Былтырғы жылдың үздік фильмі атанған "Анора" комедиялық драмасы кеше ғана бес бірдей "Оскар" сыйлығына ие болды. Картина "Үздік фильм", "Үздік түпнұсқа сценарий", "Үздік монтаж" номинациясына ие болса, Шон Бейкер үздік режиссер атанды. Бас кейіпкерді сомдаған Майки Мэдисон үздік актриса атағын алды. 2024 жылы Канн кинофестивалінің бас жүлдесі – "Алтын пальма бұтағына" ие болған режиссер Шон Бейкердің картинасы талай фестивальде, киножүлдеде топ жарды. BAFTA-да Майки Мэдисон үздік актриса атанса, Шон Бейкер мен оның әйелі Саманта Квон "Үздік кастинг" жүлдесін иеленді. Режиссерлер мен сценаристер гильдиясы Шон Бейкерге бұйырды. "Сыншылар таңдауы" "Анораны" үздік фильм деп таныды.
"Анораның" айналасында дау-дамай аз емес. Бірі "Оскар" сыйлығына лайық емес арзанқол дүние дегенді тілге тиек етсе, енді бірі "эротикаға толы жалаңаштанған фильмді көрсету ұят" десті. Тіпті Өзбекстанда бұл фильмді көрсетуге тыйым салынды. Неге? "Анора" қандай фильм? Бес бірдей "Оскар" сыйлығына лайық па? Информбюро тілшісі осы сауалдарға жауа іздеп көрді.
Фильм не туралы?
Стриптиз-клубта биші болып жұмыс істеп, еркектердің көңілін табатын Анора бір кеште олигархтың ұлы Ванямен танысады. Ваня – 21-де, Эни болса – 23 жаста. Қыз Ваняға ұнап қалып, оны үйіне шақырады. Әке-шешесінің ақшасын шашып, тек көңіл көтерумен уақыт өткізетін жас жігіт Эниге Лас-Вегасқа ұшып кетейік деп ұсыныс жасайды. Эни келісіп, одан ақысын сұрайды. Вегаста жүргенде байдың ұлы Ваня Эниге үйленейік деп сөз салады. Кенет асып-тасқан өмірге тап болған Эни төрт қарат гауһар жүзік сұрап, тұрмысқа шығуға келіседі. Екі жас шағын шіркеуге барып неке қиған соң Нью-Йоркке оралады. Ұлының былығын естіген Захаровтар Ваняға бас-көз боп жүруге тиіс болған армян Торосқа мәселені шешуді тапсырады. Ваня мен Энидің үйленгені рас болып, Ваняның әке-шешесі дереу Ресейден АҚШ-қа ұшып келеді.

Әке-шешесінің келе жатқанын естіген Ваня әйелі Эниді тастап, үйден қашып кетеді. Торостың екі жендеті Игорь мен Гарник қызды ұстап отырады. Торос келген соң төртеуі бірге Ваняны іздеуге аттанады. Жігіт барады-ау деген дәмханалар мен клубтарға кіріп, адамдардан сұрастырып шығады. Ақыр аяғында бұрын Эни жұмыс істеген клубтан табылады. Ішімдікке сылқия тойған Ваня есін білмейді. Эни сөйлесіп көрмек болғанымен одан түк шықпайды. Қарсы тараптың бар ойы – екеуін ажырастыру. Ал Эни Ваня өзін жақсы көреді, жауапкершілік алады деп ойлайды. Алайда ол күткендей болмай шығады. Әке-шешесін жек көретін, солардың айтқанына көніп, айдауымен жүретін, ересек адам боп шешім қабылдай алмайтын Ваняның есеймегенін, әлі бала екенін түсінеді. Олигархтар отбасы өзін қабылдайды деп ойлайды. Алайда Ваняның шеші оны "жеңіл жүрісті", "жезөкше" деп атап, бетіне салық қылып басады. Үндемей, сырттай бақылап жүрген Игорь ғана Эниді түсінуге тырысады. Ақыр соңында Эни мен Ваня ажырасып тынады. Ваня түк болмағандай еліне қайтады. Ертегіге сенемін деп опық жеген Эни үйіне оралады.
Режиссер Шон Бейкер бұл фильмде ешкімге ақыл айтпайды. Мынау дұрыс, мынау бұрыс деп баға бермейді. "Анора" – бай мен жұмысшы таптың ара-жігін ашып көрсеткен туынды. Режиссердің секс-қызметкерлер туралы алғашқы фильмі емес. Бейкер фильмдерінде қарапайым адамдардың, маргинал қоғамның, иммигранттардың тұрмыс-тіршілігін баяндайды.
"Сегіз фильмім жарық көрді. Соның жетеуі – маргинал субмәдениет пен қоғам туралы. Америка арманына ұмтылатын, бірақ оған оңай жете алмайтын адамдардың өмірін көрсеткім келеді. Олар құжаты жоқ иммигранттар болсын, не болмаса өмір сүруге ақшасы болса да, әділетсіз стигмаға ұшыраған өмір салты бар шығар. Сол себепті оларға Америка арманына жетудің басқа жолын іздеуге тура келеді", – дейді режиссер Шон Бейкер.
Өзбекстан неге тыйым салды?
Өзбекстан билігі бұл фильмді ел кинотеатрларынан және онлайн-платформалардан көрсетуге тыйым салды. Бас кейіпкер Анораның ұлты өзбек деп қабылдады. Кей медиа Анора Михееваны өзбек-америкалық деп қате жазды. Ал Шон Бейкер Анораның этникалық орыс және посткеңес елдердің бірінен екенін айтты. Анора тек өзбек қана емес, парсы тілінен шыққан тәжік есімі.
"Фильмдерімде ешқашан бұрын не болғанын ашып көрсетпеймін, өйткені оқиғалар дәл қазіргі сәтте болып жатады және көрермен де сол сәтті сезінсе деймін. Аздап өткеннен хабар беретін дүниелер бар. Анораның бірінші буын өкілі екенін түсінуге болады. Ол – этникалық орыс, посткеңес елдердің бірінен шыққан. Анасы Америкаға жасөспірім кезде не одан да кішкентай болғанда келген болуы керек. Энни болса отбасын асырап отыр", – деді Шон Бейкер NPR-ге берген сұхбатында.
Кинотеатрлар желісінің иесі Фаррух Туляганов фильмді көрсеткісі келгенімен, оған тыйым салғанын айтқан. Ол фильмде халықтың намысына тиетін ештеңе жоқ екенін, билік рецензиялар мен синопсистерге сүйеніп шешім шығарған деп отыр.
Өзбекстанның кинематография агенттігі "Анораны" өзбек халқының беделін түсіретін фильм деп таныған. Алайда фильм өзбек мәдениеті, менталитеті мен тарихы туралы емес. Анора өзін Эни деп атайды, ал тегі өзбек емес.
Литвада кинотеатрлар Украинаға болысып, "Анора" фильмін көрсетуден бас тартып жатыр. Оған себеп – ресейлік олигархтың баласы туралы сюжет пен орыстілді актерлердің ойнауы.
"Заманауи Күлшеқыз"
Жанкелді Өмірәлиев, киносыншы:
– Екі-үш күннен бері бүкіл интернет "Анора" туралы шулап жатыр. Неге бұндай жеңіл фильм "Оскар" сыйлығын ұтып алды? Неге бұл картина Қазақстанда прокатқа шықпады? Тіпті фильм iPhone-ға түсірілген екен деген де сөздерді естідім.
Біріншіден, фильм iPhone-ға түсірілмеген. Режиссер Шон Бейкерді көп адам осы фильм арқылы ғана танып отыр, алайда ол "Анораға" дейін де бірталай туынды жасаған. Атап айтсақ, 2015 жылы трансгендер жезөкшелер туралы "Мандарин" атты фильмі бір шулатты. Қаражаттың аздығынан Бейкер бұл фильмді iPhone 5S-ке түсірген. Содан кейін бұл туынды iPhone-ға толығымен түсірілген алғашқы атышулы фильм болып есептеледі.
Диснейлендтің жанында тұратын кішкентай қыздың өмірі туралы "Флорида жобасы" деген керемет картинасы бар. Өте жарқын және жылы фильм. Анасы жезөкшелікпен айналысады. Бұл туындыдан кейін бұрынғы порноактердің өмірі туралы "Қызыл зымыран" деген фильмі шықты. Сондықтан Анора сияқты кейіпкерлер оған таңсық емес.
Ал қазір "Анораны" бәрі жамандап жатыр. Жезөкше мен байдың баласы туралы фильм қалай "Оскарды" жеңеді дейді. Бірақ бұл сыртқы қабат қана – фильмнің ішіне үңілсең көп зат табасың. Алдымен фильм неге әлемдегі ең беделді киносыйлықты жеңіп алды деген сұраққа жауап тауып көрсек.
Математикалық тұрғыдан алсақ, "Анора" жеңді, себебі ол жыл бойы бүкіл марапатты алды. 2024 жылдың басында әлемдегі ең беделді кинофестиваль – Канн кинофестивалінің бас жүлдесін жеңіп алды. Фестивальдің қазылар алқасының төрағасы Грета Гервиг фильмді 1939 жылғы америкалық классикалық комедия "Ниночкамен" салыстырып, фильмнің энергиясы бүкіл қазылар мүшесін жаулап алғанын атап өтті. Одан кейін қыста "Оскар" үшін талас басталғанда бұл фильм үшінші орында тұрған еді. Бірақ басты үміткерлер "Эмилия Перес" пен "Бруталист" өз кесірінен жарыс жолынан шығып қалды. "Пересті" режиссер мен басты актрисаның атышулы сұхбаттары құртса, ал "Бруталист" фильмді монтаждау кезінде жасанды интелект қолданғаны үшін сынға ұшырады. Осыдан кейін "Конклав" пен "Анора" алға шықты. "Анора" режиссерлер, продюсерлер және сценаристерге арналған өте маңызды Гильдиялардың сыйлығын жеңіп алды. Осының бәрі "Анораның" "Оскардағы" басты жеңісіне септігін тигізді.
Бұл – тәуелсіз кішкентай фильмнің жеңімпазы. Киноакадемия кейінгі жылдары осындай фильмдерге көп көңіл бөледі. "Көшпенділер жері", "СОDA", "Бәрі барлық жерде және бірден" дегендей. "Анораның" бюджеті 6 млн АҚШ доллары ғана. Бұл фильмнің режиссері Шон Бейкер өте қарапайым адам, әр фильміне әрең қаражат тауып жүрген суретші. Оның Карен Карагулян деген досы бар. Ол оның барлық фильміне түскен, себебі сонау студент кезден бері екеуі бірге жұмыс істеп келеді.
"Анора" фильміне келсек, бұл – Күлшеқыздың (Золушка) заманауи интерпретациясы. 21-ғасырдың "Красоткасы". Жаңа заманға байланысты адами қарым-қатынастар да өзгеше. Армандар орындалмайды. Әлем – қатігез, ал ханзада – әлсіз, өтірікші. Басты кейіпкер қыз бүкіл фильм бойы ешкімге сенбейді, тек қорғанумен өтеді. Соңында ғана ашылып, өзіне жақын адамды табады. Фильм шын өмірде көп көріне бермейтін адамдардың өміріне терең үңілуге мүмкіндік береді. Бұл шедевр емес және "Оскарды" тек үздік туындылар алады деген ой да қате. Бұл – өте жақсы жасалған, түсірілген картина және ұтып алған барлық "Оскарға" лайық туынды".
"Үздік өнер туындысы емес"
Думан Рамазан, жазушы:
– Кинорежиссер және сценарист Шон Бейкердің "Анора" фильмі "Оскар" алатындай сондай бір үздік өнер туындысы деп айта алмаймын. Оқиға желісі, сюжеті қарапайым, тіпті қарабайырлау десек те болатын шығар. Жаңалықты тағы байқамадым. Күнде болмаса да, жиі еститін оқиға. Әрине, айтар ойы бар, мән-мағына артуға тырысқан. Артистер де бірсыдырға ойнайды. Әрине, шынайы һәм сенімді шыққан. Бірақ өз рөлін жандырып жіберген артисті тағы байқамадым. Бәрі де кәдімгі ортаңқол артистер секілді көрінді. Әйтеуір, киноға да, артистердің ойынына да көңілім толған жоқ.
Сонда "Жылдың үздік фильмі", "Үздік режиссер", "Үздік сценарий мен монтаж", "Үздік актриса" аталымдары бойынша жеңімпаз атанған фильмнің құдіреті неде деп көп ойландым.
Жиырма бірге келсе де ештеңе ойламайтын, ой-санасы жетілмей, адамдық тұлғасы дамымай, сәби қалпында қалып қойған ақымақтау Иван Захаровтың (бас кейіпкер) көркем бейнесін керемет сомдаған. Олигарх әкесінің ақшасын оңды-солды шашып, қызық қуып, көңіл көтерумен күн өткізетін шолжаң ұлдың іс-әрекетінен, жүріс-тұрысынан, тіпті сөйлеген сөзінен есірік жанның ерсіліктері көрініп тұрады. Ішімдік ішу, есірткіге елігу, жас баланың ойындарын ойнау, әрине, болашағы бұлыңғыр адамның ермектері екені бесенеден белгілі. Түнгі клубтардың бірінде жеңіл жүрісті Анора атты қызбен танысып, оны үйіне шақырады. Артынан оған ғашық болып қалады да, "Маған күйеуге шық" деп сөз салады. Екеуі үйленіп, неке қияды. Бұл жаңалықты естіген Иванның ата-анасы оларды ажыратуды ойластырады. Ақырында өздері келіп, ажырастырып, ұлдарын алып кетеді. Ал Анора жалғыз қалады.
Америкалық фильмдердің маған ұнамайтын бір жері, адам тәнін жалаңаштап, эротикалық көріністерді қымсынбай көрсетіп, ашық-шашық түсіретіні. Қазақ болғаннан кейін ғана емес, өзім де шығармашылық иесі болғандықтан жалпы осыны мүлде қабылдай алмаймын. Өйткені өнерде кез келген нәрсені ыммен-ақ түсіндіріп, ишарамен-ақ көрсетуге болады ғой. Жалпылай алғанда, өнерде ашық-шашықтан гөрі, ым мен ишаралардың әсерә күшті. "Анорада" осындай адам тәнін жалаңаштап, төсектегі эротикалық көріністерді көрсететін жерлері өте көп. Бәлкім, сонысымен аталмыш сыйлықты берушілердің талғамы мен талабын қанағаттандырып тұр ма екен? Кім білсін. Әйтеуір ғажап бір өнер туындысын көре алмадым. Тұшына алмадым, – деп жазды ол Facebook парақшасында.
USD:
506.1 / 508.9
EUR:
590.5 / 595.5
RUB:
6.51 / 6.63