 

– Кино саласына қалай келдіңіз?

– Киноға 28 жасымда келдім. Оған дейін мемлекеттік қызметте істеймін. Бір күні кастинге қатысып, түсірілім алаңына тап болдым. Сериалдан кейін тағы кастингке шақырды. Солай киноға түсе бастадым. 2018 жылы алғаш Әділхан Ержановпен жұмыс істедім. Ернар Нұрғалиевтің "Жаным, айтсам сенбейсің" фильміне түстім. Соғысқа дейін ресейлік жобаларға қатыстым. Соңғы жоба – әлемдік нарыққа шыққан "Инфинити" сериалы. 

Актерлікті түсірілімде жүріп үйрендім, оқуға уақыт болмады. Теорияны білген дұрыс, бірақ ең алдымен практикада көру керек. Тәжірибе арқылы шыңдала түсесің. Қателесіп, қате жіберіп қана үйренуге болады. 

– Әділхан Ержановпен жұмыс істеген қалай? Қанша дубль жасайсыздар?

– Дубльдер аз. Орта есеппен біреу, кейде екеуі. Нашар болса көп дегенде төрт дубль жасаймыз. Әділхан Ержановтың фильмдерінің 80 пайызы – бір ғана дубль. Неге? Өйткені дайындық мықты. Түсірілімнен бірнеше ай бұрын дайындық басталады. Оған актерлер ғана емес, барлық бөлім қатысады. Өкінішке қарай, қазіргі заманғы кинода актерлермен репетиция жасайтын режиссерлер өте аз. Кастинг ұзақ уақыт алады. Сценарийді оқып танысу дегенді де сирек көремін. Дайындықтың жоқтығы актердің жұмысына әсер етеді. Жақсы актер рөлге өз бетімен дайындалады. Ал түсірілім алдындағы репетицияға ақы төлемесе де қатысу керек, өйткені нәтижесі таң қалдырады. Театрда да дайындалады ғой, бізде де сондай репетиция болуы қажет. Дайындық кезінде актер өзінікін қосады, режиссер оны байқап сценарийге икемдейді. Репетиция мықты болса, әр маман өз міндетін білсе түсірілім қиынға соқпайды. Ондайда 30 дубльдің қажеті жоқ.

Данияр Әлшінов "Қап-қара адам" фильмінде

Әділхан Ержанов бүгін 18 кадр түсіремін дейді. Қай сахнада қанша кадр болатынын біледі. Оператор "қажет болып қалады-ау" деп тағы кадр түсірейік дегенде ол жоқ дейді. Режиссер бәрін кадрға бөліп қойдым, монтажда қалай болатынын біледі. Осындай дайындық болса толықметраж фильмді алты ауысымда түсіруге болады. Әділхан Ержановтың барлық фильмі дерлік 6-8 ауысымда түсірілген. Ауысымдар бірінен соң бірі емес, бір-екі күннен кейін. Түсірілім біткеннен кейін де келесі ауысымға дайындалу керек. Әділхан материалдарды бірден монтаждап, бірінші күннен бірнеше минуттық фильм шығады.

Режиссер не қалайтынын, не істеу керек екенін нақты білгенде алаңда хаос болмайды. Не керек екенін білмесе, барлық топ зардап шегеді.  Қаншама дубль жасайды. Бір кадрды қайта-қайта түсіргенде актер бірінші ойнағандай ойнай алмайды. 

– Актер мен режиссердің қарым-қатынасы қалай болуы керек?

– Аяққа тұрған, аты бар, беделіне көңіл бөлетін актер ретінде жоба ұсынғанда бірінші кезекте режиссердің кім екенін сұраймын. Жақсы кино, рөл шыққанын, беделіме нұқсан келмегенін қалаймын. Түсірілім кезінде режиссер өз ойын, мен өз ойымды ұсынамын. Кейде режиссермен түсініспей жатамыз. Актерлік ойын туралы түсінігіміз мүлдем бөлек. Режиссердің айтқанын ғана істесем кейін экраннан жаман ойнағанымды көремін. Сондықтан бәрін өзімше істеймін деп шештім. Нашар режиссерге бола актерлік ойыныңның сапасын құрбан етпеу керек.

Актер режиссерге сенім артса фильм сәтті шығуы үшін барын салады. "Атбайдың шайқасы" фильмінде кейіпкерім олай жасамайды десем де қайшы әркеттерді жасауға мәжбүрледі. Кейіпкер сіздікі емес, режиссердікі. Сондықтан актер режиссерге сенім арта білуі керек. Режиссер мықты болса актер оның әр шешіміне 100% сенеді. Әйелді ұру, жерлеу кезінде мәйіттің жанында макарон жеу физикалық түрде ыңғайсыз болды. Кейін фильмді көргенде режиссер шешімі дұрыс екеніне көзім жетіп, нағыз кино осындай болуы керек деп ойладым. 

– Кино өндірісінде не құнды?

– Уақыт. Кинода ең құнды нәрсе – уақыт. Актерге сынамаға, түсірілім алаңына кешігіп баруға болмайды. Түсірілімнің әр минуты жүздеген доллар тұрады. Ол ақша сіздікі емес. Мысалы, Америкада актер кешіксе, түсірілімді кешеуілдеткен уақыттың ақысын жеке қалтасынан төлейді. Сондықтан бәрін өз уақытында жасауды үйрену керек. 

Данияр Әлшінов "Оңбағандар" фильмінде

– Қалай ойлайсыз, актерге толық еркіндік беру керек пе?

– Мұны дұрыс деп ойламаймын. Режиссердің өз ойы болуы керек. Түсірілімнен гөрі дайындық кезінде толық еркіндік беруді қолдаймын. Репетицияда актерге талап қоймай, өзін көрсетуге, образ шығаруға мүмкіндік берген жөн. Өз басым сценариймен 100% жүрген кезім болмады. Актер де өзінікін қосуы керек. Актер де іштей дайындалады. Сахналардың драматургиясына бастан-аяқ дайындалады. Кейіпкерінің әртүрлі ситуацияда өзін қалай ұстайтынын зерттейді. 

– Актер ретінде сізге артылған жауапкершілікті сезінесіз бе?

– Ешқандай жауапкершілік сезінбеймін. Солай сезіне бастасаң – "жұлдыз ауруы" деп білемін. Актер де адам. Тірі адам болып қалуы керек. Өмірді шындап сүріп, ішкі жан дүниесіне үңіліп, қоғамның жүйкесін дөп басып, халықтың, әлемнің проблемаларын білуі керек. 

Киноға жақсы көрген соң өзім үшін түсемін. Басқа нәрсе істей алмаймын. Мықты фильмдерді көргенде "мен де осылай ойнағым келеді", "осындай кейіпкер жасасам ғой" деймін. Бұл қазақ киносының келбеті деп қарасын деген оймен емес, өзім үшін, өсіп жетілуім үшін керек.

Мен түскен фильмдерді көретіндер аз. Бес жыл бұрын тамаша фильмдер түсіреміз, бірақ неге адамдар көрмейді деп қатты көңілім түсетін. Уақыт өте келе ренжуді қойдым. Бірінші кезекте өзім үшін киноға түсемін. Рөл сомдағанда, түсірілім кезінде, фильмдерімді көргенде рақаттанамын. Өзімнің өсіп жатқанымды сеземін. Мемлекеттік қызметте жай жұмысқа барып келетінмін. Киноға келгенде потенциалым ақыры ашылатын болды деп ойладым. 

– "Бастау" фестивалінде "Адемоканы оқыту" фильмі көрсетілді. Сіздің кейіпкеріңіз кім?

– Шекараны заңсыз кеісп өткен қыз. Қайыр сұрап жүреді, бірақ білім алғысы келеді. Талантты, комикстер жазады. Оған маскүнем мұғалімнен басқа ешкім көмектескісі келмейді. Мен сол қырықтан асқан қаңғыбас мұғалімді ойнаймын. Бірақ ол өмірге құштар, жайдарлы адам. Фильмнің айтар ойы – адамды түнектен тек білімі мен мәдениеті алып шығады.

Өте ізгі фильм. Кейіпкерім көркем фильмдер мен шығармалардан жиі дәйексөз келтіреді. Боқтап, ұрысып, шағып сөйлеп, намысына тисе де, Адемоканы білім алуға жетелейді. Ешқашан қайғырмайды. Ертегі кейіпкері секілді кенеттен пайда болып, көмектеседі де жоқ болып кетеді.

Данияр Әлшінов "Атбайдың шайқасы" фильмінде

– Өзіңізді басқа актерлермен салыстырасыз ба?

– Салыстыру дұрыс емес. Киноға енді қадам басқанда болатын шығар. Уақыт өте келе әлсіз деп санаған, нашар ойнады деген актерлер жақсы режиссермен жұмыс істесе ашылып, менен мың есе жақсы ойнайтынын түсіндім. Халықаралық жобада британ, француз, америкалық актерлер қалай ойнайтынын көрдім. Олардан нашар ойнаймын деген ой болмады. Артта қалып жатқанымды түсінгеніммен, не үшін екенін білмедім. Бірнәрсе дұрыс емес деген түйсік болды. Экраннан өзімді көргенде дұрыс істегенімді, актерлердің бәрі жақсы ойнағанын түсіндім. Өнерде бәрі тең.

Шетелде кино фестивальдерге қатысқанда ол жақтың көрермені бейтаныс адамдарды, басқа мәдениетті көреді. Десе де сюжет пен адамдар өздеріне жақын екенін түсінеді. Жақсы кино адамзатқа ортақ проблеманы жеткізе алады. Қай жақта болмасын адамдар бірдей. Сіз бен біз сияқты. Фестивальде қазақ актері деп емес, жалпы актер ретінде бағалайды. Азиялық болғаның үшін жобаға шақыратын. Бұл да өзгеріп жатыр. Ресейде Ваня не Сашаның рөлін ұсынды. Бұрын ондай болмаған.

– Кейінгі жағдайларға байланысты ресейлік жобаларға түсуге қалай қарайсыз

– Бірлеске фильмдер көп. "Голиаф" фильмі Ресеймен бірлесіп түсірілді. Қауіпсіздік тұрғысынан да, басқа себептермен де барлық жобадан бас тарттым. Алдымен жобаның өзіне қарау керек. Саяси пропагандаға қарсы келетін жақсы жобалар бар. Пропаганданы қолдайтын жобаға түспеймін. Орыстілді мәдениеттің бәрінен теріс айналу қаншалықты дұрыс? Жағдай түзеліп, жақсы жаққа өзгереді деп үміттенемін.

Данияр Әлшінов Infiniti сериалында

– Түсірілім алаңында "ең бастысы – актер" деп жатады. Мұнымен келісесіз бе?

– Жоқ, ең маңызды адам актер емес. Мысалы, оператор мен дыбыс режиссерінің қызметі де маңызды. Олар болмаса бәрі зая деген сөз. Меніңше, кино өндірісінде ең аз жұмыс істейтін адам – актер. Жақсы режиссер үш есе көп жұмыс істейді, яғни, ауысымға дейін, ауысым кезінде және одан кейін. Әкімшілік түсірілімге екі сағат бұрын келіп, екі сағат кеш кетеді. Барлық бөлімнің еңбегі орасан зор. Сол себепті түсірілім алаңындағы әр адамның еңбегін құрметтеу керек.

Актерге аз болса да, жағдай жасау керек дегенмен келісемін. Жеке демалатын орны болса, тіптен жақсы, бірақ көбісінің бұған жағдайы келе бермейді. Тым болмаса актердің орындығы, салқын болса, жылы киім әкелетін, жауын жауса қолшатыр ұстайтын, су әкелетін көмекшісі болса деймін. Бұл актерді босаңсытады, жақсы мағынада айтып отырмын. Телефонымды кімге беремін деп ойланып тұрғанда камераны қойып, түсірілім басталайын деп жатады. Ал көмекшің болса артық ой, қимыл болмайды. Тек түсірілімге көңіл бөлесің.

– Сізде эмоционал күю бола ма? Болса оны қалай еңсересіз?

– Ондай болмауы керек. Эмоционал күю деген – энергияның сарқылуы. Бірнәрсені істегің келмей істеген кезде болады. Сондықтан әр істен шабыт алып, энергия жинап, рақаттану керек. Әр жоба аяқталғанда кішкене мұң болады. Кейіпкермен біршама уақыт өмір сүрдім, бірден жібере салу қиын. Жоба біткен соң бір аптадай үзіліс алып, туған жеріме барып, табиғат аясында демаламын. Баяғы өміріме оралып, қалпыма келемін. Бірден жаңа жоба бастап кету оңай емес. Алдыңғы топпен қоштасып үлгермегенде жаңа команда, жаңа адамдарға сіңіп кету керек. Эмоционал күю болса өміріңізде бірнәрсе дұрыс емес деген сөз. Жұмыс істеуге үнемі шабыт іздеңіздер. 

Жаңалықты жарнамасыз оқыңыз. iOS және Android жүйесіне арналған informburo.kz мобильді қосымшасын жүктеңіз.

Тарату:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар

Серіктестер жаңалықтары