Тікелей эфир

Алматыда әйелдер митингке шықты. Олардың талаптары қандай

Фото: Informburo.kz
Фото: Informburo.kz
Бейбіт жиынға елуге жуық адам жиналды.

7 наурыз күні Алматыда Махатма Ганди саябағында "Әйелдердің лайықты өмірі үшін" тақырыбында рұқсат етілген митинг өтті. Қатысушылар заң жүзінде неке шартын енгізу, ажырасқан кезде мүлікті бөлгенде балалардың құқығын ескеру, әйелдердің зейнетке шығу жасын төмендету, алимент төлемейтіндерге қатысты заңды қатаңдату секілді бірқатар мәселелерді көтерді. 

"Рахым" әлеуметтік үйінің басшысы, Amanat партиясының жанында жұмыс істейтін отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі өңірлік қоғамдық кеңестің мүшесі Бибінұр Шералиева 19 ақпан күні Алматы қаласының әкімдігіне митинг өткізуді келісу туралы хабарлама беріп, 21 ақпан күні әкімдіктен рұқсат берілді деген жауап алған. 

Митингте әйелдер сахнаға шығып, сөз алды. "Реванш" қорының жетекшісі Елена Билоконь сотталған әйелдердің құқығын қорғау, ВИЧ жұқтырған әйелдерге қауіпсіз орта құру қажет екенін айтты.

"26 жылдан бері ВИЧ-пен өмір сүріп келе жатырмын. Қоғамнан, медицинадан кемсітушілік көрдім. ВИЧ жұқтырған әйелдер өзін қауіпсіз сезінетіндей орта құрып, олар мемлекет тарапынан қорғалғанын сезінуі керек", – деді ол.

Фото: Informburo.kz

Ұйымдастырушылардың сөзінше, митинг мақсаты – ажырасу санын қысқарту, ата-ана және бала деген дәстүрлі отбасы жүйесін қолдау, некеде де, ажырасқанда да әйелдің қорғалуы. Сөз алғандардың арасында баспаналарды қарыз жүктемесін азайта отырып меншік иелеріне беру, банктегі қарыздарды шегеру мәселелерін көтерді. Соған сай жазуы бар плакаттар ұстап шықты.

Дария Рось митинг кезінде "әкімдік әйелдерден қорқады" деп жазылған плакат ұстап, жалғыз адамдық пикет жасады. Ол жыл басынан бері пикет өткізуге төрт рет өтінім берген. Төртеуінде де әкімдік "орындалды" деп жауап берген. 

"Менің пикеттеріме де, 8 наурызға жоспарланған митингке де рұқсат бермеді. Ешқашан заң бұзбадым. Кейінгі жылдары билікке қатысы бар митингтерге ғана рұқсат беріліп келеді. Белсенділердің бір өтінімін де мақұлдамады. Алматы әкімдігі белсенділердің митингіне рұқсат бермейді, өйткені не айтады екен деп қорқады. Пикет өткізу туралы хабарламама "орындалды" деп жауап берді. Рұқсат берді ме, жоқ па, белгісіз. Бүгінгі митинг ұйымдастырушыларын танымаймын, бірақ олар өз ойын айтуға құқылы. Қазақстанда жалғыз адамдық пикетке тыйым салынғандықтан тек бүгін ойымды білдіре аламын. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңды қатаңдатуды талап етемін. Қаншама әйел үйінде көз жұмып жатыр", – деді Дария Рось.

Пикетке шыққан Дария Рось / Фото: Informburo.kz

"Не молчи" деген плакат ұстаған Сюзанна митингтің өтетіні туралы әлеуметтік желілерден білгенін және саналы түрде өз еркімен келгенін айтты.

"Өкінішке қарай, сахнаға шығып ойымды айта алмаймын. Тұрмыстық зорлық-зомбылық, адам зорлау тақырыптары аз қозғалатыны алаңдатады. Жәбірленушілердің бәрі бірдей көмек ала алмайды, ал қылмыскер жазалана бермейді", – деді ол.

Фото: Informburo.kz

Ерлан болса митинг өтетіні туралы хабарды үш күн бұрын Instagram желісінде көрген. 

"Паркке жақын жерде жұмыс істеймін. Музыка естілген соң не айтады екен деп келдім. Әрі жылына бір-ақ рет болатын Қазақстанда әйелдер үшін рұқсат берілген митинг осы ғана. Әйелдердің құқығына қатысты келісетін де, келіспейтін де жерлері бар. Жастар туралы, ажырасу мәселелері туралы айтқаны ұнады. Қазақстанда әйелдердің құқығы мемлекет тарапынан қорғалғанымен, халық арасында қорғала бермейді. Жағдай түзелуі үшін уақыт, түсіністік, мәдениет керек", – деді Ерлан.

Фото: Informburo.kz

Ұйымдастырушы Бибінұр Шералиева бірінші рет митинг өткізіп отырғанын айтып, бейбіт жиында айтылған мәселелер мен ұсыныстар үкімет мүшелерінің құлағына жетеді деп сенеді. Ол митингке көп адам жиналмау себебін де айтты. 

"Мүгедек әйелдерге келіп-кету, ал көпбалалы аналарға үйден шығу қиын. Біз бұл жерге дені сау, жағдайы жақсы әйелдердің емес, әлеуметтік осал топтағы әйелдердің мәселесін көтеру үшін жиналдық. Оларға біздің көмегіміз қажет емес. Қиын жағдайға тап болған, мүгедек бала өсіріп отырған аналарға көмек береміз. Мұндай митинг бірінші рет өткізіп отырмын. Қиын екен. Кейінгі бес жылда заңнама деңгейінде көп үлес қостық. Ұсыныстарымыз заң жобасына енген соң билік бізге көңіл бөле бастады. Митингте айтқан ұсыныстарымыз, көтерген мәселелер үкіметке жетеді", – деді ұйымдастырушы.

Бибінұр Шералиева / Фото: Informburo.kz

Айта кетсек, Алматы қаласы әкімдігі феминистік белсенділердің 8 наурызда "Қазақстандық әйелдердің қауіпсіздігі үшін" тақырыбында өткізуге өтініш берген митингіне рұқсат бермеді. 

"Оларға рұқсат бергенде біз үндемедік, ал бізге рұқсат бергенде олар мұны тапсырыспен жасалған деп жатыр. Біз көтеріп отырған мәселелерді олар көтермейді. Кеше оларға ұсыныстарыңызды айтыңыздар дегенде ештеңе айта алмады. Өйткені олардың мақсатты аудиториясында көпбалалы аналар, мүгедек бала өсіріп отырған аналар, зейнеткер әйелдер жоқ. Біз атқарған еңбегіміз бен қызметімізге сай осы митингті өткізуге лайық болдық", – деді Бибінұр Шералиева. 

Митинг қатысушыларының арасында ЛГБТ мен феминизмді насихаттауға тыйым салу туралы заң қабылдауды талап етіп, "ЛГБТ – ауру" деген плакат ұстаған ер адам жүрді.

Фото: Informburo.kz

Митинг ұйымдастырушыларын дәстүрлі отбасылық құндылықтар алаңдатады. Белсенді Дильнар Инсенова өзінің консервативті адам ретінде қазақи отбасылық дәстүрлерді қолдайды.

"Еуропада болғанда  ЛГБТ, феминизм қайда апаратынын көрдім. Сондықтан елім үшін алаңдаймын", – деді белсенді. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары