Тікелей эфир

"Аллергия шақырмайды, жүйке ауруларын емдейді". Ғалымдар түйе сүтінің пайдасы туралы әңгімеледі

Фото: Informburo.kz
Фото: Informburo.kz
Бүгінде жер бетіндегі түйе саны 45 миллионнан асады.

Франция халықаралық даму ауыл шаруашылық зерттеу орталығының профессоры, ғалым Бернард Файе әлем бойынша түйе сүтін өндіретін фермалардың көбейіп келе жатқанын айтады. Ғалымның зерттеуінше, бұл оның жүйке жүйесі ауруларын емдеп-жазатынымен тікелей байланысты. 

Бернард Файе қымыз бен шұбатты алғаш рет осыдан 23 жыл бұрын Алматы қаласына келгенде ішіп көрген. Бастапқыда ұлттық сусындардың дәмін француз виносына ұқсатқанын жасырмайды.

"Түйе шөппен қоректенетін жануарлар ішінде екінші болып саны жылдам өсіп келеді. Нақты санын ешкім айта алмаса да, бір есептерде әлем бойынша 45 млн екені туралы айтылған. Олардың дүние жүзіне таралуына соғыс, екіншіден – Жібек жолы әсер етті. Қазір Таяу Шығыс пен Африкада түйе өсіретін фермалар көп. Дубай мен Алматыда екі үлкен ферма бар екенін білемін. Қазақстандық ғалымдар қымыз бен шұбатты ары қарай зерттеп, танымал ете түссе, бұл бір экожүйеге ұқсас челленджге айналатыны сөзсіз", – деді Бернард Файе. 

Біріккен ұлттар ұйымының азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымы үшін түйе сүтін зерттейтін профессор Гаухар Қонысбаева шұбатты адамдардың неолит дәуірінен бері тұтынып келе жатқанын айтады. Ғалым түйе сүті ақуызының бірнеше ерекшелігін атады:

  • құрамында β-лактоглобулині жоқ, яғни технологиялық құрылымы айтарлықтай өзгерген;
  • к-казеин концентрациясы төмен: казеин кешеніндегі пропорциялардың орын ауыстыруы;
  • құрамында PTG-пептидогликан атты бірегей ақуыз бар;
  • WAP-сарысу қышқыл блогының рөлі қандай екені белгісіз болса да, ол басқа жануарлардың сүтінде кездеспейді;
  • лактоферрин аса қою емес, бірақ оның биологиялық қасиеттері белсенді;
  • құрамындағы лактопероксидаза ыстыққа аса төзімді;
  • инсулин тәрізді ақуыз бар: мөлшері тым аз (6 КДа);
  • иммуноглобулиндер сиыр сүтіне қарағанда көп.

Оқи отырыңыз: Обыр, аллергия, цирроз. Қымыз қандай ауруларға ем?


"Түйе сүтінің құрамында С және D дәрумендері көп. В3 мөлшері – орташа, ал А және В2 концентрациясы айтарлықтай төмен. Ал қалған дәрумендер көлемі басқа сүттердікімен бірдей. Құрамында в-лактоглобулині болмағандықтан, гиппоаллергенді қасиеттерге ие. Мұнымен қатар гликемияны реттейтін инсулин тәрізді ақуызы бар", – деді Гаухар Қонысбаева. 

Бүгінде Қазақстанда жасалатын шұбат ұнтақтары мен ірімшік Қытай нарығында кеңінен танымал. 

Ағаш ыдысқа құйылған түйе сүті / Фото: depositphotos.com

Иммунитетті нығайтатын шетелдік сүт өндірушісі Максим Миргаязов шұбаттың аутистік ауруларға ем екенін айтады. 

"Жүкті және 6 айдан асқан емшектегі баласы бар әйелдер мен сәбилердің түйе сүтін тұтынғаннан кейінгі жай-күйін бақыладық. Себебі олар түйе сүтін тұтынудың әсерін басқаларға қарағанда тез сезінеді. Нәтижесінде олардан көптеген жақсы пікір алдық. Арасында аутизмге шалдыққан балалардың емделгенін естігенде қатты таңғалып, осы бағыттағы зерттеулерді қолға алдық", – деді Максим Миргаязов. 


Оқи отырыңыз: № 9 диета деген не және қант диабетінен қалай сақтанған дұрыс? Эндокринолог кеңестері


Компания иесі университет базасында үш топқа бөлінген кішкене балалардың қатысуымен зерттеу жүргізгенін айтады. Олар жаңа сауып алынған түйе сүті, пісірілген түйе сүті және пісірілген сиыр сүтін ішкен. Нәтижесінде шұбаттың аутист балаларды емдеуге көмектесетіні анықталған. Ол күйзеліс деңгейін азайтады, антиоксиданттар көп болғандықтан, қимыл-қозғалыс еркін болады. Ішек жұмысын реттеп, гипербелсенділікті төмендетеді. 

"Түйе сүтінің басты қасиеттерінің бірі – аллергия шақырмайтыны. Бұл құрамында казеиннің ең қауіпсіз түрі – А2 бета-казеиннің болумен байланысты. Сондай-ақ құрамында аллергия шақыратын сарыуыз ақуызы β-лактоглобулин жоқ. Осы ерекшеліктерінің арқасында ол ана сүтіне жақын болып келеді. Клиникалық зерттеулер кезінде сиыр сүтіндегі ақуызға аллергиясы бар адамдардың 80 пайызының шұбатты еркін тұтынатыны анықталды. Осы қасиетінің арқасында біз оны аутизммен ауыратын адамдарға қорықпай бере аламыз", – деді сүт өндіруші. 

Түйе сүтінің тағы гипоаллергенді қасиеті бар – құрамында сиыр мен лақ сүтіне қарағанда лактозаның аз болуы. Сондай-ақ түйе сүтінің сарысу ақуызы Е дәрумені және магниймен бірге GSH – глутатион антиоксидантын өндіреді. Ағзада бұл антиоксиданттар жетіспеген кезде адам аутизм секілді жүйке ауруына ұшырайды. Бұдан өзге түйе сүтінің бұл қасиеттері нейро қабынуды болдырмайды. 

"Шұбат аутизм спектрінің бұзылуымен байланысты вирус және бактерияларға қарсы тұра алады. Оны ішу арқылы ішек микробиотасын қалпына келтіреміз. Түйе сүтінің E. coli, H. pylori, MAP және Clostridium spp. C tetani секілді ішек бактерияларын да жоятыны дәлелденген. Соңғы зерттеулерге сәйкес, Clostridium spp. C tetani-дің аутизмнің пайда болуына себепші екені анықталды. Ата-аналар шұбатты бір апта ішкен соң асқазан-ішек жолдарының қалыпқа келетінін айтады", – деді Максим Миргаязов. 


Оқи отырыңыз: Маусымдық аллергия мен астмадан қалай арылуға болады? Аллергологпен сұхбат


 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары