Тікелей эфир

"5 мың кәсіпкер 5 мың ауылды көтерейік". Жақсылық Үшкемпіровтің бастамасы жалғасын тапты

Абай облысы Таскескен ауылындағы концерт
Абай облысы Таскескен ауылындағы концерт
Кәсіпкер Талғат Сақан Абай облысындағы Таскескен ауылын дамытуды қолға алды.

Грек-рим күресiнен тұңғыш Олимпиада чемпионы, Әлем чемпионы, марқұм Жақсылық Үшкемпіровтің "5 мың кәсіпкер 5 мың ауылды көтерейік" деген ұранына үн қосқан кәсіпкер Талғат Сақан өзі туып-өскен Абай облысы Үржар ауданының Таскескен ауылын көркейтуге кіріскен. Ол "Жақсылықтың аманатын" арқалап, Таскескенде ауыл қақпасы мен бәйге алаңын ашып, оған қоса ат шаптырып, той берді. Тек Таскескен емес, көрші Шолпан, Қарақол ауылдары үшін де өзекті су мәселесін шешу үшін аталған үш елді мекенді ауызсумен қамтамасыз етіп отырған су қоймасын жөндеу жұмыстары да қолға алынды. 

Бірден айтайық, бұл тойдың бұрынғы тойлардан мәні де, маңызы да ерекше. 10 мың адамның басын қосқан тойдың мақсаты – елдің еңсесін көтеру, бірлігін арттыру және өзге де кәсіпкерлердің назарын ауыл-аймақтардың қордаланып қалған мәселелерін шешуге бұру болатын. 

Ниеттің ақтығының белгісі болса керек, кей мәселелер той басталмастан бұрын-ақ оңынан шешіле бастаған. Тойдың дүбірі таралысымен, жергілікті билік өкілдері ауыл ішіндегі бес көшенің жөндеу жұмыстарын күрт қолға алып, республикалық маңыздағы Үшарал тас жолы, Семей жақтан келетін тағы бірқатар жолды мерзімінен бұрын ашып қуантқан. 

"Ел біздікі, бәрін биліктен күтіп, иек артып отыра бермей, мен-мен деген кәсіпкерлер жұмыла кірісіп, әрқайсымыз өз ауылымыздың кем дегенде бір мәселесін шешуге атсалыссақ деймін", – деген меценат кәсіпкер, меценат, Q4 Tulpar Auto халықаралық автокөлік сауда үйінің басшысы Талғат Сақан алдағы уақытта үлкен форум өткізуді жоспарлап отыр. 

Форум "Бес мың ауыл – бес мың кәсіпкер: Жақсылықтың аманаты" аталып, елге жанашыр кәсіпкерлердің басын қоспақ. Талғат Сақан бұл форумға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да қатысқанын қалайды. 

"Жоба аясында кәсіпкерлерді барынша өз ауылдарын көтеруге ат салысуға шақыру мақсатымен Президентімізге шақырту жіберіп, ол кісінің қатысуымен дің қатысуымен бизнес форум жасау ниетіміз бар. Оған Айдын Рахымбаев, Бауыржан Оспанов, Иван Сауэр және тағы басқа еліміздің белді де беделді бизнесмендерін, кәсіпкерлерді шақырмақшымыз. Қазақтың 5 мың жігіті болып 5 мың ауылды көтерейік деген бастаманы Парламент депутаттары Нұртай Сабильянов, Дәулет Тұрлыханов ағаларымыз қолдап жатыр. Оған Серікзат Дүйсенғазин, Балғынбек Имашев ағаларымыз да, командам да барынша ат салысамыз деп отыр. Жақсылық ағамыздың кезінде айтқан бұл жүрекжарды арман-тілегі мемлекет тарапынан қолдау тауып, Ұлттық идея деңгейіне көтерілуге лайықты бастама деп білеміз. Оның үстіне қазіргі таңда президентіміздің бастамасымен "Ауыл – Ел бесігі" деген бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Бұл идея жүзеге асырылса, ауылдарымыз гүлденіп, еліміз өркендейді. Бір ауылды бір кәсіпкер көтере алатындығын мысалдар көп. Басқа елдердің тарихынан да ондай дәлелдер жеткілікті. Солардың тәжірибесін пайдаланып, барлық ауылды көтерейік", – дейді ол. 

Осылайша, Талғат Сақан Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің аманатын ұлттық идея деңгейіне көтеруді көздейді. 

Осы ауқымды жоспардың бастамасы ғана болған тойға тек өңір емес, бүкіл республиканың түкпір-түкпірінен қонақтар жиналды. "Ауыл – Ел бесігі" республикалық аламан ақындар айтысы ұйымдастырылып, ат бәйгесі мен балуандар бәсекесі өткізілді. 

Айтыста белгілі ақындар Бекарыс Шойбеков, Балғынбек Имашев, Аманжол Әлтаев, Айнұр Тұрсынбаева, Серікзат Дүйсенғазин, Айбек Қалиев, Жандарбек Бұлғақов, Мұқтар Ниязов өнерін көрсетті. Айтыс ақындары ел бірлігі, елдік пен ерлік, бірлік пен ынтымақ тақырыптарынан өзге айтулы шараға мұрындық болған ауылдардың мәселесін көтерді. Нәтижесінде ақын Сара Тоқтамысова бас жүлдеге ие болып Q4 Tulpar Auto компаниясының атынан темір ақбозатты тізгіндеп қайтты. Мұндай көлік тағы бір айтыскер ақын Балғынбек Имашевқа да бұйырды. Өзге жүлде иелері де құр қайтқан жоқ, жылқы мініп, сый-сыяпатын арқалап қайтты. 

Боз кілемде білекті жігіттер түйе және өгіз балуандарды анықтады. Түйе балуан сыйға көлік мініп, өзге жеңімпаз бен жүлдегерлер ақшалай сыйлыққа ие болды. Аламан, Тай қолтума және Таскескен жүйрігі аталған ат бәйгелерінде де жүйріктердің бәрі автокөлік және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. 

Тұрғындар үшін арнайы ұйымдастырылған концертте Мақпал Жүнісова бастаған әншілер тобы, "Музарт", ұлттық рухты шыңдайтын әндерімен танымал "Алатау серілері" тобы, Қайрат Нұртас сынды эстрада әншілері ауыл тұрғындарынан жиналған 10 мыңға жуық халықтың алдында өнер көрсетті.

"Ақсақалдардың батасын алып, жаңа іске құлшына кіріскелі отырмыз. Біз үшін бастысы – елдің бірлігі. Халық пен билік бір болуы керек. Мәселелерді де бірлесіп шешуі керек", – деді Талғат Сақан. 

Кәсіпкердің Q4 Tulpar Auto компаниясы бүгінде республика бойынша 16 филиалын іске қосып, 350-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр. 4 жылда саладағы ірі компаниялардың біріне айналды. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары