USD: 485.1 / 488.1
  • EUR: 560.5 / 565.5
  • RUB: 6.39 / 6.51
Тікелей эфир
Алматы +25C
Все города

"Баршаға қолжетімді бола түседі". Алматыға жаңа тау шаңғысы курорты не үшін қажет

"Баршаға қолжетімді бола түседі". Алматыға жаңа тау шаңғысы курорты не үшін қажет
Жобалық қуатқа жеткенде курортқа жылына 1 миллионға дейін шетелдік турист келеді.

Алматы – қала орталығынан тау шаңғысы беткейіне 40 минут ішінде жетуге болатын санаулы қалалардың бірі. Мұндай артықшылыққа қарамастан, бүгінде агломерацияның бүкіл тау шаңғысы жүктемесі іс жүзінде бір ғана курортқа – "Шымбұлаққа" түсіп отыр. Курорт әкімшілігі жарияялаған деректерге сәйкес, 2025 жылы курортқа 1,5 млн адам келген. Ал тәуліктік жобалық қуаты небәрі 6 мың адамды қамтыса, ал шын мәнінде күніне 12-15 мыңға дейін жетеді. Сондықтан Алматы көптен бері екінші, үлкен әрі заманауи курортты қажет етеді. Тау туризмі мамандары да, экономистер де, спорт ұйымдары да мұны бір ауыздан айтып келеді.

Қырғызстан Қаракөл мен Жырғалаңды қарқынды дамытып жатыр. Өзбекстан Амирсойға қаражат құйып жатыр. Грузия Гудаури мен Бакурианиді жаңғыртуда. Армения Цахкадзорды қайта көтеріп жатыр. Көрші мемлекеттің әрбірінде экспортқа бағдарланған өз тау шаңғы курорты жобасы бар. Ал Қазақстанда жүктеме тек бір ғана "Шымбұлаққа" түсіп отыр. Ал сұраныс өте жоғары.  

Дәл осы сұранысқа жауап ретінде Almaty Superski жобасын ұсынылып отыр. Жобаның атқарушы директоры Ержан Еркінбаев бұл жай курорт емес, Алматының жаңа экономикалық орталығынына айналатынын айтып отыр.

Жоба идеясы: тау бәріне қолжетімді болуы керек

Almaty Superski концепциясы экономика мен спорттан бұрын әлеуметтік қағидатқа сүйенеді. Жоба ұстанымына сәйкес Алматының ортақ байлығы саналатын тау бәріне қолжетімді болуы керек дейді.

"Тау – Алматының барлық тұрғынына ортақ байлық. Сондықтан да олармен қалай қарым-қатынас жасайтынымыз туралы әңгіме шынайы, ашық және фактілерге негізделген болуы керек. Тау сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде бәріне қолжетімді болуға тиіс. Тауға көтеріліп, туған өлкенің сұлулығын көру мүмкіндігі жасқа, денсаулық жағдайына немесе дене дайындығына байланысты болмауға тиіс", – деп атап өтті ол.

Жоба осы қағидатқа сүйенеді. Курорт алдымен жаңадан бастаушыларға, балалы отбасыларға, зейнеткерлерге және мүмкіндігі шектеулі адамдарға бағдарланған. Мектепке дейінгі жастағы балалар, мүгедектігі бар адамдар және зейнеткерлер бірқатар нысандарға тегін кіре алады.

Курорт қандай болады

Almaty Superski техникалық-экономикалық негіздемесі шеңберінде жалпы ауданы шамамен 42 мың гектар болатын тоғыз балама алаң талданды. Олар – Тұйықсу, Үлкен Алматы көлі, Түрген, Бұтақты және басқалары. Климаттық, рельефтік және инфрақұрылымдық критерийлер жиынтығы бойынша таңдау 1 022 гектар алаңға түсті. Бұл – Іле Алатауы ұлттық саябағы аумағының 0,5 пайызына жетпейтін орын. Тікелей құрылыс небәрі шамамен 20 гектар жерді қамтиды, яғни курорттық аймақтың 2 пайызынан аз. Жер ұлттық саябақ құрамынан шығарылмайды, жобада жеке коттедждерге және қоршаулар салуға тыйым салынған.

Жобада мынадай негізгі параметрлер қарастырылған: 17 қанат жолы (соның ішінде заманауи 3S жүйелері), 60 шақырымнан астам тау шаңғысы трассалары, тәуліктік өткізу қабілеті – шамамен 15 мың адам, жыл бойғы инфрақұрылым – жаяу жүргіншілерге арналған бағыттар, велосипед трассалары, бақылау алаңдары, гастрономия мен сервис нүктелері. Маңызды көрсеткіш – трассалардың 60 пайыздан астамы "жасыл" және "көк" деңгейдегі, яғни жаңадан бастаушылар мен балалы отбасыларға арналған.

"Almaty Superski – Шымбұлақтың көшірмесі емес. Бұл – басқа буын курорты. Тек дайындалған шаңғышыларға ғана емес, бірінші кезекте бұқаралық туристке, отбасыға, жаңадан бастаушыға бағдарланған. Біз Шығыс Еуропа мен Кавказ курорттарымен бәсекеге түсетін өнім жасап жатырмыз", – деді Еркінбаев.

Қауіпсіздік мәселесі

Курорт болмауы тауға баруды тоқтатпайды — тек оны қауіпті етеді. Соңғы маусымдар бойынша Алматы маңайындағы тауларда кәсіби құтқарушылар 400-ден астам құтқару операциясын өткізіп, 600-ден астам адамды құтқарды. Олардың басым бөлігі — дайындықсыз, белгіленбеген маршруттарға шыққан туристер.

"Туристер тауға дайындықсыз барса аяғы қайғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін. Ал жабдықталған курортқа бару – индустрия. Біздің міндетіміз – туристер ағынын бірінші санаттан екінші санатқа көшіріп, оған қоса мемлекеттің құтқару қызметтеріне түсетін жүктеменің бір бөлігін алып тастау", – дейді Ержан Еркінбаев.

Хайкингтік инфрақұрылым мен қауіпсіздік стандарттарын үйлестіруге 8 мың метрден биік 14 шыңға шыққан альпинист Мақсұт Жұмаев тартылды. Жоба маршруттарды жасауды, гидтерді даярлауды, навигацияны және визит-орталықтарды қамтиды.

Экология

Жобаның экологиялық моделі Альпі тәжірибесіне сүйенеді. Еуропа Альпісінде 1 100-ден астам тау шаңғысы кешені ұлттық саябақтармен және қорықтармен үйлесімде жұмыс істейді. Almaty Superski-ге де сол қағидат енгізілді. Күрделі құрылысқа бөлінген жер 2 пайыздан аспайды, орман жамылғысын сақтау, су мен ағынды судың тұйық жүйелері, заманауи қарландыру технологияларының есебінен су тұтыну 60 мың текше метрге дейін қысқартылды.

"Альпі тауларында бір мезгілде ұлттық саябақтар, қорықтар әрі бүкіл өңірлер тіршілік ететін курорттар орналасқан. Бұл – тау шаңғысы индустриясы мен табиғатты қорғаудың үйлесімді бола алатынының дәлелі. Бар мәселе – жобалау сапасы мен мемлекеттік бақылаудың қатаңдығында",– деп атап өтті Еркінбаев.

Жеке тарау — қар барысы. Жоба ареалды сақтауды міндет ретінде формальдандырып, тұрақты мониторингті экологиялық бағдарламаның бір бөлігіне айналдырды. Ғылыми жабдықтау деңгейінде Зоология институтымен, Топырақтану институтымен, Мұздықтану институтымен, Археология институтымен және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен жұмыс жүргізіліп жатыр.

Экономика: 5 мың жұмыс орны және 1 миллиард доллар

Almaty Superski экономикалық моделі үш сан төңірегінде құрылған:

  • біріншіден, жобалық қуатқа жеткенде жылына 1 миллионға дейін шетелдік турист;
  • екіншіден, шетелдік қонақтың тау шаңғысы курортындағы орташа шығыны – тәулігіне шамамен 300 АҚШ доллары;
  • үшіншіден, нәтижесінде тікелей экономикалық эффект – жыл сайын шамамен 1 миллиард доллар. Бұған қонақ үй бизнесіндегі, қоғамдық тамақтанудағы, көліктегі, бөлшек саудадағы және айналадағы ауыл шаруашылығындағы мультипликатор кірмейді.

Курорт сонымен қатар 5 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын ұсынады. Нұсқаушылар, құтқарушылар, IT-инженерлер, қонақжайлық менеджерлері жұмысқа тартылады.

"Бұл – "құрылыс үшін құрылыс" емес, қызмет экспорты, валюталық түсім және өңір бюджетіне тұрақты салықтар. Туризм – Қазақстан әлеммен тең дәрежеде бәсекеге түсе алатын аз ғана салалардың бірі. Ал тау туризмі – оның ең жоғары маржиналды сегменті", – деп атап өтті жоба басшысы.

Спорт: автобуспен жететін базадан чемпиондар шығады

Жобаның тағы бір қыры – балалар-жасөспірімдер арасындағы тау шаңғысы спортын қолдау. Австрияда жыл сайын шамамен 80 мың, Швейцарияда 128 мыңға жуық оқушы мектеп бағдарламалары аясында шаңғы тебеді. Қазақстанда мұндай көпшілік мектеп қозғалысы жоқ, себебі оған арналған қолжетімді инфрақұрылым жоқ. Almaty Superski бірден мектеп бағдарламалары мен жасөспірімдер құрамасының жаттығу базасын ескере отырып жобаланған.

"Егер біз Қазақстанда тау шаңғысы пәндерінен өзіміздің олимпиадалық чемпиондарымыз пайда болуын қаласақ, бастау нүктесі – ұлттық құрама команда емес, оқушылар автобуспен жете алатын курорт болуы керек", –дейді Еркінбаев.

Имидж: Алматы – Орта Азияның таулы астанасы

Геосаяси және туристік логика да жобаны қолдайды. Көрші елдер тау бағытында жүйелі түрде жұмыс істеп жатыр: Қырғызстан Қаракөл мен Жырғалаңды дамытып жатса, Өзбекстан Амирсойға инвестиция құйды. Грузия Гудаури мен Бакурианиді жаңартып отыр, ал Армения Цахкадзорды көтерді. Алматы тарихи тұрғыдан өңірдің тау шаңғысы астанасы болғанымен, бұл мәртебе ұзақ уақыт бойы заманауи өніммен бекітілген емес.

"Алматы қаласы тарихи тұрғыдан өңірдің тау шаңғысы астанасы болғанымен, әлемдік деңгейдегі заманауи өнім ұсынбасақ, туристік ағынды мұндай өнім бұрыннан бар елдерге беріп қояды", – деп ескертті жоба басшысы.

Дәл осы себептен Almaty Superski Альпі, Шығыс Еуропа және Кавказ үлгілеріне бағдарланып жобаланған. Инсбрук бір ғасыр бұрын тауларды қаланың бірегейлігінің орталығына қойды. Ал Давос халқы он мың адам болғанымен, бүкіл әлем білетін брендке айналды. Алматыда сол масштабқа шығуға материалдық негіз бар.

Жоба негізіндегі тағы бір принцип – бір орталықтан басқарылмайды, оған профильді институттар мен қоғамдық ұйымдар кеңесші ретінде кірген. Жобаны ғылыми тұрғыдан бағалауда – Зоология, Топырақтану, Мұздықтану, Археология институттары және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ. Спорттық және қоғамдық деңгейде – альпинист Мақсұт Жұмаев (қауіпсіздік және хайкинг), велосипедші Виктор Кагаров (велосипед бағыттары), суретші Санжар Жұбанов (мәдени қабат, петроглифтер), Алматы қалалық мүгедектер қоғамы (инклюзия) тартылға. Жобаны үйлестіретін Іле-Алатауы үйлестіру кеңесі құрылып, оны қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан басқарады. Almaty Superski бас директоры Ержан Еркінбаев диалогқа дайын екенін айтып отыр.

Қорытынды: жоба қалаға ұсынылды

Алматы – әлемде орталықтан 40 минут қашықтықта тау шаңғысы беткейі бар санаулы мегаполистердің бірі. Бұл ресурс отыз жылдан астам уақыт бойы сұранысқа толық ие болған жоқ. Almaty Superski оны қалаға – отбасыларға, балаларға, спортшыларға, кәсіпкерлерге, қалалықтарға және қала қонақтарына қайтаруды ұсынады.

"Он, жиырма немесе отыз жылдан кейін балаларымыз бен немерелеріміз бүгінгі пікірталастың қаншалық даулы қатты болғанын бағамдамайды. Олар біз табиғатты сақтай алдық па, тауларды қолжетімді ете алдық па және қаланың дамуы үшін мүмкіндіктер жасай алдық па деген сұраққа жауап берген кезде ғана бағалайды", – дейді Еркінбаев.

Бұл жолда бір маңызды қадам жасалды: жоба қала тұрғындарына ашық ұсынылды. Жақын арада Алматыда Almaty Superski бойынша қоғамдық тыңдау өтіп, онда жоба басшысы Ержан Еркінбаев экологиядан экономикаға, балама алаңдардан құрылыс параметрлеріне дейінгі қойылған сұрақтың бәріне жауап берді. Оның жауаптары дәйекті, нақты, цифрларға және құжаттарға негізделген. Қала тұрғындары мұндай ашықтықты жоғары бағалап, жобаны қолдайтындарын білдірді. Көкжайлау төңірегіндегі ондаған жылдық пікірталас жаңа сапаға – нақты дәйектер мен ортақ шешімдер деңгейіне көтерілді.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау

Өтініш беру себебін сипаттаңыз