Тікелей эфир

Көлік салығын төлемегендерге 1 сәуірден бастап өсімпұл есептеледі

Бүгін жеке тұлғалар үшін көлік салығын төлеудің соңғы күні.

Бүгін, 31 наурыз – 2020 жыл үшін жеке тұлғалардың көлігіне салық төлеудің соңғы күні. Салық төлеу үшін мемлекеттік кірістер органдарына барудың қажеті жоқ. е-Salyq Azamat мобильді қосымшасын орнатып онлайн төлеуге болады. Екінші деңгейлі банктер қосымшаларында да бұл қызмет бар.Салық кодексінің нормаларына сәйкес әр кешіктірілген күн үшін өсімпұл есептеледі. 

Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында салыққа қатысты бірнеше электронды сервис бар. Сол жерден салық берешегінің бар-жоғы туралы мәліметтерді тексеруге болады. Ол үшін мына сілтеме арқылы өтіп, ЖСН мен суреттегі кодты теру қажет. Сервис келесі мәліметтерді ұсынады:

  • берешек қортындысы, салық сомасы (теңге);
  • мiндеттi зейнетақы жарналары, кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша берешек (теңге);
  • міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар және (немесе) жарналар бойынша берешек;
  • әлеуметтiк аударымдар бойынша берешек (теңге).

Сондай-ақ, eGov порталында да салық берешегі мен өсімпұлдің бар-жоғын анықтауға болады. Портал онлайн режимде төлем жасауға да мүмкіндік береді. Ол үшін ЭЦҚ қажет емес. Бір реттік парольмен кіріп, ЖСН мен суреттегі кодты теру жеткілікті.

Сонымен бірге банктердің мобильді қосымшаларында "Төлемдер" бөлімінен де салық берешектерін тексеріп, төлеуге болады.


Оқи отырыңыз: Көлік салығы қате есептелсе не істеу керек? Жүргізушілерге керек кеңестер


2020 жылға есептелген көлік салығы е-Salyq Azamat мобильді қосымшасының "Алдағы төлемдер" қызметінде орналасқан. Мобильді қосымшаға кіру үшін деректеріңіздің қауіпсіздігі үшін ұялы телефон нөміріңіз мобильді азаматтар базасында  тіркелген болуы керек.

Салық төлеушінің бір қаладан екінші қалаға тұрғылықты мекенжайы ауысқан жағдайда салық төлеу жүйесі автоматты түрде ауысады. Бұрынғы мекенжайы бойынша көлік салығын төлеп қойса, салық қызметкерлері түзету жұмыстарын жүргізіп жаңа мекенжайына жібереді. Сондай-ақ көшкен кезде азаматтарға мемлекеттік нөмірін ауыстыру міндетті емес. Көлік салығы тұрғылықты жері бойынша есептеледі.

Жол-көлік оқиғасынан кейін жарамсыз болып қалған көліктер мемлекеттік тіркеуде тұрса, есептен шығарылғанға дейін салық есептеледі. Жүрмейтін, жарамсыз көлікке салық төлеу туралы көптеген азаматтардан шағым түсіп жатады. Мұндай жағдайда пайдаланбайтын, істен шыққан көлікті есептен шығарып тастаған жөн.
Серіктестер жаңалықтары