Тікелей эфир

Ауыл баласына үміт сыйлаған Mynbala: Тиктокхаус 2022 жылды қалай қорытындылады?

Сурет: Mynbala House
Сурет: Mynbala House
Идея авторы екінші маусымда жобаның форматы өзгеретінін айтты.

Mynbala House командасы талантты да талапты жастарды іздеп тауып, олардың шығармашылық қабілетін шыңдау және жаңа digital жұлдыздарды әлемге таныту мақсатында Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап жүріп кастинг өткізді. Жаңаөзен, Тараз, Қарағанды, Атырау, Қызылорда, Екібастұз қалалары және Ұлытау, Абай, Жетісу, Батыс Қазақстан, Түркістан және Павлодар облысында өткен кастингке мыңдаған бала қатысып, ішінде ерекше өнерімен тәнті еткен 20 бала тиктокхаустың қатысушысы атанды. Түрлі маманнан білім алып, аз уақытта қазақстандықтардың жүрегін жаулап үлгерген жасөспірімдер Алматыда өткен Mynbala House қорытынды кешінде жеткен жетістіктерінің нәтижесін бөлісіп, жиналған қауымға өнерін паш етті.

Қазақстандағы тұңғыш қазақ тіліндегі тиктокхаустың басты мақсаты – дарынды жастарға жағдай, қаржылық қиындық, қоғамның қабылдай алмауы және өзге де қиындықтарға қарамастан топжарып шығатынын дәлелдеу, осы жолда Tiktok желісінде қазақ тілінде сапалы контентті көбейтіп, ана тілдің мәртебесін көтеру.

Жоба идеясының авторы Самал Ибраева елдегі бірегей жобаға демеуші іздеу мәселесінің ұзаққа созылғанын айтады. Бір жылға жуық уақыт пен табанды еңбектің нәтижесінде Astana IT University мен "Халық" қоры ұсынысты қабыл алған.

"Трендтегі платформалар әрдайым ауысуы мүмкін, сол себепті мәселе тиктокхаус немесе қазіргі сәннен қалмауда емес. Жобаның басты ниеті – ауылдан шыққан қазақ жастарына өзі мен өз талантына арқа сүйей отырып жетістікке жете алатынына үміт сыйлау, аз ғана демеудің өзінде зор табысқа жете алатынын дәлелдеу. Жобаның басы-қасында жүріп көп еңбек сіңірген продюсер Абай Сейфулла екеуміз Қазақстанның түкпір-түкпірінен шыққан балаларды бір шаңырақтың астында жинап, тың форматтағы түсірілімдер жасап көрдік. Бұл бастамасы ғана", – деді Самал Ибраева. 

Сурет: Mynbala House

Мұнымен қатар, жоба жетекшісі күн сайын әлеуметтік желіде Mynbala House мүшесі болғысы келетін жастардан мыңдаған хат келіп түсіп жатқанын бөлісті. Осы жастарға да мүмкіндік беру мақсатында жобаның ауқымын кеңейтуді өз міндеті деп санайтынын жасырмады.

"Осы орайда, жобаны ары қарай да кеңейтіп, өнерлі қатысушыларды продюсерлермен қауыштырып, бейнебаян, телехикая, фильм түсіруді жоспарлап отырмыз. Қазіргі геосаяси ахуал секілді көптеген сылтауға қарамастан, қазақ тілі, діліміз және тарихымызды дәріптейтін жобаларымыз жалғаса береді. Кімнің және қалай түсіретіні маңызды емес, бастысы бізде мұраты ортақ осындай жобалар көп болуы керек. Аз уақытта туған сіңілім, бауырымдай болып бауыр басқан Mynbala House мүшелеріне алғысымды білдіремін", – деді Самал Ибраева. 

Сурет: Mynbala House

Кеш қонағы болған Astana IT University өкілдері Дәурен Жәкебаев пен Богдан Петров IT саласының үздігі атанғысы келетін жастарға әрдайым қолдау білдіруге дайын екенін мәлімдеп, университет грантын иеленген қатысушының есімін жариялады. Грантты 20 қатысушының ішінен топжарып шыққан, дәл қазір Жезқазған колледжінің "Ән салу" бөлімінде білім алып жатқан Әдемі Мақсұтова иеленді.

"Astana IT University атынан Mynbala House жобасының жетістігімен шын жүректен құттықтаймыз! Ерекше зеректік пен ақпараттық технологияларды ұштастыра отырып қоғамымыз үшін жоғары сападағы контент жасап отырсыздар. Сіздерді университетімізге осы күнге дейін жинаған білімді шыңдауға шақырамыз. Осындай ұлттық дәстүрлерімізді дәріптейтін, мемлекеттік тіліміздің дамуына үлес қосатын жоба дами берсін. Ал гранттың иегері Әдемі Мақсұтованы құттықтай отырып, жобадағы жұмысына сәттілік тілейміз", – деді Дәурен Жәкебаев. 

Сурет: Mynbala House

Бүгінде әлеуметтік желіні қазақ тіліндегі ән өнері, make-up контенттерімен байытып жүрген Әдемі Мақсұтова жобаға қалай келгенін баяндап, өзіне таптырмас мүмкіндік сыйлаған жандарға алғыс айтты.

"Mynbala House кастингіне қатысуға бір шаңырақ астында бірге тұрып жатқан жеңгем себепші болды. Ол кісі менің Tiktok түсіруге деген қызығушылығымды білетін, Динара Сәтжан ханымның сторисінен осы жоба туралы естіп, кейін өтінім жібердім. Mynbala House командасы Жезқазғанға келген соң кастингке қатысып, Ұлытау облысынан іріктеуден өткен жалғыз қатысушы болдым. Бүгін, міне, Астанадағы алдыңғы қатардағы университеттердің бірінде үш жыл тегін білім алу мүмкіндігін иеленіп отырмын. Мен бұл жобаны Алланың берген бағы деп білемін. Шыны керек, орталық өңірден болған соң, орысша сөйлейтініміз бар. Ал бұл жобаға келгелі кәсіби білім алып қана қоймай, иісі қазақ қатысушылардан көп нәрсе үйрендім. Жалғыз емес екеніңді, мақсат-мүдделес адамдардың бар екенін білу – жүрекке сенім сыйлайды. Ең бастысы, танымалдылық бізді өзгерте алмайды, біз ешқашан жұлдыз ауруымен ауырмаймыз", – деді Әдемі Мақсұтова.

Мыңдаған баланың ішінен топжарып шыққан Жетісай тумасы Мәдина Мысырқызы осы күнге дейін өнер жолын таңдауына қарсы болған ата-анасының қазақы жобаға қуана келісімін бергенін бөлісті. Айтуынша, жоба осы күнге дейін бойында бұғып жатқан талантты көпшілікке паш етуге себепші болған. Әр қалада жанкүйері барын білгенде ерекше қуанғанын жасырмайды.

"Құрбым екеуміз келгенде кастинг аяқталған екен. Десе де жоба командасы бізбен сұхбат өткізіп, өнерімізді тамашалады. Шыны керек, камера алдында өзімді қалай ұстауым керегін осы жобаға келіп үйрендім, кәсіби SMM мамандардан мол білім алдым. Қазақстанның көптеген өңіріне барып фан кездесу өткізген кезде жанкүйерлеріміздің көп екенін көріп қатты қуандым. Әсіресе, Жаңаөзен жастары бізді жылы қарсы алды. Олардың жылы сөзі әлі күнге дейін жанымызға демеу болып келеді", – деді Мәдина Мысырқызы.  

Сурет: Mynbala House

Талдықорған тумасы Бекзат Рашидов Mynbala House жобасының сөз жетпеген жерде би өнерін пайдалануға мүмкіндік беретінімен құнды екенін айтады. Алда үш жылын осы жобамен байланыстырып, қазақтың дәстүрлі әндері мен күйлерімен би құрастырмақ. Ғалымжан Молданазардан үлгі алып укулеледе ойнап, ән салатын Жаңабек Қанабек жобаның қосымша табыс тауып, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды жақсартуға да мол үлесін қосып отырғанын бөлісті.

Сурет: Mynbala House

Қызылорда қаласының тумасы Диас Қалтай да өзінің жүргізіп жүрген конентінің мазмұнына қарамастан, түрлі компаниядан жарнамаға түсуге ұсыныс келіп жатқанын айтты.

"Бала күнімнен ата-бабамыздың ел мен жерді қасық қаны қалғанша қорғап, ұлттық идеологиямызды қалыптастыруға мұрындық болғанын тыңдап өстім. Бұдан бөлек саяхаттағанды, өзге елдердің мәдениеті мен тыныс-тіршілігін зерттегенді жақсы көретіндіктен, тарих және география пәндері бойынша контент құруды жөн көрдім. Контентімнің мазмұнына қарамастан, маған әртүрлі компаниядан ұсыныс түсіп, жуырда жарнамаға түсіп те үлгердім", – деді Диас Қалтай. 

Сурет: Mynbala House

Аз уақытта біртуған жандардай бауыр басып кеткенін қатысушылар да жасырмайды. Mynbala House мүшесі Жұмахан Бексұлтан жобаның цифрлық білім ғана емес, ерекше сыйластыққа толы орта сыйлағанын айтады.

"Тиктокхаустың әр мүшесінің өзіндік орны бар. Әрқайсымыздың әртүрлі контентке жауап беретінімізге қарамастан, мақсат-мүддеміз бір – бойымыздағы бар талант арқылы қазақ тілінің мәртебесін көтеру, қарапайым ауыл жастарының да биік шыңды бағындыра алатынын дәлелдеу. Арамызда Зеңгір Рахатқызы, Нұрбек Қабдиев, Жанабек Қанабеков, Күлтегін ерекше талантының арқасында заманауи рэп, хип-хоппен қатар қазақ халық әндерін жастар арасында хитке айналдырып жүр. Дәл осындай қарыс қадамдар арқылы үлкен мәселелердің шешіміне өз үлесімізді қосқымыз келеді. Ең бастысы, Mynbala House бізге достық пен сыйластыққа толы орта сыйлады. Осындағы 20 бала бір шаңырақтың баласындай татумыз, бір-бірімізге әрдайым қол ұшын созуға дайынбыз. Бұдан өзге бір айда 14 қала және ауылдарды аралап жүріп өзімнің мамандығыма, ақылға азық, қиялға қазық болатын дүниелерді түйдім", – деді Жұмахан Бексұлтан.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от ҚАЗАҚША TIKTOK HOUSE (@mynbala_house)

Жоба қатысушысы Жетісай қаласының тумасы Нұрбол Құралов та басқа тиктокхаустан айырмашылық – қазақстандық балалардың бір үйдің баласындай күш біріктіре алғаны екенін айтады. 

"Екі апта ішінде қатысушылармен бірге Қазақстанның үлкен-кіші – барлық қаласы мен ауылын араладық десем өтірік емес. Әр жақтан жиналып мың болдық, жұмыр жұдырық болдық. Бір-бірімізге бауыр басып, қуанышын бөлісіп, қиналған сәтте қол ұшын созатындай жағдайға жеттік. Сондай-ақ, осы жобаға келгелі әлеуметтік желіге деген көзқарасым өзгеріп, ұлттық тілімізді дәріптеуге тікелей атсалыса алатынымызға көзім жетті. Қатарластарым, іні-қарындастарым Tiktok желісінде көп отыратындықтан, контент үшін алаңдайтыным рас. Ең бастысы Mynbala House маған жаңашылдықтан қорықпау керегін үйретті", – деді Нұрбол Құралов. 

Тағы бір қатысушы 18 жастағы Зеңгір Рахатқызы жобаның өзі таңдаған мамандықты қатар алып жүруге көп септігін тигізіп жатқанына, қазақы контентті ел аумағында ғана емес, шетелде де дамыту аса маңызды екеніне тоқталды. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от ҚАЗАҚША TIKTOK HOUSE (@mynbala_house)

"Құдайға шүкір, осы күнге дейін 20 қатысушы арасында көреалмаушылық деген болған емес, керісінше бір-біріміз үшін әрдайым қуанып, моральдық тұрғыдан болсын, заттай болсын көмек керек болса, қол ұшын созуға асығамыз. Өзім Алматы қаласында актриса мамандығы бойынша білім алып жатырмын. Mynbala House жобасына балалардың танымалдылығын арттыруға бағытталған жоба деп қарау орынсыз болатын еді. Бұл – мақсат-мүддесі бір қазақ жастарын бір арнаға тоғыстырған, әртүрлі сала бойынша білімді шыңдауға, ұлттық идеологиямызды нығайтуға бағытталған жоба. Осы үшін де жоба ұйымдастырушыларына ерекше алғыс айтқым келеді. Бұл біз үшін Жаратқан берген сый десек те болады", – деді Зеңгір Рахатқызы. 

Сурет: Mynbala House

Mynbala House командасы мен қатысушыларына қолдау білдіруге келген танымал мобилограф Қыран Талапбек жастарды әрдайым армандауға, осы жолда тынымсыз еңбектенуге шақырды.

"2000 жылдары қазақ баласы үшін қиын кезең болды, орысша білмегендерге менсінбей қарайтын. Ал қазақ тілінде контент жүргізудің өзі арман еді. Алматыға алғаш келгенде ағылшын түгіл, бірауыз орысша білмедім. Сол сәттерде туған елімізде өз тілімізде емін-еркін сөйлейтін күн әлі-ақ туады деп сендім. Дәл осындай қазақ тілі мен ділі үшін жанын беріп отырған жоба ұйымдастырушылары мен қатысушыларына алғыс айтамын. Сіздерге шабыт сыйлау мақсатында басымнан өткен бір оқиғаны бөлісейін. Осыдан үш жыл бұрын президенттің жеке мобилографы болып, №1 бортта контент түсіруді армандадым, қалай жұмыс істеп жатқанымды әрдайым көз алдыма елестететінмін. Күні кеше ғана осы арманым орындалып, Өзбекстаннан келе жатырмын. Бірнеше жыл бұрын бұл арманымның орындалатынына анам да сенбеген екен, бірақ іштей осы мақсатқа жететініме еш күмән болмаған еді. Сол себепті қандай жағдай болмасын, арманға қарай жүруден қорықпаңыздар, өздеріңізге сеніңіздер!" – деп қанаттандырды Қыран Талапбек. 

Серіктестер жаңалықтары